Kyzylorda-news.kz. Медицина саласындағы қиындығы көп, жауапкершілігі жоғары мамандықтардың бірі – хирург. Бүгінде адам өмірін құтқаруды мақсат еткен ақ желеңділер қаншама науқастың жанын арашалап, барын салып жүр.
Отадан аман шыққан адамдар шүкір етіп, дәрігеріне алғысын жаудырады. Дегенмен, олардың суық зал ішінде өмір мен өлім арасында құтқарушы қызметін атқара жүріп, ота жасаудың түрлі қиындықтарына кезігетінін біле бермейміз.
Қазірде ауданда халыққа қызмет көрсетіп, өз ісін жетік меңгерген дәрігерлер аз емес. Жүздеген отаны атқарып, жүздеген жанға демеу болып жүрген сондай жандардың бірі – жоғары санатты дәрігер-хирург Бақытбек Жамантаевпен аталған тақырып аясында әңгіме өрбіттік.
Бақытбек Мырзабекұлы «Шиелі ауданаралық ауруханасында» хирургия бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарады. 1972 жылы Өзбекстанда туған. Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтын үздік аяқтағаннан кейін дәрігерлік еңбек жолын Шиелі ауданының ауруханасында жалғастырды. Бүгінде аталған мекемеде жұмыс істеп жатқанына 28 жыл. 2015 жылы облыстық «Жылдың үздік дәрігері» номинациясының, 2018 жылы «Денсаулық сақтау саласының үздігі», 2023 жылы Шиелі ауданының 95 жылдық мерейтойына орай аудан әкімінің ұсынған «Алтын дәрігер» медалінің иегері. Қазірде 6 қыз, 1 немеренің атасы болып отырған білікті маман өз қызметін адал атқарып келеді. Аудан арасында Бақытбек ағайды білмейтін адам кемде-кем.
– Бақытбек Мырзабекұлы, аудандағы ота жасаудың бүгінгі деңгейі қандай?
– Ота жасау біршама жеңілдеді, себебі ол үшін қазір бізде барлық мүмкіндік бар. Бұрын 14 жасқа дейінгі балалар ауыр ота түріне сұраныспен келгенде, оларды бірден қалаға жіберетінбіз. Ал қазір тек аса күрделі оталарда ғана қалалық мамандардың көмегіне жүгінеміз.
– Ауданда қандай дерт көп, қай ота түрі жиі жасалады?
– Соқырішекке жиі ота жасаймыз. Кейде оның жарылып кету сияқты күрделі түрлері де кездесуі мүмкін. Өт қалтасын алу, грыжаларға жасалатын оталар көп. Сондай-ақ адамдар өт-тас аурулары, онкологиялық аурулар мен ұйқыбездің қабынуы секілді диагнозбен жиі келеді.
– Жылына қанша ота жасалады?
– Ауруханадағы хирургия, травмотология, оториноларингология, стамотология бөлімдерін қоса есептегенде, жылына барлығы 1200-ге жуық ота жасалады. Ал өзіміз бір жылда 400-дей отаға қатысамыз. Ота саны әр күні әртүрлі болады. Бір күнде сегіз ота жасаған кездеріміз де болған. Мәселен, кеше түскі уақытқа дейін үш ота жасап үлгердік. Ауруханаға науқастар көбіне порталға тіркелу арқылы келеді, бірақ кейде шұғыл жағдайлар да болуы мүмкін. Әдетте олар жол апатының салдарынан немесе соқырішектен болады. Қазір травмотологиялық оталарды көп жасап жүрміз. Сондықтан осындай сәттерге үнемі дайын отырамыз.
– Ота жасау кезінде қиындықтар бола ма?
– Әрине. Бірде жеті сағатқа созылған ота болған. Ота кезінде бұрын көрмеген нәрселермен кездесіп қалуымыз мүмкін. Бұндай уақытта бірден қалалық дәрігерлермен байланысып, көмек сұраймыз. Осы тұста күн-түнге қарамай, қай сала болса да, барынша көмек көрсететін облыстық аурухананың дәрігерлеріне алғыс білдіремін. Дегенмен, қазір ота жасау біршама жеңілдеді. 2014 жылдан бері лапароскоп деп аталатын аппараттың көмегімен жұмыс істейміз. Ол арқылы адамның ішкі құрылысын экраннан анық көруге болады. Аппаратпен жұмыс істеу жеңіл әрі ыңғайлы.
– Бір отаны жасауға неше адам қатысады?
– Отаға байланысты әртүрлі болып кіреміз. Менің қасымда Талғат Ыдырысов және Азамат Мақұлбеков деген дәрігерлерім бар. Одан бөлек, ота жасау залында мейірбике, санитар дәрігер, наркоз беруші дәрігер және оның мейірбикесі болады. Бір от кезінде он адам тұрған жағдайлар да болған. Оның барлығы жасалатын отаның көлемі мен қиындығына байланысты.
– Әр отаға кірердің алдында қандай сезімде боласыз?
– Мен Ақтөбедегі мединститутты бітірдім. 5-курстың кезінде түрлі оталарға қатысып, дәрігерлерден тәжірибе жинайтынмын. Бір түннің ішінде тоғыз ота жасалған сәттерге куә болдым. Сондықтан бұл салаға әбден дайындалып келгендіктен, аса қатты қорқыныш болған жоқ. Қазір үйреніп кеттім. Аурухана дәрігерлері де біраз тәжірибе жинақтады. Қазір менің көмегімсіз ота жасай береді.
– Хирург маман қандай болу керек?
– Әрине, бірінші, білім керек. Екіншіден, дәрігер-хирург уақытпен санаспау керек. Ота кезінде түрлі жағдайлар орын алуы мүмкін. Адамдар ота аяқталғаннан кейін, бәрі жеңіл өтті, еркін жасап шықты деп ойлайды. Бірақ, шынында, суық залдың ортасында өзіміз бір өліп, тірілеміз. Сондықтан тез арада шешім қабылдай алу керек. Батылдық керек. Адамгершілік керек.
– Сұхбатыңызға рақмет!