Kyzylorda-news.kz. Елімізге Қызылорда облысының педагог-шеберлерінің үлесі өте төмен деп хабарлайды Kyzylorda news ақпарат агенттігі Қызылорда облысы білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжановтың ақпаратына сілтеме жасап.
Мәселен, Жамбыл облысында 430 педагог-шебер болса, Шымкент қаласында 208 педагог-шебер бар. Ал, Қызылорда облысында бар болғаны 30 педагог-шебер ғана бар. Оның ішінде, Сырдария ауданында бірде-бір шебер болмаса, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Шиелі аудандарында 1 ғана шебер бар. Ұстаздарымыздың белгілі бір деңгейге дейін ізденіп, оны қанағат тұтып, әрі қарай кәсіби дамуды мақсат етіп қоймауы ақтап алуға жатпайды деп есептеймін. 1-8 сағат аралық жүктемемен 1314 педагог қызмет етіп жүр. Алдағы уақытта педагогтардың жүктемесін толықтыру бағытында жұмыстар жүргізіледі. Шиелі ауданынан бастап, педагогтарға қатысты толық мониторинг жұмыстарын бастадық. Басқа да өңірлерге барып ұстаздардың сағаты бойынша талдау жасалады. Яғни квалификация бойынша кім қанша, қалай мұғалім болып жүргенін анықтаймыз, - деді облыстың бас мұғалімі Асқарбек Есжанов.
Естеріңізге сала кетейік, Асқарбек Темірбекұлы Қызылордада 81 мектеп жыл бойы оң нәтиже көрсетпегенін хабарлады.