Kyzylorda-news.kz. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы Саяси Кеңесінің мүшесі Бейбіткүл Кәрімова 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылына барып, бүлдіршіндерді мерекемен құттықтады.

«Атамекен» балалар ауылында қазіргі таңда 53 бала тұрады. Оның ішінде 4 бала биыл мектеп бітіреді. Осыған орай, университет ректоры мектеп бітіруші түлектерді құттықтап, алдағы бірыңғай ұлттық тестілеуден сүрінбей өтуіне тілектестігін білдірді.

Ректор Бейбіткүл Каримова балаларды Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-де білім алуға шақырып, өздері таңдаған мамандық бойынша 4 жыл тегін оқу сертификаттарын табыстады.
«Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 38 жас білім алуда. Олар мемлекеттік, облыс әкімінің гранттары мен университеттің, көптеген компаниялардың қолдауы негізінде тегін білім алып, ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Міне бүгін мереке аясында «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылына арнайы барлықтарыңызды құттықтай келіп, соның ішінде мектеп бітіретін жас түлектерімізді қамқорлыққа алатынымызды жеткізгім келеді. Құрметті түлектер, 11 сыныпты аман-есен аяқтап, алда тұрған бірыңғай ұлттық тестілеуден сүрінбей өтулеріңізге тілектеспін. Республикамыз бойынша бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда үздіктер қатарынан орын алатын Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенті атануға сіздерді шын ықыласпен шақырамын», – деді университет ректоры Бейбіткүл Кәрімова.

Сонымен қатар, университет жауапты ретінде қамқорлыққа алған балалар ауылындағы “Ақжайық” үйінің 6 тәрбиеленушісіне «Nur Otan» партиясы «Тұран» филиалы мүшелері тарихи-танымдық кітаптар тарту етті.
Айта кетейік, Қорқыт ата атындағы ҚМУ ұжымы жыл сайын “Атамекен” балалар ауылына келіп, балалармен түрлі мерекелерді бірге өткізіп келеді.

