Kyzylorda-news.kz Жалағаш ауданында былтыр туберкулездің 20 жаңа жағдайы тіркелген. 100 мың халыққа шаққанда аурушаңдық көрсеткіші – 55,6. Оның ішінде туберкулездің 2 асқынған жағдайы Жалағаш кенті мен Аққұм елді мекенінен тіркелген. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 4 жағдайға өскен. Тіркелген туберкулез ауруының 10 жағдайы, яғни 50 пайызы 18-44 жас аралығындағы еңбекке жарамды жастағы тұрғындар болса, қалғаны жұмыссыздар мен зейнеткерлер үлесінде. БАҚ өкілдерімен өткен брифингте аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау және қадағалау, қызметті жоспарлау және талдау бөлімінің бас маманы Светлана Жүнісахметова осылай деді.
Спикердің сөзінше, биыл І тоқсанда туберкулез ауруының 5 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 4-еуі жаңа жағдай болса, 1-еуі туберкулезбен қайта ауырған. Осы көрсеткішті 2023 жылдың осы мерзімімен салыстырсақ, 5 жағдайға өскенін байқауға болады. Биыл тіркелген кеселдің 4 жағдайы Жалағаш кентінен, 1-еуі Мақпалкөл елді мекенінен. Науқастар оқушылар, зейнеткерлер, жұмыссыздар арасынан анықталып отыр.
– Туберкулез өкпе және лимфа түйіндерде ерекше қабыну өзгерістерінің пайда болуымен сипатталады. Бұл тек өкпе ауруы ғана емес, сонымен қатар адамның барлық ағзаларының, яғни сүйектердің, бүйректердің, мидың және ми қабықтарының, терінің, көздің және басқа да ағзалардың зақымдануынан пайда болады. Алайда өкпе туберкулезі жиі кездеседі. Жұқтырудың негізгі көзі – туберкулездің ашық түрімен ауыратын, яғни сыртқы ортаға микобактерияны бөлетін адам, – деді С.Елтайқызы.
Маманның сөзіне сенсек, бұл дерт адамға ауамен таралады. Жөтелгенде, түшкіргенде өкпе туберкулезі бар адамдар ауаға туберкулез бактерияларын жаяды. Жұқтыру үшін адамға осындай бактериялардың аз ғана мөлшері жеткілікті екен.
– Туберкулез қоздырғышының сыртқы ортада ұзақ уақыт сақталу қабілеті бар. Мысалы, микобактериялар тозаңданған, көгерген үй-жайларда адамдар үшін қауіпті, сондай-ақ олар жылдар бойы өмір сүруге қабілетті. Науқас адам жөтелгенде қақырықпен бірге түшкіру, сөйлегенде қоршаған ортаға 2-6 м радиуста ауада таралатын миллиондаған микобактерияларды бөледі, олар еденге, заттарға шаңмен бірге тұнады және көптеген жылдар бойы өміршең болып қалуы мүмкін. Туберкулез ауруына тек адамдар ғана емес, сонымен қатар мал да шалдығады. Ауру жануардың сүті, еті адам үшін жұқтыру көзі болуы мүмкін. Егер өкпе туберкулезімен ауыратын науқас барлық гигиеналық талаптарды сақтаса, ол айналадағыларға қауіпсіз. Өкпе туберкулезі тұқым қуаламайды, – деді спикер.
Ол туберкулез ауруымен ауыратын ата-аналардың балалары сау болып туатынын айтады. Алайда сақтық шараларын сақтамаған жағдайда бала туберкулезді жұқтырып, ауырып қалуы мүмкін екен. Туберкулез микобактериялары адам ағзасына түскен кезде ауру жұғады, бірақ оның дамуы әр жағдайда болмайды. Өкпе туберкулезінің ауруы иммунитет төмендеген, жеткіліксіз тамақтану, қанағаттанарлықсыз санитариялық-гигиеналық жағдайларда орын алады. Негізінен иммунитеті нашар балалар, жыныстық жетілу кезеңіндегі жасөспірімдер және иммунитеті төмен қарт адамдар ауырады.
Бұл дерттің пайда болуына не әсер етеді? Журналистердің бұл сауалына сала маманының жауабы бар. Яғни толыққанды тамақтанбаудан, осы дертпен ауыратындармен тығыз, ұзақ қарым-қатынас жасаудан, маскүнемдік, нашақорлық, шылым шегу, ілеспе аурулардың болуынан аталған кесел пайда болады екен. Белгілеріне келсек, екі аптадан астам жөтелу, шаршау және әлсіздік, дене салмағының төмендеуі, температураның ұзақ көтерілуі, түнде тершеңдік, кеуде қуысындағы ауырсыну, қан түкіру дерттің негізгі белгілері болып табылады.
Туберкулезді қалай анықтауға болады? Ең алдымен тері туберкулин сынамасы адамның жұқтырғанын көрсетеді. Рентгенологиялық тексеру өкпенің зақымданғанын айқындайды. Қақырықты зерттеу жөтел кезінде бөлінетін микробтардың бар-жоғын анықтайды. Ал бұл дерттің қайтсек алдын аламыз? Бұл сауалымызды да сала маманы жауапсыз қалдырмады.
– Салауатты өмір салтын ұстану керек. Бұл мақсатқа жетудің ең жақсы жолы – күн тәртібін құру және ағзаны шынықтыру. Таза ауада серуендеу, күн және су процедуралары, дене шынықтырумен айналысу, демалыспен еңбек жүктемесінің дұрыс үйлесімі, толық дәрумендерге бай тамақтану, жеткілікті және уақытылы ұйқы, яғни дұрыс гигеналық тәртіп адам ағзасының нығаюына ықпал етеді және оны туберкулез ауруынан қорғайды. Жыл мезгіліне қарамастан таза ауада мүмкіндігінше көбірек болу қажет, өйткені таза ауа ағзаға жақсы әсер етеді және шынығудың тамаша жолы болып табылады. Жеке гигиена ережелерін сақтау керек. Жуу құралдарын және ағынды суды пайдалана отырып, қолды, ыдыстарды жуып, тұрғын үй-жайларды ылғалды жинау және желдету, ет пен сүтті міндетті термалық өңдеу, жеке гигиеналық құралдармен ыдыстарды пайдалану, су процедуралары, яғни сүртіну, құю бәрі-бәрі маңызды. Жөтел этикетін де сақтаған жөн. Гигиеналық тәртіптің маңызды бөлімі дұрыс тамақтану болып табылады. Адам тәбетінің жоғарылауына ықпал ететін және ағза жақсы сіңіретін түрлі тағамдарды жеу керек. Тағам құрамына ақуыздар, майлар мен көмірсулардан басқа міндетті түрде витаминдермен минералды тұздар кіруі тиіс. Ақуыздар, ет, сүт, сүзбе, жұмыртқа да болады. Көмірсулар, қант, нан, картоп, жарма да болғаны дұрыс. Витаминдер мен минаралды тұздар негізінен жаңа піскен көкіністермен жемістерде болады. Туған кезде БЦЖ-мен міндетті түрде вакцинациялау және 6-7 жаста қайта вакцинациялау, туберкулезді дер кезінде диагностикалау да маңызды, – дейді сала маманы.