Kyzylorda-news.kz. Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова медицина қызметкерлерімен онлайн кездесу өткізді.
«Аймағымызда 17 647 медицина маманы жұмыс жасайды. Биылғы жыл бәріміз үшін, оның ішінде медицина саласына сын болуда. Коронавирус инфекциясымен ауырғандардың 93 пайызы сіздердің арқаларыңызда аман-есен отбасыларымен қауышты. Осы ретте сіздерге індетпен күрестегі еселі еңбектеріңіз үшін үлкен алғысымды білдіремін. Мемлекет басшысының Жарлығы бойынша Мемлекеттік наградамен 23 әріптестеріміз марапатталды. Өкінішке орай, олардың 8-нің марапатын отбасына беруге мәжбүр болдық. Олардың еңбегі ешқашан ұмытылмайды», – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
«COVID-19» инфекциясына қарсы күрес шараларына тартылған, жұқтырған және қайтыс болған медицина қызметкерлерін қаржылық қолдау мақсатында үстемеақы мен жәрдемақы төленуде. Наурыз, сәуір, мамыр, маусым айларына барлығы 1 млрд. 117,6 млн. теңге, ал, шілде айына барлығы 3394 қызметкерге 943,4 млн. теңге үстемеақы берілді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша күз мезгілінде пандемияның келесі кезеңі күтіледі деп жоспарлануда.
Президент тапсырмасына сәйкес пандемияның күзгі легіне жан-жақты дайындық жұмыстары жүргізілуде. Аурухана, емхана және дәріханаларда бір ай және екі айлық дәрі-дәрмек қорлары жасақталуда. Жеке қорғаныш құралдары мен медициналық құрылғылармен жабдықтау жалғасуда.
Бүгінгі таңда модульді 200 орындық инфекциялық-стационар мен 5 нысанның құрылысы жүргізілуде.
Кездесуде облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Мирамкүл Әлмаханова, облыстық психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері Әділбай Медетбаев, Арал ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Марат Ршымбетов және Жалағаш ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Баян Бурамбаева атқарылған жұмыстар туралы баяндап, медицина саласы қызметкерлеріне көрсетіліп жатқан қолдауға алғыстарын білдірді.