Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен аймақтағы білім беру ұйымдарының қауіпсіздігі бойынша селекторлық мәжіліс отырысы өткізілді.

Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдарының өкілдері, білім, денсаулық сақтау саласының басшылары, мектеп және колледж директорлары, балабақша меңгерушілері қатысты.

Күн тәртібінде білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік шараларын алдын алу, бейнебақылау мен дабыл түймелерімен толық қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Мәжілісте облыстық білім басқармасының басшысы М.Шермағанбет және полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Б.Ибраев білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздігі бойынша баяндама жасаса, денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары М.Мирзанова мүмкіндігі шектеулі балаларды білім беру ұйымдарына жолдау мәселесіне тоқталды.

Облыс әкімі орынбасары Нұрымбет Аманұлы Президент тапсырмасына сәйкес, барлық білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін 100% келтіру қажеттігін, білім нысанын инженерлік-техникалық жабдықталуын министрліктің №117 бұйрық талаптарына сәйкестендіру қажеттігін ерекше атап өтті.

«Білім беру ұйымдарының қауіпсіздігінің алдын алу және оған жол бермеу мақсатында барлық білім беру ұйымдарында тоқсан сайын түсіндірмелік сабақтар ұйымдастыру, жасөспірімдердің білім нысандары аумақтарына әкелуге тыйым салынған заттарын алып өтуін қатаң бақылау, білім беру ұйымдарының қауіпсіздік жағдайына бірлесіп зерделеу жүргізу қажет. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласы бойынша  мүдделі мекемелермен бірлесіп білім ұйымдарында білім алатын ерекше күтім қажет ететін, есепте тұратын балалармен тиісті шаралар қабылдау қажет», - деді облыс әкімінің орынбасары.

Тағы да оқыңыз: