Kyzylorda-news.kz. ХХІ ғасыр – Қазақстанның алтын ғасыры саналады. Осы уақыт шеңберінде еліміз әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Халықтың әлеуеті жақсарып, өзге мемлекеттермен терезесі тең жағдайға жетті, төрткүл дүние қазақ жұртымен санасатындай деңгей қалыптасты. Жас мемлекет болса да ширек ғасырдан аса уақыт ішінде өркениетке қадам басты, өндіріс ошақтары жанданды. Ал бұған дейінгі кезеңде Қазақстанның даму деңгейі қиын жағдайда болғаны баршаға мәлім.
Еліміз Тәуелсіздігін алға тұста халықтың жағдайы анау айтқандай мәз болмады. Егемендіктің алғашқы жылдары елімізді әлемге таныту жылдары болып бекітілсе де ішкі жағдай енді ғана тұрақтала бастаған еді. Экономикалық дағдарыс, әлеуметтік шиеленіс, осы жағдайлардың барлығын тұрақты қалыпқа келтіру мәселесі күн тәртібінде тұрды. Жалақының кешіктіріліп берілуі барлық салада күшейе бастады. Жұмыссыздық белең алды. Кәсіпкерлік саласында даму динамикасы құлдыраған. Өндіріс ошақтары тұралаған. Әлеуметтік жағдайдың тұрақсыздану көріністері көптеген кәсіпорын жұмысшыларын жалақы мәселелеріне қатысты қарсылық акцияларын ұйымдастыруына себепкер болды. Осындай қиындықтарды еңсеру ел азаматтарына айтарлықтай сынақ болды. Барлық мәселені түбегейлі шешу кезек күттірмейтін мәселеге айналды.
Жоғарыда айтқан елдегі қиындықтарды еңсеруге Сыл елі жұрты да жұдырықтай жұмылды. Қазақ елінің алғашқы астанасы саналатын Қызылордада алпауыт өндіріс ошақтары болмаса да Сыр халқы ата кәсіп болған егін егу ісіне машықтанған. Жыл сайын Сырдың басты дақылы – күріштен тау тұрғызып, мол өнім алып, ел экономикасының ілгерілеуіне сүбелі үлес қоса білді. Тіпті, еліміздегі күріш өндірісінің басым бөлігі осы аймаққа тиесілі болды. Соның нәтижесінде, қазақстандықтарды Сыр салысымен қамтамасыз ету, сыртқа экспорт жасау жұмыстары жолға қойылды. Одан бөлек өңірдегі мұнай өндіру ісі де ел жағдайының жақсаруына айтарлықтай септігін тигізді.
Міне, осындай алмағайып шақтарда елімізде шағын және орта кәсіпкерлік саласының бірден қарқын алып кетуі қиын болған. Мемлекеттің басты ұстанымында ел экономикасын қарқынды дамыту үшін кәсіпкерлікті тұрақты өркендетуге күш жұмсалды. Дегенмен жер-жердегі түрлі факторлар салдарынан кәсіп иелерінің өз ісін бірден жүргізіп кетуі мүмкін болмай жатты. Халықта жалақы болмағанда еңбекақыларын заттай беруі үрдісі қалыптасты. Міне, осының өзі кәсіпкерлік жұмысының жүйелі іске асырылуына кері ықпалын тигізді.
Десе де өзі қалаған кәсіпті ұтымды ұйымдастырып, әрі қарай дөңгеленуіне қажыр-қайраты мықты, бірбеткей, жан-жақты мүмкіндікті қарастыра білетін кәсіп иелерінің асығы алшысынан түсті. Олардың қатарында жас та болса бас бола білген Расул Есенов бар етін.
Жас кәсіпкер мектеп жасынан кәсіпке икемді болды. Алғашқыда қолына фотоаппарат алып, аудан орталығындағы тұрғындарды суретке түсіру арқылы пайда тауып жүрді. Ол кездегі фото құрылғылар қазіргідей цифрланған жүйеде емес. Бір суретті шығарудың өзіндік машақаты болды. Фотоаппаратқа фотопленкаларды салып, оны үнемді қолданып, сол пленкалардан арнайы бөлмеде суреттер шығарылатын. Сол естелік суреттер үшін бала болса да еңбектенді, нәтижесін де көрді.
Одан кейінгі студенттік шақта да Әбутәліптің тұңғышы қарап жүрмеді. Өзінің адамдармен тез тіл табысқыш қасиетімен және жан-жақтылығымен кәсіппен айналысуға бейімділігін танытты. Екі-үш заттың басын құрап, содан табыс табудың қыр-сырын меңгере бастады. Оған Қарағандыда бірге оқыған курстастарының да ықпалы тиді. Міне, Р.Есенов мектептен бастап студенттік шақта да жеке жұмыс істеп, кәсіптен пайда табуға болатынына көз жеткізді. Содан өзінің болашағын осы саламен байланыстыруға белді бекем буды.
Жоғарыда атап өткендей, егемендікке қол жеткізілсе де өткен ғасырдың соңғы кезеңі елдегі жағдай қиын болатын. Осындай даму динамикасы енді ғана қалыптаса бастаған тұста жеке іс бастау, кәсіп ашудың да қандай ауыр болғаны айтпаса да түсінікті шығар. Міне, сол шақта қандай кәсіп ашудың да маңызы зор болды. Халықтың тұрмыс деңгейі мәз емес. Соның салдары кейбір кәсібін бастағандарға кері ықпалын тигізіп, аз ғана уақытта банкроттыққа ұшырап жатты. Сондықтан Расул Әбутәліпұлы қандай кәсіпті бастаудың тиімділігі және пайдасы мол екеніне зерделеу жүргізді. Оған Қарағандыда оқығанының да септігі болды. Олай дейтініміз, қыста ауданда көмір тапшылығы айқын аңғарылады. Көпшілік үйді жыңғыл секілді отынмен жылытады. Ал көмір қоры кей жылдары тіптен жеткіліксіз болды. Оның зардабын халық та көрді. Сол себепті де жиырма бес жастағы жас өңірге көмір тасымалдау қызметімен айналысуға бекінді.
1999 жылы Р.Есенов «Углесбыт» мекемесін құрып, жұмыс бастады. Аты айтып тұрғандай, мекеме өлкеге көмір тасымалын қамтамасыз етті. Қай кезде де кәсіп бастағанда бірден пайдаға «белшеден» батпайтының анық. Алғашқыда шығындар болады. Бастаған кәсіпке бейімделіп, оны жүйелі жүзеге асыру үшін уақыт, тәжірибе керек-ақ. Сондықтан көмір жеткізу үшін Рекең Қарағандыдағы достарымен хабарласып, сол жаққа барып келісімшарттар жасады. Оны жеткізуге вагондарды да тапты. Сол алғашқы жылы өлкеге 1600 тонна көмір әкелді.
– Әуелде әкем мен бауырым Расул үшеуміз сауда-саттықпен айналысып жүрдік. Соның аясында қара күріш алып, оны ақтап сатып, пайда тапқан кездер болды. Содан бір күні Расул ағам «1998-1999 жылдары сауда-саттықтан жиналған ақшамызға Қарағандыдан көмір әкеліп сатамыз» деді. Бұған әкем мен анам күмәнмен қарады. Десе де Расул бір істі бастаса аяғына дейін жеткізеді. Сол қасиетімен ағам Қарағандыда оқығандықтан тамыр-таныстарынан 3-4 вагон Шұбаркөл көмірін әкелді. 1-2 вагонын қарызға алды. Әкем, ағам үшеуміз әкелген көмірді саттық. Сол 1999 жылы базарком Жахия Мырхиев ағайдың серіктестік ашқысы келіп жүрген құжаттарымен ағам танысып шықты. Сөйтіп, ағам да «Углесбыт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрды. Ол 3 шілде 1999 жыл еді. Отбасымызбен бірге қуанып, мәре-сәре болып, саудамызды Алланың қалауымен әрі-қарай жүргіздік. Содан кейін ісіміз алға басты, – дейді осы жұмыстың басы-қасында жүрген інісі Серікбол Әбутәліпұлы.
Жеткізілген көмірді үлестіру де оңай шаруа емес. Қатты отынды түсіретін орындарға келіп, олардың иелерімен сөйлесіп, келіседі. Вагондардан көмірлерді түсіруге де адамдар қажет. Одан соң арнайы орындағы кәсіп иелерінің таразысын да келісім жасай отырып пайдаланды. Бұл істе оған ауданға белгілі кәсіпкер, марқұм Сламбек Тоқсанбаев көп көмектесті.
Кәсіп бастаған бірінші жыл кәсіпті меңгеруге кетсе, одан кейінгі жылдары аталған салаға төселіп, көмір жеткізудің көлемі ұлғая берді. Жаңа ғасырдың алғашқы жылы 2800 тонна, 2001 жылы 3600 тонна, 2002 жылы 5700 тонна қатты отын жеткізілді. Тиісінше, аудан халқымен қатар көршілес Жалағаш ауданының тұрғындары да осы өлкеден көмір таси бастады. 2014-2015 жылдары 9 мыңға жуық тоннаға дейін көмірдің 2-3 түрі қоймаға түсірілді.
Күзде күн суытып, алғашқы ызғар сезіле бастағаннан жұртшылық көмір қоймаларына ағыла бастайды. Аудан орталығында көмір жеткізумен айналысатын 3 кәсіпкер болды. Барлығына көмір бір уақытта келмейді. Десе де ауданға жеткізілетін көмірдің көп көлемін «Углесбыт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қамтамасыз ететін. Өйткені, бюджеттік, бюджеттік емес мекемелердің көбі аталған серіктестікпен келісімшарт жасасып, жыл сайын көмір жеткізу қызметіне жүгінетін. Бұл жұмыстарды Р.Есенов басқаратын ұжым жүйелі жүзеге асырып отырды.
Бізге серіктестіктің атқарған жұмыстары туралы толық ақпаратты 2010 жылдан бері мекеменің есепшісі қызметін атқарып келе жатқан Әлиакбарова Гүлмаржан Аманкелдіқызы нақтылап берді.
– Аудан халқын көмірмен қамтамасыз ету жұмысын Рекең жауапкершілікпен атқаратын. Жыл сайын вагон-вагондап қатты отынға тапсырыс беріп, күн салқындамай тұрып қоймаға түсіріле бастайды. Мүның өзі алдын ала халыққа жағдай жасау тұрғысындағы жанашырлығы деп білемін. 2017-2020 жылдар аралығында 6000-7000 тоннадан жыл сайын көмір түсірілді. Ал 2021 жылы 5040, 2022 жылы 5500 тонна қатты отын жеткізіліп, тиісті мекемелер мен халыққа қолжетімді бағада сатылды. Кейінгі жылдардағы көмір көлемінің азаюын аудан орталығының табиғи газға қосылуымен байланыстыруға болады. Дегенмен, халыққа жағдайдың жасалып жатқанына Расул Әбутәліпұлы ерекше қуанып жүретін, – деді М.Әлиакбарова.
Талай жылдан бері көмір жағып келген жұртшылық Расул Есеновтың жомарттығын да жарыса айтып жүр. Осы кәсібімен меценат атанған ол тонналап әкелген көмірді жағдайы төмен отбасыларға тегін үлестіріп беруді назардан тыс қалдырған емес. Көпшілікке көмектесе білгеннің есесіне кәсібі дөңгеледі, жұмысы алға басты. Кәсіпкерлік саласындағы оның «Атымтай Жомарттығы» бір бөлек әңгіме.
Жеке жұмыс арқылы табыс тауып, тәжірибе жинақтаған кәсіпкер кәсібін заман талабына сай жандандырып, әртараптындырып отыруды естен шығарған емес. Бұған дәлел, ауданда жан-жақты жұмыстарды жүргізіп, Сырдария ауданының өсіп-өркендеуіне, қарқынды дамуына, көркеюіне атсалысты. Көмір тасымалын қамтамасыз ете жүріп аудан орталығында жанар-жағармай бекеттерін ашты. Облыстық маңызы бар «Қызылорда-Жалағаш» автожолының бойында, яғни Тереңөзек кентіне кіреберіс тұстағы және орталықтағы Д.Керейтбаев көшесі бойындағы «Жалаңтөс» жанар-жағармай бекеттерінің қызметін бүгінге дейін халық тұтынуда. Аудан орталығына кіреберістегі жанар-жағармай бекеті жанына дүкен, көлік жөндейтін және жуатын орталықтар салдырды. Бұл бекеттердің қызметін аудандағы мемлекеттік мекемелер мен аудан тұрғындары тұтынып келеді. Жанар-жағармай бағасы да нарық бағасынан арзан бағада халыққа ұсынылуда.
Кәсіпкерлігін әртараптандыра білген Расул Есеновты жұртшылық жақсы таныды. Осы жұмыстарды атқара жүріп халық жүгін арқалап, аудандық, облыстық мәслихатқа депутат болды. Мемлекеттік жұмыстардың басы-қасында жүріп, өңірдің, ауданның дамуына сүбелі үлес қосты. Аудандағы қарқынды құрылыс жұмыстарының жүргізілуіне, олардың негізін қалау ісіне атсалысты. Көмірден басталған кәсіп құрылысқа ұласты.
Аудандағы бірқатар құрылыс жұмыстарында Р.Есенов басқаратын ұжымның қолтаңбасы бар. Ауылдарды абаттандыру, әкімшілік ғимараттарды, тұрғын үйлерді салу, жарықтандыру, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу ісін ұтымды ұйымдастыра білді. Атап айтқанда, аудан орталығы саналатын Тереңөзек кентінде әкімшілік ғимаратқа жапсаржай құрылысы, Тереңөзек кентіндегі салынып жатқан мөлтек ауданның көшелеріне малталы тас салу құрылысы жұмыстарын тәжірибелі кәсіпкер басқаратын «Углесбыт» ЖШС қызметкерлері атқарды. Аудан орталығындағы Ә.Тәжібаев көшесінде дүкен құрылысы да бой көтерді, №1 «Қызғалдақ» және О.Мәлібаев елді мекеніндегі «Айгөлек» балабақшасының күрделі жөндеу жұмыстары сапалы жүргізілді. Сондай-ақ бүгінде Тереңөзек кентіндегі құрылыс материалдары сатылатын «Коммуналдық базар» құрылысының жүргізілуіне де Р.Есенов атсалысты. Қазір комплексті базар халықтың жиі келетін орнына айналды.
Сырдария ауданына қарасты ауылдарда да серіктестік тарапынан құрылыс жұмыстары атқарылды. Аудан орталығына жақын орналасқан Қалжан ахун елді мекенінде «Қалжан ахун ауылдық округі әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесінің ғимаратын салу жұмысын іске асырды. Оған қоса Қалжан ахун ауылының бойындағы «Қызылорда-Жалағаш» автотрассасын жарықтандыру жұмыстарын сапалы атқарып, көпшіліктің алғысына бөленді.
Іргелі аудандағы үлкен ауыл – Шағанда елді мекенінің көркеюіне де өзіндік қолтаңба қалдыра білді. Ауыл орталығын абаттандыру ісін міндетіне алып, тұрғындардың демалатын орнына айналдырды. Орталық көшенің екі жағындағы арықтарға темір бетонды лоток орнатылды, электр жарықтары жаңартылды, суландыру жұмыстары жүргізілді. Ең бастысы, ауыл орталығын көркейту үшін субұрқақ, төрт бағытқа қарайтын электронды сағат, адамдар тынығып отыратын орындықтар қойылды. Айналасы темір қоршаумен қоршалды. Осының барлығы ауыл ажарын айшықтай түсті.
Ал тіректі ауыл саналған Ақжарма елді мекенінің орталығына жабық бөлмесімен автокөлік күтетін павильон (остановка) орнатып берді. Бұл ауылдың орталығы да жұрт қызығатындай абаттандырылған. Орталық стадионның алдына орналасқан ерекше үлгідегі павильон елді мекенге айрықша сән беріп тұр.
Міне, айта берсе, Расул Әбутәліпұлы құрылыс, жол, жарықтандыру, көмірмен қамтамасыз ету, жанар-жағармай, құрылыс материалдарын сату секілді жан-жақты жұмыстарды атқарды, сол арқылы кәсібін кеңейтті. Тек аудан көлемінде ғана емес, облыс шеңберінде құрылыс жұмыстарын атқарды. Оған дәлел, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамына қарасты Оңтүстік-Шығыс Қызылқия кен орнында қыстақ құрылысын салу жұмысын «Улгесбыт» мекемесі жүзеге асырды. Осы секілді бірқатар жұмыстарды атқарғанын дәлелдейтін құжаттар мекеме архивінде сақтаулы.
Елге белгілі болған меценат мектептен кейін аудандағы кәсіптік-техникалық училищеде «Құрылысшы-ұста» мамандығын меңгеріп шыққан. Сондықтан да ол кәсібін кеңейткенде кез келген құрылыс жұмыстарына қатысты жобаларға қатысып, ұтып алып, оның құрылыс жұмыстарын сапалы, жауапкершілікпен атқарған. Оның үстіне, ауылдың азаматы болған соң елге жанашырлықпен жұмыс істеп, қандай құрылыс жүргізсе де оған аса ұқыптылықпен қарай білген. Оның қатарында тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға арнап салған 3 бөлмелі бір пәтерлі 3 тұрғын үй және 2 пәтерлі 5 тұрғын үй құрылысы бар. Нақты дәлел келтірер болсақ, 2011 жылы бой көтерген 3 бөлмелі бір пәтерлі 3 тұрғын үй құрылысына қатысты сол кездегі аудандық құрылыс бөлімінің басшысы, марқұм Асылбек Әбдуовтың «Улгесбыт» ЖШС директоры Расул Есеновке жазған ұсыным хатта: ««Углесбыт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 2011 жылы «Сырдария ауданы, Тереңөзек қыстағындағы 3 бөлмелі бір пәтерлі 3 тұрғын үй құрылысы» жұмыстарын, мемлекеттік сатып алу конкурсы жеңімпазы ретінде, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы «Сырдария аудандық құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесімен келісімшартқа отырып, жұмыстың барлық түрлерін орындап, кешіктірмей аяқтауды қамтамасыз етті. Жұмыстарды атқару кезінде мердігер алынған міндеттемелерін жауапкершілікпен уақытылы атқарып, келісімшарттағы барлық талаптарды орындады. «Углесбыт» ЖШС жұмыс барысында өзін сенімді серіктестік және аса жауапты мердігер ретінде көрсетті» делінген. Мұндай ұсыным хаттар барлық құрылыс барысында Р.Есеновтың атына жазылып, алғыс айтылған.
Тереңөзектегі жаңа аймақтан салынған 2 пәтерлі 5 тұрғын үй құрылысын салғанда да ол алғысқа бөленді. Бұл үйлердің кілттерін сол кездегі облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова салтанатты түрде табыстаған болатын.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында «Тұрғын үй – азаматтарымыз үшін қашанда басты мәселе. «Баспана хит» және «7-20-25» сияқты тұрғын үй бағдарламаларының мерзімі таяу арада аяқталады. Осыған орай, бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы әзірленеді» деген болатын. Міне, осыған орай, мемлекет тарапынан бөлінген қаржыға осындай әсем үйлер салынып, Сіздерге табысталуда. Тұрғын үйлердің сапалы салынуын қамтамасыз еткен азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін! Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын, іші шаттыққа толсын! Сіздерге зор денсаулық, отбастарыңызға амандық тілеймін» деген еді 2022 жылдың 21 қаңтарында аймақ басшысы.
Тұрғын үйлер аудан халқының әлеуметтік жағынан әлсіз және аз қамтылған отбасыларын баспанамен қамту жобасы аясында сатып алынған. Бір пәтердің жалпы ауданы 72 шаршы метр, әр үйдің жер учаскесінің көлемі 10 сотық жерді құрайды. Өз кезегінде баспана бақытына кенелген көпбалалы ана Алтыншаш Әбдіразақова облыс басшылығы мен осы баспананы салған Р.Есеновке шынайы ризашылығын жеткізген еді.
Осы тұста, тұрғын үйге қатысты ауданға Құрметті болған азаматтың тағы бір игі ісін атап өтуіміз міндетті. Тереңөзек кенті тұрғыны Ә.Садықова атқарушы билікке баспана жайын айтып, тұрқы қашқан үйіне жөндеу жүргізуге мұршасы келмейтінін жеткізген. Оған ауданның «Атымтай Жомарты» Расул Есенов көмек көрсетіп, демеушілік жасауды өз міндетіне алған.
Тұрғын үйдің сыртқы тұрпаты кеткен. Сылағы түскен. Оған қоса кіреберіс дәліз бөлмелері құлау қаупінде болған. Оны жөндетуге отбасының жағдайы келмейді екен. Жанұяда мүмкіндігі шек¬теулі жандар тұрады. Міне, осыны бағамдаған меценат үйдің сыртын сылатып, қыштан кіреберіс дәліз бөлмелерін салуға ұйытқы болып, қайырлы іс жасады. Оған қажетті құрылыс материалдарын алып беріп, жөндеу жұмыстарын да өз есебінен жүргізіп берді.
«Біздің тапқан табысымыз ел-халықтың, аудан жұртшылығының тілеуінің нәтижесінде артады. Сондықтан тұрғындарға әркез қолымыздан келгенше қолдау, демеу көрсетіп келеміз. Халқымыз «Біреу – біреуге сүйеу» демей ме?! Бір-бірімізге, сүйеу, тіреу болу арқылы өсеміз, өркендейміз. Кент тұрғыны жағдайын жақсы білемін. Арбаға таңылған баласы бар. Отағасы да мүмкіндігі шектеулі жан. Осы жағын ескеріп, отбасы мүшелерінің үйге емін-еркін кіріп шығу жағын қарастырып, кіреберіс дәлізді оңтайландырып салып беріп жатырмыз» депті Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетіне берген сұхбатында белгілі кәсіпкер. Осындай игілікті іске мұрындық болған ардақты азаматқа отбасы мүшелері шынайы ризашылығын әркез жетізуде және бұл ісін ешқашан ұмытпақ емес.
Расул Әбутәліпұлының тағы бір алғыс арқалаған жұмысы ол егінге келетін аяқ су жолдарын тазарту еді. Ең алдымен, қазіргідей су тобықтан келетін Сырдария емес, осыдан он шақты жыл бұрынғы Сырдария өзені арнасынан асып, ел-халықты әбігерге салатын. Өзен бойындағы елді мекендерді су басу қаупі туындап, жыл сайын сақтық шаралары атқарылады. Осы жұмыстар да Расул Есеновсіз бітпейтін. Тереңөзек кенті, А.Тоқмағамбетов, Қалжан ахун ауылдарын су алдырмау үшін серіктестіктің техника күшін жұмылдырып, дамбы салу, жағалауды нығайту жұмыстары атқарылды. Кейде дамбылаған жерлерді су шайып кеткенде, күні-түні атқарушы билік өкілдерімен қатар жүріп, тасқынға тосқын қою ісін ұйымдастырды. Осы еңбегі үшін ол елдің құрметіне, алғаусыз алғысына бөленді.
Су жолдарын тазарту жұмыстарында да жауапкершілік жүгін арқалады. Облыстық тиісті басқармалармен келісім жасай отырып 2010 жылдан бері Қызылорда қаласындағы «Ескібай», ауданға қарасты Іңкәрдария ауылындағы «Ақан арық», Шаған елді мекеніндегі «Жиделі арық», Шиелі ауданындағы «Жаңа Сұлутөбе», Жалағаш ауданы, Мәдениет ауылындағы «Қорқытбай» каналдарын тазартып, егінге қажетті судың кедергісіз келуіне мүмкіндік жасады. Мұндай жұмыс іс білетін, ұтымды ұйымдастыратын адамның қолынан ғана келетіні айқын.
Жоғарыда атап өткен кәсіп, жұмыстардан бөлек меценат мал шаруашылы мен балық шаруашылығын дамытуға да ден қойған.
– 2015 жылы аукцион арқылы А.Тоқмағамбетов ауылына қарасты жерді алып, мал шаруашылығын өрістетуге күш салды. Сиыр, жылқы секілді ірі қара мен қой-ешкіні көбейтті. Оған қоса, құс шаруашылығына мән беріп, қаз, үйрек, түйетауық, тауық түрлерін өсіріп, көбейтуді іске асырды. Ал 2020 жылы «Байсары» мен «Құндызды» көлін 10 жылға жалдамаға алып, бірінде балық өсірілсе, екіншісі балық аулау кәсібіне бағытталды. Бұған да көп инвестиция құйылды, – дейді Гүлмаржан Аманкелдіқызы.
Кейбір кәсіпкерлер бір ғана кәсіппен айналысып, жұмысы жүрмей қалса, банкроттыққа ұшырап, кәсібін тоқтатып жатады. Ал Р.Есенов заман ағымына ілесе отырып, кәсіптің түр-түрімен айналысып, жандандырып отырды. Ол нарық сұранысын біліп отырды, соған сай кәсібін икемдей білді. Мәселен, бастапқыда көмірге деген сұраныс көп болды. Кейін аудан орталығы газдандырылған соң қатты отынға деген сұраныс төмендей бастады. Қазір әлеуметтік нысандардың да құрылысы бәсеңдеді. Міне, осыны анық аңғарған кәсіпкер күріш өндірісіне қарай бет бұрды. Қанша жерден су тапшылығы орын алса да Сыр елінің күрішті, ырысты өлке екенін, күріш өнімінің нарықтағы сұранысы жоғары екенін бағамдап, күріш ақтайтын зауыт жұмысын іске қосуға қамданды.
Аудан орталығында күріш ақтайтын зауыт ашуды Расул Есенов 2016 жылы жоспарлған. Соған байланысты Қытайдың компанияларымен келіссөздер жүргізеді. Қара күрішті ақтап, оны нарыққа сапалы шығару үшін құрылғылардың қуаттылығы күшті болуы шарт. Осының барлығын нақтылаған білікті басшы, тәжірибелі кәсіпкер сол жылы зауыт салу жұмысын бастап кетті. Тек зауыт құрылысы емес, жанында күріш сақтайтын қоймалар құрылысы да қатар жүргізілді. Мұнда кеңсе, жұмысшыларға арналған асхана салынған. Сөйтіп, екі жылдың ішінде, яғни 2018 жылы зауыт жұмысы іске қосылды. Оның қуаттылығы күніне 60 тонна күріш ақтайды.
– Зауыт іске қосылған соң оған шикізат, яки қара күріш қажет. Осыған байланысты менің әкем 2019 жылдан бастап өңірдегі күріш өсірумен айналысатын шаруашылықтарға инвестор болып, инвестиция құйды. Сырдария ауданынан «Шаған Жер» ЖШС, «Сейфуллин Жер» ЖШС, «А.Тоқмағамбетов Жер» ЖШС, «Жарбол» шаруа қожалығы, «Мадияр» шаруа қожалығымен және Жалағаш ауданынан «Таң ЛТД» ЖШС-мен келісмшарт жасасып, егін егу жұмыстарын қаржыландырды. Тиісінше, шаруашылықтар күзде шикізатпен қамтамасыз етті. Сол жылы ақталған күріш өнімі еліміздің барлық қаласына сұраныс бойынша жөнелтілді. Ал 2020 жылы Сыр дақылы шет мемлекеттерге экспортқа шығарылды. Осы жылы 678 тонна ақталған күріш Әзірбайжан, Тәжікстан мемлекетіне экспортталды. Келер жылы 2445 тонна күріш шет мемлекетке сатылды. 2022 жылы 1200 тонна болса, биыл ішкі нарықты Сырдық басты дақылымен қамтамасыз етіп жатырмыз, – дейді әке ісін жалғастырып жатқан Фархад Расулұлы.
Зауыт жұмысы қарқын алып келе жатқанда өкінішке қарай ардақты азамат өмірден озды. Қанша жұмысты атқарып, елге игі іс жасап жүрген қимас жанның ойламаған жерден бақиға аттануы баршаға төбеден жай түскендей болды. Күріш ақтау зауытын ашылуын салтанатты түрде ұйымдастыруды жоспарлап жүріп, мәңгілікке аттанып кете барды. Дегенмен, құрметті азаматтың ойлаған ісіне көпшілік куә болды.
2022 жылдың 30 желтоқсанында күріш ақтау зауытының ашылуы салтанатты түрде өткізілді. Онда аудан әкімі қызметінде болған, бүгінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаев құттықтау сөз сөйлеп, жаңа кәсіпке береке тіледі.
– Ел әлеуетінің жақсаруын экономиканың тұрақты дамуымен байланыстырар болсақ, кәсіп¬керлік көкжиегін кеңейтуді мемлекеттік саясат алдыңғы орынға қойып отыр. Бүгін біз заман талабына сай жабдықталған, халықты сапалы қызметпен қамтамасыз етуді мақсат тұтқан күріш ақтау зауытының ашылу сәтінің куәсі болып отырмыз. Жаңа жыл қарсаңында ауданда жаңа кәсіпкерлік нысанның ашылуы көңіл қуантарлық жағдай. Бұл дегеніміз – жаңадан жұмыс орындары ашылып, аудан тұрғындары сапалы қызметті тұтыну мүмкіндігіне ие болатындығының нақты көрінісі. Бұл жұмыстың бәрін белгілі тұлға, меценат марқұм Расул Әбутәліпұлы Есенов бастағаны анық. Ауданды дамытуға өзіндік үлес қоса білген аптал азамат өңір әлеуетін жақсартуға осындай бастамаларды жүзеге асыруға күш-жігерін жұмсаған еді. Міне, сол істі ұлы Фархат Есенов жалғап, аудан экономикасына өз үлесін қосуға ниетті. Сондықтан жас кәсіпкердің жұмысына сәттілік тілеймін, – деді Мұрат Нәлхожаұлы.
Мұнан соң зауыт басшысы, жас кәсіпкер Фархат Есенов сөз сөйлеп, зауыт жұмысына тоқталды.
– Бүгін – біз үшін аса маңызды тарихи күн. Себебі, біз жаңа зауытты іске қосып, жаңа бір белеске бірлесе қадам басып жатырмыз. Өздеріңіз білетіндей, бұл зауыттың қазығын қағып, негізін қалаған әкем Расул Әбутәліпұлы Есенов еді. Зауытты салу ісі басталған уақыттан бастап әкем барлық маңызды жұмысқа мән беріп, өзінің жоспарларын айтып, жаңа зауыттың тиімділігін түсіндіретін. Бірақ, амал нешік өзі бастаған құрылыстың аяқталып, лентасын қияр рәсімін көре алмай кетті. Мен және біздің мекемеміздің барлық қызметкері осы зауыттың негізін қалаған әкемді ешқашан ұмытпаймыз деп айта аламын. Біздің абыройлы мекемемізді бүгінде облыс халқы жақсы біледі. Аудан басшылығы да мекемемізде болып, жұмысымен танысып, оң бағасын берген болатын. Бұл қажырлы еңбекпен, тынымсыз ізденіспен келген абырой екені белгілі. Жаңа зауытта қара күріш ақталып, нарыққа Сыр маржанын шығаратын боламыз. Сәйкесінше, жаңа жұмыс орындары да ашылады, серіктестіктің тынысы да кеңейеді. Сондықтан біз алға қойған мақсаттарға бірге жетеміз деп сенемін, – деді жас кәсіпкер.
Айта кететіні, заманауи талаптарға сай күріш ақтау зауытын ашу үшін 90 млн теңге қаржы жұмсалған. Мұнда күріш ақтау диірменінің ғимараты мен қойма құрылысы толық аяқталып, халыққа сапалы өнім түрлерін ұсынуда. Тәулігіне 100 тонна өнім өндіретін зауыт 30 адамды жұмыспен қамтиды. Жаңа зауыттың ерекшелігі кү¬рішті ақтаумен қатар, қауызын ұнтақтап, мал шаруашылығы үшін жем өнімдерін шығаруға бейімделген.
Сырдария ауданына жұмыс сапарында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Углесбыт» ЖШС күріш ақтау зауытының жұмысын көрді. Аймақ басшысы әке жұмысын жалғастырған жас кәсіпкер жұмысына табыс тіледі. Сондай-ақ атқарылып жатқан жұмыстарған оң бағасын беріп, әркез қолдау көрсететінін жеткізді.
Ширек ғасырға жуық уақыт ішінде «Углесбыт» серіктестігінің жұмысы жанданды, шаруасы әртараптантырылды. Барлық сала жұмысын халық қалаулысы болған, елдің құрметіне бөленген Расул Әбутәліпұлы қолға алып, жүйелі жүзеге асырды. Одан табыс тапты, халық та пайдасын көрді. Ендігі жерде сан салалы жұмысты ұрпағы жалғастырып, әке атын асқақтата береді деген сенімдеміз.
Ердос Беркінбаев,
Тілші
