2020: Қызылорда облысындағы елеулі оқиғалар – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

2020: Қызылорда облысындағы елеулі оқиғалар

29.12.2020, 12:00

2565 0

Kyzylorda-news.kz. Бірер күннен соң 2020 жылды шығарып салып, Жаңа жылды қарсы алатын боламыз. Биылғы жыл тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге жайсыз болғанымен, ескі әдетімізше, «ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» дегеннен басқа айтарымыз жоқ. Бар қиындықты артта қалдырып, жаңа жылдан күтер үмітіміз көп.

Тышқан жылы әлем есінде «Пандемиямен» есте қалатыны сөзсіз. Ал қызылордалықтар үшін бұл несімен есте қалды? Сыр өңірінде Covid-19 вирусынан өзге қандай жаңалықтар орын алды? Жаңа жыл қарсаңында 2020 жылға бір шолу жасасақ.

Әміреев әңгімесі

Қаңтар айында Қызылорда облысы әкімінің аппарат басшысы Ғалым Әміреев «телеарналар мен газеттердің дәуірі өтіп бара жатыр, біз вайнерлер мен блогерлерге қарап бой түзеуіміз қажет» деген секілді мәлімдеме жасады. Аппарат басшысы «бұқаралық ақпарат құралдары ақпаратты кеш беріп, ескі ақпарат таратады» деген сарында сұхбат беріп, журналистердің еңбегін еш етті.

Аппарат басшысының сұқбатынан соң журналист Әділбек Жаханов «Facebook» әлеуметтік желісінде жазба жариялады.

«Қазіргі телеарналар мен газеттердің дәуірі өтіп бара жатыр, біз вайнерлер мен блогерлерге қарап бой түзеуіміз керек дегендей әңгімені бөсіп отыр. Оу, Әміреев мырза телевизор көрмесе, газет оқымаса бүкіл БАҚ құралын жоққа шығару керек па? Олар ақпаратты кешеуілдеп таратады дейді. Міне қызық, мен білетін, өзім қызмет істеген телеарнасы күніні үш рет тікелей эфирде «Жаңалықтар» шығарады. Және азанда айтылған ақпарат кешке қайталанбайды! Телеарнаның ресми сайты, ютуб, инстаграм, ФБ желілерінде барлық жаңалық, хабар күндегісі күнде жаиияланып отыр. Тіпті, қазір жергілікті газеттердің почти бәрінде сайттары бар. Ол жақтан да ескірген ақпар көрмеппін. Сонда, кім заманға ілесе алмауда деймін да? Қарапайым мысал келтірейін, жуырда ғана қарымды қаламгер Мұрат Жетпісбаев ағамыздың Егемен Қазақстан газетінде көтерген Сексеуілдегі балалардың мектепке қатынау мәселесін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев оқып, сонау Ақордад отырып Сыр өңіріндегі проблеманы шешу туралы Сіздерге пәрмен берді!!! Ел басқарып отырған көзі ашық, көкірегі ояу Президенттен үлгі алыңыз!!! Ал сол Сексеуілдегі мәселе жергілікті БАҚ та талай жылдан бері айтылып келді. Бірақ, оны еститін әкімдік болса, Президентке жетпей баяғыда шешімін табар еді! Әлемжелі деп жүріп, бір күні сол желіде күлкіге қалмаңыз!», – делінген жазбада.

Ғалым Әміреевтің бұл сұхбатына Сыр журналистері реніш білдіріп, аппарат басшысымен кездесу ұйымдастыруды талап етті. Көп ұзамай БАҚ өкілдері мен мемлекеттік қызметкер «Достық үйінде» кездесіп, ашық сұқбат ұйымдастырды.

Қызылордада кәріс баланы танымал журналист асырап алды

Жылдың басында баласын белгісіз адамға тастап кеткен әйел сот шешімімен ата-ана құқығынан айырылды. Қаңтардың бел ортасында өткен сот отырысы 2 аптаға ұзап, іске қатысты шешім 28 қаңтар күні оқылды.

Сот отырысында судья Қ.Бержанов «жауапкер Цой Людмила Григорьевнаны кәмелетке толмаған 8 наурыз 2011 жылы туылған Цой Владикке қатысты ата-аналық құқығынан айырылсын. Кәмелетке толмаған Владик Цойды талап қоюшы Қызылорда қалалық білім бөлімінің қамқоршылық және қорғаншылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның қамқорлығына берілсін», – деді.

Біршама уақыттан соң қамыс арасынан табылған 9 жастағы баланы танымал журналист Миуа Байназар асырап алды. Асырап алған анасы дұрыс сөйлей алмайтын жеткіншекті 1-сыныпқа апарды.

Коронавирус: Қызылорда облысының аумағында 4 блокпост қойылды

Қазақстанда көктем мезгілінде коронавирус тарала бастады. Күн санап республиканың ірі қалаларында вирус жылдам таралды. Шет мемлекеттерден келген азаматтардың тіркелуіне байланысты карантин жарияланып, соған сәйкес, еліміздің барлық облыстарында инфекцияның алдын алу бағытындағы шаралар күшейтілген болатын.

Алғашқыда Қызылорда облысы бойынша коронавирус инфекциясы тіркелген жоқ. Дегенмен, коронавирус инфекциясының алдын алу бағытында аймақта бірқатар жоспарлы жұмыстар жүргізілді.

Қызылорда ғалымдары әсері жоғары антисептик ойлап тапты

Коронавирус індеті депдеп бара жатқан уақытта аймақта антисептик тапшылығы байқалды. Осы мәселенің алдын алуда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдары вирустар мен бактерияларға қарсы әсері жоғары антисептик ойлап тапты.

Химия ғылымдарының кандидаты, профессор, Нұрбол Аппазов бұл сұйықтықтың артықшылығы қолданылғаннан кейін ұзақ уақыт бойы күшін жоймайтынын айтты. Сол уақытта профессор шәкірттерімен университет зертханасында залалсыздандыру сұйықтығының күніне 20 литрін әзірлеп, оқу орны қызметкерлерін қамтамасыз етті.

Ысқақов істі болды

Наурыздың 27-де Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сол кездегі Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақовты алаяқтығы үшін ұстады. Бұл туралы Ербол Еділов өзінің «Telegram» каналында жазды.

2019 жылдың маусым айында Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалған Қуанышбек Ысқақов Арыс қаласын қалпына келтіру үшін жиналған қаражатты жымқырды деп айыпталды. Оған қоса, оның орынбасары Марат Делмұханов және әкімнің туыстары, бизнесмендер Жеңісбек Ысқақов пен Азат Досмайылов та ұсталған болатын.

Парамен ұсталғандар азаймады

«Өткен жылға өкпе жоқ» десек те, тышқан жылы көсегемізді көгертіп, ырысымызды арттырғаны шамалы. Әлемді шарпыған індет халқымызды денсаулығынан, жақындарынан айырды. Бұл індет экономикаға да құлдырау әкелді. Онсыз да күнін әрең көріп отырған халық жұмысынан айырылды. Азық-түлік бағасы да біршама шарықтады.

«Жә, жыл бітті ғой. Жаңа жылдан жақсылық күтейік» деп жаба салайық десек, ел сенімін арқалаған азаматтар ел қамын жеп, іскерлігін танытар шақта, мемлекет қазынасына қол салып, қолдан дәрі-дәрмектің бағасын шарықтатып жіберді. Осы орайда айта кетейік, биыл Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұрынғы міндетін атқарушы Б.Боранбаева техникалық сипаттамаларға және тендерлік құжаттарға сәйкес келмейтін медициналық жабдықты (өкпені жасанды желдету аппаратын) сатып алып, сол арқылы мемлекетке 64,4 млн теңге шығын келтірген. Қызылорда облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Б.Боранбаеваға қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын аяқтады. Сот Боранбаеваға өмір бойына мемлекеттік қызметтегі лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 300 АЕК айыппұл салуға үкім шығарды.

Сонымен қатар тамыз айында Қызылорда облыстық Экономикалық тергеу департаменті басшысының орынбасары жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұсталды.

Ол топ адаммен алдын ала сөз байласып, алдау арқылы Алматы қаласы кәсіпкерінің 10 млн теңге сомасындағы ақшалай қаражатын банк шоттарын бұғаттан босатамын деген желеумен алып кеткен.

Мемлекеттік қызметкер мен оның сыбайластары кәсіпкерден 10 млн теңге сомасында қаражат алған кезде ұсталды.

Қызылордаға жаңа әкім келді

Қуанышбек Ысқақовтан соң Қызылорда облысына әкім болып Гүлшара Әбдіқалықова тағайындалды.

Бұған дейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы қызметін атқарған аймақ басшысы Қазақстандағы облыс басқарған тұңғыш әйел әкім ретінде ел есінде қалатыны сөзсіз.

Қызылорда облысының тұрғынынан коронавирус анықталды

Наурыз айының соңғы күндерінде бүкіл әлемді әуреге салған Covid-19 инфекциясы Қызылорда облысына да тарай бастады. Оңтүстік Кореядан келген егде жастағы әйел адамнан коронавирус анықталып, ол індетті медбикеге жұқтырған болатын.

Қызылордада «Тұңғыш Президент саябағы» өртенді

Әлеуметтік желілерде Қызылорда қаласындағы «Тұңғыш Президент саябағының» өртеніп жатқаны туралы видео тарады.

Блок-постта тұрған автокөлік жүргізушілері тілсіз жауды видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерде таратты. Тілсіз жаудың жалыны біраз аумақты шарпыған.

Алайда өртенген аумақ саябақ емес, оған қарсы беттегі алқап екені анықталды.

Коронавирустан адам өлімі тіркелді

Маусым айының соңғы аптасында Қызылорда облысында коронавирус індетінен алғаш адам өлімі тіркелді. Ол 1960 жылы туған әйел адам болатын. Өлім нәтижелерін зерттеу жөніндегі комиссия бұл жағдайларды коронавирус инфекциясынан қайтыс болған деп тіркеді.

Шіліңгір шілде кезінде Қазақстанда аталған індеттен көз жұмғандар көп болды. Олардың арасында елге танымал жандар қаншама. Сол уақытта Сыр өңірінен шыққан танымал жандар да індеттің құрбаны болды. Сыр мәдениеті мен өнері ауыр қазаға ұшырап, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің, «Шапағат» медалінің иегері, мәдениет майталманы, әнші-ұстаз Қаракөз Ақжігітқызы Ақдәулетова, «Құрмет» орденінің иегері, композитор Кеңес Дүйсекеев өмірден озды.

«Қайсар»-да жаңалық көп

Биыл «Қайсар» футбол клубында жаңалық көп. Қасқырлар ел бірінішілігінің алғашқы турында өз алаңында «Ертісті» қабылдады. Шабуылға шыққан «қасқырлар» 11 минутта есеп ашып, кездесудің екінші жартысында қонақтар 11 метрлік айып добын сәтті пайдалана алмады. Қақпаны күзеткен Марсель Исламқұлов пенальтиды қайтарып, «Қайсарға» жеңіс сыйлады. Мұнан соң команда ел біріншілігінің 2 турында «Оқжетпесті» жеңген болатын.

Коронавирус індеті «қасқырларды» да айналып өтпеді. Алғашқыда 25 ойыншыдан коронавирус анықталды деген ақпарат тарады. Дегенмен, сәл уақыттан соң футбол командасы ауру-сырқаудан аман екендігі дәлелденді.

Айта кетейік, аймақ намысын қорғаған «Қайсар» командасы ел біріншілігін 7 орынмен аяқтады. 

Сонымен қатар «Қайсар» командасы биыл бас бапкерлерін ауыстырды.

Команданың экс-бас бапкері Стойчко Младенов пен футболшының арасында дау-дамай туындап, куәгерлер айтқандай, бас бапкер футболшыға мемлекеттік тілде сөйлеуге тыйым салған.

Қазіргі таңда «қасқырларды» қазақ баптауда. Жуырда ғана команданың бас бапкері болып Сұлтан Әбілдаев тағайындалды.

Сыр жастары «Дарын» сыйлығының иегері атанды

Журналист Рауан Мыңбаев пен жырау Күнсұлу Түрікпен 2020 жылғы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері атанды.

«Хабар» агенттігі «АҚ «Хабар 24» телеарнасының журналисі Рауан Ерұзақұлы Мыңбаев «Журналистика» номинациясы бойынша, ал Күнсұлу Түрікпенқызы Түрікпен «Халық шығармашылығы» номинациясы бойынша сыйлыққа ие болды.

«Сыр елінің өнер мен мәдениет және әдебиет саласында талай дарынды тұлға шықты. Ес білгеннен солардың еңбектерін оқып, жақсылықтарын көріп өстік. Соларға барынша ұқсауға тырыстық. Аз да болса жетістікке жетіп жатсақ, сол алдыңғы буынның арқасы деп білемін. Журналистика саласында 2011 жылдан бері еңбек етіп келемін. Шығармашылық жолда маған жақсылық жасаған жандар аз емес. Үлкен сенім артып, ақыл-кеңестерін арнады. Енді олардың үмітін ақтауға тырысамын. «Дарын» сыйлығы – мен үшін үлкен жауапкершілік. Үдеден шығып, үмітті ақтай білсек, бір мақсатымның орындалғаны», – дейді жас журналист.

«Дарын» мемлекеттік сыйлығы өз саласында жетістікке жеткен жастарды мемлекеттің қолдауы мақсатында беріледі. Бұл қатардан өзімді көргеніме өте қуаныштымын.  Аталған сыйлық өз саласының шебері атанған әр саладағы жастарға шабыт сыйлайды. Сонымен қатар зор жауапкершілікті жүктейді.  Жоғары марапаттардың бастау болған жастар сыйлығы маған ғана емес Сыр мәдениетіне берілген баға, халық шығармашылығына көрсетілген құрмет деп білемін.  Алдымыздағы аға буынның жолымен келе жатқан өнердегі жастарды ынталандыру. Мені қайда жүрсем де қолдап, қошеметін аямайтын туған жеріме және мені осы сыйлыққа ұсынған облыстық мәдениет басқармасы мен халық шығармашылығы орталығына алғысым шексіз. Осы талабымызбен жыраулық өнерді халыққа кең насихаттау жолында жұмысымызды жалғастыра беретін боламыз. «Қарлығаштың қанатымен су сепкендей» болса да қазақ мәдениетіне үлесімізді қоссақ мақсатымыздың орындалғаны», – дейді Күнсұлу Түрікпен.

Сыр тарихында алғаш рет журналист «Үркер» ұлттық сыйлығымен марапатталды

Қарашада Нұр-Сұлтан қаласында «Үркер-2020» ұлттық сыйлығы жеңімпаздарының есімдері белгілі болды.

«Kyzylorda-news.kz» ақпараттық агенттігінің бас редакторы Нұрсұлтан Мықтыбаев ұлттық сыйлықтың «Жылдың үздік репортажы» аталымы бойынша марапатталды.

Агенттіктің бас редакторы байқауға пандемия кезіндегі блок-бекеттер мен әскери қызметкерлердің залалсыздандыру жұмыстарын ақпараттандырған болатын. Журналист блок-бекеттер маңында болып, ондағы қайнаған тіршілікті сөзбен суреттеп, залалсыздандыру жұмыстарының қиындығын оқырмандарға жеткізе білді.

Айта кетейік, жеңімпаздарға «Үркер» естелік мүсіншесі және 1 миллион теңге ақшалай сыйлық табыс етілді.

Қызылордаға «Алтын домбыра» жетті

Жыл аяқталар тұста айтыстың ақтаңгері, қызылордалық Мұхтар Ниязов үшінші мәрте «Алтын домбыра» иегері атанды.

«Абай тағылымы – Тәуелсіздіктің тірегі» атты республикалық ақындар айтысының ақтық мәресінде бас жүлде Мұхтар Ниязовқа табысталды.

Дүбірлі додада қатарынан оза шауып келген Сыр баласы бұл жеңісін «шыққан биігіміздің басы деп ойлаймын» деген болатын.

«Сырға барсаң жыршымын деме» деген сөзді ауызбен бәріміз айтамыз. Бірақ іспен дәлелдеуге дайын болуға бәріміз атсалысуымыз керек. Бұған дейін де солай болған. Қаншама халықаралық додаларда топ жарып жүрміз. Алдағы уақытта да бұнымен тоқтамаймыз. Бұл шыққан биігіміздің басы деп ойлаймын. Пандемияға байланысты биыл айтыс үш кезең бойынша ұйымдастырылды. Ең бірінші кезеңде Бекарыс Шойбековпен, одан кейін Арқалықтың ақыны Айбек Қалиевпен, сосын Семейлік Серік Қуанмен айтыстым. «Арық сөйлеп, семіз шық» дейді. Халық бағасын өзі береді, – деді Мұхтар Ниязов.

P.S. Не болса да қиындыққа толы бұл жылдан сабақ алуымыз керек. Мемлекет пандемия мен экономикалық дағдарысқа қарсы барлық жағдайды қарастырып жатыр. Оны ел болып, бірлікпен ғана еңсере аламыз. Бәрі қалыпқа келер, тек елдің ауызбіршілігі мен амандығын сақтайық.

Динара МАХАНОВА

0

Пікір қалдыру