Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Абай жолымен» атты республикалық ақындар айтысы өтіп жатыр. Сөз аламанын «Nur Otan» партиясының қолдауымен Қызылорда облысының әкімдігі ұйымдастырды.

Айтыстың ашылу салтанатына қатысқан «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек қазақтың төл өнеріне биыл ерекше қолдау болатынын айтты.

– Баршаңызға белгілі мен осы аптаның басынан бастап Шымкент қаласы мен Түркістан облысында болып халықпен кездестім. Бүгін Қызылорда облысына табан тіреп, Жаңақорған, Шиелі аудандарының тұрғындарымен пікірлесіп, ұсыныс-тілектері мен мәселелерін тыңдап, оның шешу жолдарын талқыладық. Бүгінгі сапарымның ерекшелігі – сіздермен бірге республикалық айтысқа қатысып, ақындардың өнерін тамашалауға келіп отырмын. Елбасы, «Nur Otan» партиясының көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша партия халқымыздың төл өнері – айтысты қолдап, дамытуды қолға алды. Былтыр біздің партияның қолдауымен 9 республикалық айтыс өтті. Биыл елімізде түрлі деңгейдегі 77 айтыс өтеді. «Nur Otan» партиясы барлық өңірдегі халықпен кездесуінде олардың пікіріне құлақ асып, оң шешімін табылуы үшін жұмыс жасап келеді. Сондай кездесулерде айтыстан бөлек, көркем әдебиеттің дамуына қолдау көрсетсе деп жатыр. Осы ұсыныс бойынша мүшәйра өткізуді ақылдасып жатырмыз. Халықтық партия ретінде ұлттық спорт түрлерінің дамуына атсалысып келеміз, – деді Бауыржан Байбек айтыстың ашылу салтанатында.

Оның айтуынша, халықтың мұң-мұқтажын билікке айтыскерлер жақсы жеткізе біледі. Сондықтан, еліміздің әр өңірінде ақындар додасын жиілету қолға алыныпты.

– Әрине, біздің ұлттық мәдениетімізде айтыстың орны қашан да биік. Айтыс арқылы біз көптеген мәселелерді естиміз. Партияның мүшелері, депутаттар айтыс ақындары айтқан көптеген мәселелерге құлақ асып, оларды шешуге тырысамыз. Тәуелсіздік алған жылдардан бері елімізде қандай экономикалық қиын жағдайлар болса да, мәдениетке, оның ішінде, айтысқа қолдау көрсетілмей қалған емес. Елбасымыздың «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларының арқасында көптеген игі жұмыстар атқарылды, – деді «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.

Бүгінде ұлы Абайдың 175 жылдығына орай республиканың түкпір-түкпірінде түрлі іс-шаралар легі ұйымдастырылып келеді. Сыр елі де бұл тойдан тыс қалып жатқан жоқ.

– Елбасымыз «Алаштың анасы» деп бағалаған Сыр елінде ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған шаралар легі жыл басынан басталды. Хакім Абайды ұлықтауға арналған шаралар Н. Бекежанов атындағы қазақ музыкалық академиялық драма театры сахналаған «Абай» қойылымынан бастау алды. Қала мен аудандарда да түрлі деңгейдегі мәдени-танымдық іс-шаралар өткізіліп келеді. Біздің Қызылорда облысы – қазақтың мәдениетінің нағыз қайнаған қара қазаны. Біздің өңірден талай өнер майталмандары шыққан. Сондықтан да, ұлы Абайды дәріптеуге арналған, Нұр-Сұлтан қаласында басталған айтыстың Сыр елінде жалғасуы заңдылық. Айтыс – барлық өнердің ұлысы. Ол тек өнер ғана емес, үлкен идеологиялық құрал. Сондықтан да, бүгін керемет сөз сайысы болады деп сенемін, – деді Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов.

Сыр еліндегі республикалық айтысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген 12 ақын қатысуда. Абайды ұлықтауға арналған сөз аламанына айтыстың үш буын өкілдері шақырылған. Үлкен буыннан Айбек Қалиев (Арқалық), Серік Құсанбаев (Өскемен), Кенжебай Жүсіпов (Қызылорда) айтыстың аламанын қыздырса, орта буыннан Әсем Ережеқызы (Нұр-Сұлтан), Мұхтар Ниязов (Қызылорда), Аспанбек Шұғатаев (Баянауыл), Жансая Мусина (Орал), Мейірбек Сұлтанхан (Қызылорда), Аруна Керімбек (Ақтөбе) сөз барымтасында сынға түспек. Сондай-ақ, жас буыннан Сұлужан Таубалды (Алматы), Бексұлтан Орынбасаров (Қызылорда), Аян Ниязбек (Шымкент) үлкендермен қатар үзеңгі қағыстыруға талпынып отыр.

Ал, айтыста өнер көрсеткен ақындарды белгілі халық ақыны Әсия Беркенова төрағалық еткен әділқазылар алқасы анықтайды. Олардың қатарында дүлдүл жырау Алмас Алматов, белгілі ақындар Ғалымжан Жайлыбай, Жанарбек Әшімжан, Бауыржан Халиолла бар.

Айта кетейік, айтыс ақындары көрермендердің алдында жұпталып отырады. Бұл өз кезегінде ақындардың суырыпсалмалық қасиетін көрсетіп, шаппа-шап айтысты дамыта түспек.

Сөз барымтасын қызылордалық Кенжебай Жүсіпов пен шымкеттік Аян Ниязбек бастады.

Тағы да оқыңыз: