Kyzylorda-news.kz Бүгінгі жас буын білім саласына айрықша ден қойған. Соған сәйкес, елімізде қолдау көрсетуде. Қазақстандық жоғары оқу орында білім алып жүріп, шет мемлекетке де білімін жетілдіруге арналған түрлі бағдарлама бар. Соның ең үздіктерінің бірі Еуропалық Erasmus+ бағдарламасы. Қазіргі таңда, осы бағдарламамен қызылордалық студент Рауан Бидан Бельгия мемлекетінде тәжірибе алмасуда. Ренессанс стиліндегі ғимараттарымен танымал елдің білім саласындағы даму динамикасы қалай? Осы жөнінде Рауан Биданмен тілдестік.
- Erasmus+ бағдарламасын толығырақ түсіндіріп берсеңіз.
- Erasmus+ бағдарламасы Еуропалық Одақтың қолдауымен 2014 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан жоба. Көптеген студентке шетелде білім алуға мүмкіндік беріп келеді. Жалпы, бағдарламаның мақсаты – білім беруді, кәсіптік даярлықты, жастар мен спорттық бастамаларды қолдау, сондай-ақ қатысушы елдер арасындағы мәдениетаралық түсіністік пен ынтымақтастыққа жәрдемдесу. Бұл бағдарламаның грантын ұтып алған жағдайда олар сізге тегін оқу және стипендия тағайындайды. Көбінесе студенттер exchange program (1 семестр басқа мемлекетте білім алу мүмкіндігі) бағдарламасының аясында Erasmus+ бағдарламасынан грант жеңіп алады.
- Неге Бельгия мемлекетін таңдадыңыз?
- Мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студентімін. Біздің университетте Польша және Бельгия мемлекеттерінде 1 семестр білім алуға мүмкіндік береді. Менің таңдауым Бельгияға түсті. Себебі бұл мемлекеттің мәдениеті, адамдары және менталитеті маған қатты ұнайтын еді. Сол себепті осы мемлекетті таңдадым.
- Бельгия еліндегі университеттің оқу процесі, атмосферасы жайлы айтсаңыз.
- Мен қазір Бельгия мемлекетінің Брюгге қаласындағы Howest университетінде білім алып жатырмын. Барлық Еуропа елдеріндей бұл университетте де білім беру деңгейі жоғары. Студенттердің білім алуына барлық мүмкіндік жасалған. Оқу үдерісі қатты ұнап жатыр. Бұл университетте сабаққа келу-келмеу (attendance) қатты қадағаланбайды, себебі білім студенттердің өздеріне керек, мұғалімдерге емес. Бәлкім, осы әдіс-тәсілдің арқасында студент шыныменде білім өзіне ғана керектігін сезінетін сияқты.
- Шет елде білім алу үшін ағылшын деңгейі қажет. Сіз ағылшын тілін қалай үйрендіңіз?
- Мен мектепте оқып жүргенде ағылшын тілінің маңыздылығын түсінбейтінмін. Әкем Ұлыбританияға оқуға түскенде отбасымызбен бірге көшіп бардық. Ол кезде ағылшын деңгейім өте нашар еді. Сол жаққа мектепке түсіп, бір жыл сонда оқыдым. Міне, осы бір жылда ағылшын деңгейім өте қатты жақсарды. Кейін әкем оқуын тамамдаған соң, елге оралдық. Мүлде бірнәрсені жасамағаннан кейін ұмтылатыны сөзсіз. Ағылшын деңгейім нашарлап кетті. Аз-аздан үздіксіз болса да қайталап тұрған дұрыс еді. Осылайша, мектепті аяқтап Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне оқуға түсіп, бір жағынан «Білім Ыбырай» қоғамдық қорының стипендиаты атандым. Осы қордың көмегімен ағылшын деңгейім едәуір жоғарылады. Бұған қоса, мұғалімге қажетті түрлі семинарлар, сабақтар, жобаларға қатысып келемін. Кәсіби, тұлғалық дамуыма көмегі тиюде.
- Жалпы, Бельгиядағы қазіргі өміріңізбен бөліссеңіз. Оқуға немесе саяхатқа баруға тұрарлық мекен бе?
- Бельгия дамыған мемлекеттер қатарындағы ерекше ел. Бұл елдің өзіндік жеке тілі жоқ. Халқы француз, неміс және нидерланд тілдерінде сөйлейді. Брюссель қаласы Бельгияның астанасы болып табылады. Қалалары өте үлкен емес, жаяу жүргінші туристтер үшін өте қолайлы. Бельгия өзінің вафли және шоколадымен танымал. Шынымен де, бұл елде жасалатын вафли басқаша екен, ерекше дәмі бар, маған қатты ұнады. Сонымен қатар, тұрғындар велосипедпен жиі жүреді. Оны жалға алуда өте арзан екен.
- Шетелге шыққысы келетіндерге қандай кеңес бере аласыз.
- Шетелге шыққысы келетін адамдарға айтарым, қорықпаңыздар. Көбіне қорқып немесе өзіне сенбегендіктен көптеген мүмкіндіктен айырылып қалып жатады. 1 рет шетелге шығып кішкене қиналасыз, бірақ содан кейін кез келген мемлекетте өмір сүре алатын деңгейде боласыз. Бірақ көзді жұмып шетелге шығып кетуге де болмайды. Менің берер кеңесім, ағылшын деңгейін кем дегенде А2 деңгейіне дейін көтеріп алыңыз. Өйткені бұл деңгей өзге ұлт өкілдерін түсініп, оларға ойыңызды жеткізе алу үшін қажет. Жалпы, тіл білген тілегіне жетеді. Шетелге шығу, жан-жақтың мәдениетімен танысу, өзге мемлекеттердің азаматтарымен араласу адамды дамытады. Ал адам ылғи даму үстінде болуы керек деп ойлаймын.
- Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Азамат Абимолда