Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған науқастар саны 231 адамға жетті. Соңғы тәулікте жаңадан анықталған 1 жағдай туралы бүгін облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндады.

«Қазіргі таңда Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған 231 жағдай тіркелді. Соңғы тәулікте жаңадан 1 жағдай анықталды. Аталған науқас – Қызылорда қаласынан. Ол кеше анықталған науқастың отбасы мүшесі, 2 жасар бала. Осылайша, Қызылорда қаласында инфекция жұқтырған науқастар саны 94 тұрғынға жетті», – деді Жақсылық Абдусаметов.

Оның айтуынша, COVID-19 індетін жұқтырған өңірдегі 231 науқаспен байланыста болғандардың жалпы саны – 3270. Оның ішінде, жақын қарым-қатынаста болғандар саны – 1798, ықтимал байланыста болғандар – 1472 адамды құрап отыр. Бүгінгі таңда барлығы бақылауға алынып, оқшауланған. Барлығының жағдайы қанағаттанарлық.

Сондай-ақ, бүгінгі таңда облысымыздағы жұқпалы аурулар ауруханасында – 71, правизорлық стационарда – 18, карантиндік стационарда – 131 адам бақылауда.

Брифингте Жақсылық Әбілқасымұлы мәлімдегендей, өткен тәулікте облысымызда коронавирустық инфекцияға байланысты 813 тест сынамасы жасалыпты.

«Соңғы тәулікте 813 тест сынамасы жасалды. Оның 805 – теріс мәнді болып шықты. Біреуі оң нәтиже берді. Ал, 7 – әлі тексерілу үстінде. Бүгінде облысымызда 4300 тест сынамасының қоры қалды», – деді ол.

Сондай-ақ, басқарма басшысы облыс тұрғындарын әлеуметтік арақашықтықты сақтауға шақырды.

«Өңірде коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу үшін бірнеше сақтық шараларын күнделікті дағдыға айналдыруымыз керек. Соның бірі – әлеуметтік арақашықтық. Бұл дегеніміз – қоғамдық орындарда, көшеде және тағы да басқа жерлерде басқа адамдармен 1 метр арақашықтықты сақтау. Қауіпті індетті жұқтырған адам түшкіргенде, одан жан-жағына майда ауа тамшылары таралады. Осылайша, ауаға инфекция таралады. Ал, жанындағы адам дем алғанда вирус жұқтырып алуы мүмкін», – деді Ж. Әбілқасымұлы.

Айта кетейік, бүған дейін Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияға шалдыққан науқастардың саны 229 адамға жеткенін хабарлаған болатынбыз.

Тағы да оқыңыз: