Елімізде жұқпалы аурулар көбейген. Оның басым көпшілігі ауа-тамшылы жұқпалылар тобына жатады. Бактериялар тудыратын сырқаттарға күл ауруы, көкжөтел, туберкулез, қызамық менингококтық жұқпа, гемофильді жұқпа және басқалары жатады. Мұнан бөлек қызылша, қызамық, ЖРВИ және тұмау да осы аурулар қатарында.
Бүгінде аудандық ауруханадағы жұқпалы аурулар бөлімінде бұл сырқат түрлерімен ауырып ем алып жатқан тұрғындар көп. Науқастардың жай-күйімен танысу үшін аптаның сәрсенбісінде аталған бөлімге бет бұрдық. Бөлім меңгерушісі, инфекционист дәрігер Айгерім Иманмырзаеваның айтуынша, біз барған күні қызылша ауруымен 2 науқас, ЖРВИ сырқатымен 10 науқас ем алып жатыр екен.
– Жұқпалы аурулардың басым бөлігі адамдармен тікелей байланыс кезінде ауа тамшысы арқылы тарайды. Сырқат температураның жоғарылауынан, тамақтың жыбырлауы, мұрынның бітуі, жөтел, бас ауруларынан, жалпы әлсіздіктен басталады. Ал қызылша, қызамық сияқты инфекцияларда тері қабатында бөртпе пайда болады. Егер ауамен тасымалданатын инфекция түрі болса, маска киіп, адамдар көп жиналатын жерлерден алшақ болған жөн, – дейді бөлім меңгерушісі.
Өздеріңіз білетіндей, әсіресе жазғы маусымда балалар арасында жедел ішек инфекциясы бас көтереді. Инфекция гигиеналық тазалықтың төмен дәрежеде болуынан, азық-түліктерден, мәселен, жуылмаған көкөністерден, сапасыз тағамдарды пайдаланғаннан, ауыз суды қайнатпай ішкеннен және лас суға түскеннен болады.
– Жедел ішек инфекциясымен былтыр 224 науқас түсті. Оның 179-ы – 14 жасқа дейінгі балалар. Қызылшамен 19 науқас болса, 14 жасқа дейінгі балалар саны – 14. Ал кенелік риккетсиоз – 2-еу, созылмалы сарып сырқатымен – 2 науқас түсті. Тұрғындар әсіресе жаздың алғашқы айынан бастап мерзімінен ерте піскен бақша өнімдері мен жеміс-жидектерді көп тұтынып, санитарлық-гигиеналық нормалар мен қағидаларды сақтамайды. Салдарынан әсіресе 5 жасқа дейінгі балаларда іш өту көп орын алады, – дейді дәрігер.
160 науқас ем қабылдаған
Қызылша – инфекциялық жұқпалы ауру. Көбінесе балаларда кездеседі. Ауруға қарсы екпе алмаған адамның қызылшаны жұқтырып алуы әбден мүмкін. Вирус ауа тамшылары арқылы сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауру адамның сілекейімен сыртқы ортаға тарайды.
– Балалар арасында бұл дерт жиі кездеседі және қауіпті инфекция болып саналады. Баланың ыстығы көтеріліп, денесін бөртпе басады. Бұл дерт ертеден белгілі. Қызылша – вирусты инфекция. Статистикаға жүгінсек, вирусты он адамның тоғызы жұқтырады. Бұл дерттен менингит секілді әртүрлі асқынулар туындайды. Қазір еліміз бойынша бұл сырқат түрі ең өзекті мәселе болып тұр. Себебі ол жылдам жұғып, тез таралуда, – дейді Айгерім Иманмырзаева.
Ауданда жыл басынан бері аталған бөлімде 160 науқас түрлі сырқат түрімен ем қабылдаған. Мәселен, қызылшамен 26 науқас түскен. Оның 13-і – 14 жасқа дейінгі балалар. Сондай-ақ вирусты гепатит А 2 науқас, жедел ішек инфекциясымен 2 науқас түскен.
Бүгінде аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінде 2 науқас осы қызылша дертімен күресіп, қажетті ем-шаралар қабылдауда. Аудан бойынша бұл сырқат түрімен ауырып жатқандар саны азайды деп айта алмаймыз. Себебі бөлім меңгерушісінің айтуынша, бұл сырқат түрінен бірі емделіп шығып жатса, екіншісі түсіп жататын күндер көп кездеседі. Тіпті бөлімде осы сырқат түрімен 10 науқасқа дейін ем қабылдаған күндер болған.
Мысалы, былтыр бұл вирусты асқындырып алған 19 науқас ауруханада ем алған. Мұнан бөлек орташа және жеңіл дәрежеде ауырып, үйінде ем алған науқастар қаншама. Бөлім меңгерушісінің айтуынша, қызылша басталған кезде әуелі бірыңғай кішкентай балалар ауырып бөлімшеге түскен және олардың қызылшаға қарсы ешқайсысы екпе алмаған. Осы ретте дәрігер қызылшамен ауырмаудың ең тиімді әдісі вакцина алу екенін ескертті.
Ал ЖРВИ-мен балалар және иммундық жүйесі әлсіреген адамдар жиі ауырады. Жұқтыру мен ауру арасында орташа алғанда шамамен 1-2 күн өтеді. Сырқаттанған адамда шаршау сезімі, әлсіздік, бас ауру, бұлшық еттер сырқырау, дене қызуы жоғары болуы, жөтел кездеседі. Кейбір жағдайларда тыныс алу жолдарының зақымдануымен қатар конъюнктивит, яғни көздің шырышты қабығының қабыну белгілері болуы мүмкін.
Дәрігер бұл сырқатпен былтыр 1120 науқас түскенін айтады. Оның 773-і – 14 жасқа дейінгі балалар. Ал биыл жыл басынан бері – 130 науқас аталған бөлімде ем қабылдаған және оның 80-і 14 жасқа дейінгі балалар екен. Барлығы толық ем қабылдап, құлантаза айыққан.
Маман кеңесі:
– Бірінші кезекте дұрыс салауатты өмір салтын қалыптастыру қажет. Яғни тек қана спортпен айналысу емес, дұрыс тамақтану, иммундық жүйені шынықтыру керек. Қазір көп ата-ана балаларға құнарсыз тағамдарды жиі береді. Тіпті жеңіл-желпі тағамдар беріп, баланың асқазанын құртатын аналар да бар. Алдыма «менің балам йогурттан басқа ештеңе жемейді» деп келетін аналар өте көп. Жалпы балаға үйдің тағамын, асылған, ет тағамдар беру керек. Ал біздің аналар керісінше тез дайындалатын жеңіл немесе фас-фуд өнімдеріне құмар. Балалар бөлімге үнемі құсып түсіп жатады. Оның бәрі инфекция емес, өт жолдарының бұзылуынан болып жатады. Себебі баланың тамақтануы дұрыс емес. Тіпті 1,2 жасар баланың өзінде осындай жағдайлар жиі кездеседі. Көпке топырақ шашпаймын, десе де кей ата-аналар бар, «балам жыламаса болды» деген түсінік қалыптастырып, баланың не ішіп, не жейтініне мән бермейді. Сондықтан ата-аналарға ең алдымен балалардың дұрыс тамақтануын қалыптастыруға кеңес беремін. Ол әрине иммундық жүйенің қалыптасуына оң әсер етеді. Асқазан ішек жол, өт жолдарын дұрыс қалыптастырады. Сондай-ақ уақытылы балаларға екпе салдыру қажет. Кез келген жұқпалы дертке салғырт қарауға болмайды, – дейді Айгерім Иманмырзаева.