Kyzylorda-news.kz. Туберкулез – өте ауыр инфекциялық ауру. Онымен күрес те ұзақ уақыт талап етеді. Аурумен күрескеннен гөрі, оның алдын алған тиімдірек. Сондықтан өңір-өңірде аталған аурумен күрес және оның алдын алу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Мәселен, Қызылорда облысында 2022 жылдың 9 айында туберкулездің 330 жағдайы тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21,6%-ға артқан. Басым көпшілігін тыныс алу жолдарының туберкулезі құрап отыр.

Қала, аудан бойынша жеке тоқталатын болсақ, сырқаттанушылық деңгейі Жалағаш ауданында бір деңгейде болса, қалған өңірлердің барлығында эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз болып қалуда. 

Туберкулездің ашық түрімен ауырғандар саны облыс бойынша 1,3 есеге жоғарылаған. 

Індетке шалдыққандардың 66%-і әлеуметтік белсенді топтар, яғни 18-64 жас аралығындағы тұрғындар. Сырқаттанушылықтың 5,4%-ы 14 жасқа дейінгі балалар және 5,4%-ы жасөспірімдер арасында тіркелген.

Эпидемиологиялық талдау нәтижелері көрсеткендей, туберкулезге шалдығу деректері көп жағдайда жұмыссыздар және зейнеткерлер арасында тіркелді. Жыл басынан бері туберкулездің 5 асқынған түрі және 10 өлім-жітім жағдайы ересектер арасында тіркелді. Көз жұму деректерінің 5-еуі Қызылорда қаласында және 1 жағдайдан Жалағаш, Қазалы, Жаңақорған аудандарында, 2 жағдай Байқоңыр қаласында тіркеуге алынды. Аурудың асқыну және өлім-жітім себептері ауыру қаупі жоғары «тәуекел» топтағы контингенттердің уақытылы флюрографиялық тексерілмеуі, ауру клиникасы пайда болғанымен тұрғындардың медициналық көмекке кеш жүгіну салдарынан болуы ықтимал. Туберкулез ошақтарына, қарым-қатынастағыларға эпидемиологиялық бақылау, зерттеу, ауру көзін анықтау шаралары медицина ұйымдары мамандарымен бірлесіп жүргізілуде. Туберкулезден өлім-жітім жағдайы 2021 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 1 жағдайға төмендеген.

Туберкулезге қарсы егілмегендер саны – 416, ата-анасының екпеден бас тартуы себепті вакцина алмағандар саны 58-ден 85-ке өскен. Бұл сәйкесінше туберкулез ауруының эпидемиологиялық ахуалының тұрақсыз болып қалыптасуына әсер етуде. Бұл ретте санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласының қызметкерлері денсаулық сақтау ұйымдары мамандарымен бірлесіп, санитариялық-ағарту жұмыстарын жүргізуде. 

Ауа барлық адамға ортақ болғандықтан туберкулез бактериясын жұқтырудан ешкім қорғалмаған. Әсiресе балалар мен егде жастағылар үшiн өте қауiптi. Туберкулезбен ауыратын адаммен жақын қарым-қатынас жиi, әрi ұзақ болса, түрлi себептермен ағзаның қорғаныш күшi әлсірегенде туберкулез таяқшалары белсендiлiк танытып, аталмыш аурудың қозуына себепшi болады. 

Бүгiнде ауру ерте анықталып, емдеу шаралары уақытылы жасалған жағдайда туберкулезден толық сауығып шығу мүмкіндігі дәлелденген. 

Туберкулездің алдын алудың тиімді әдісі – профилактикалық медициналық тексеруден өту. Туберкулез рентгенологиялық әдіспен анықталады, яғни кеуде қуысын флюорорграфиялық және рентгенологиялық тексеруден өткізу. 

Ал балалар арасында туберкулезді анықтаудың маңызды әдісі-туберкулин сынамасын қою. Туберкулин диагностикасы 12 айдан бастап 14 жасқа жеткен тәуекел тобындағы балаларға Манту сынамасын қою арқылы жүргізіледі. Манту сынамасын бұрынғы қойылған сынамалардың нәтижесіне қарамастан жылына бір рет қояды. Ол БЦЖ вакцинасын егу мен қайта егу контингентін іріктеу мақсатында жасалады. Балалар үшін БЦЖ вакцинасын егу ең алдымен туберкулез менингиті, ауыр түрдегі аурулардың таралуынан қорғайды. Алғашқы екпені жаңа туылған бала перзентханада 0-4 күн ішінде алады. БЦЖ ревакцинациясы тек дені сау, алынған манту сынамасы теріс болған 6-7 жастағы балаларға жүргізіледі.
 

Тағы да оқыңыз: