Дисклеймер: Бұл материал шешім журналистикасы жанрында Solutions Journalism Lab жобасы аясында дайындалған және автордың жеке көзқарасын білдіреді.

Жаһандық жылынуды тоқтатудың жолы көп, соның бірі – көгалдандыру, соның ішінде тал егу. Бұл қалалардың экологиялық мәселесін шешуге, ауа ластануының алдын алуға көмектеседі. Бұл орайда «Қызылорда қаласындағы жағдай қандай?», «Көгалдандыру көңіл көншіте ме?» деген сауал туындайтыны заңды. Себебі қала климатына сай келмей ме, еккен талдың жыл өтпей жатып қурап, шаһардың аптабына шыдас бермейтінін көріп жүрміз. Мұндай келеңсіздіктің салдары ауыр: көгалдандыруға бюджеттен қаржы бөлінеді, ал қураған тал ол қаржының рәсуа болғанын білдіреді. Ендеше қала ішін көгалдандырудағы жүйесіздікті реттеудің жолы бар ма?

8 (2).jpg


Талдардың төлқұжаты жасалмаған, қалада тұқымбақ  жоқ

Мәліметке сүйенсек, 2025 жылға дейін республика бойынша 2 миллиард ағаш егу жоспарланған. 2021 жылы 138 миллион, 2022 жылы 280 миллион, 2023 жылы 409 миллион ағаш егіледі деген болжам бар. Тіпті, 2 млрд ағаштың 318 млн данасы тұқымын егу арқылы, 1 миллиард 682 миллион данасын көшет күйінде отырғызу жоспарланған екен. Мысалы, өткен жылы Қызылорда қаласының экологиялық жағдайын жақсартуға немесе ағаш отырғызып, суаруға жергілікті бюджеттен 11 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. Биыл бұл жұмыс жалғасын тауып, 27000 түп ағаш отырғызу межеленген. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында Қызылорда жаңа су қоймасы салынады деген болатын. 


Бұл президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2030 жылға дейін елдегі орман алқабын 5 пайызға дейін ұлғайту тапсырмасынан туындаса керек. Қазір аталған бағыттағы жұмысты жергілікті әкiмдiк атқаруда. Қаржыландыру үшін 5 жыл iшiнде республикалық бюджеттен 22,4 млрд теңге, жергiлiктi бюджеттерден 60 млрд теңге бөлу қарастырылған. Бұл қаражат материалдық-техникалық қамтамасыз етуге бөлінген. Жобаны жүзеге асыру үшін Экология министрлігі кешенді жоспар бекітті, жоба көктемгі және күзгі тал егу маусымы секілді екі кезең бойынша жүргізілуде. 


Дегенмен, сан қуамыз деп сапа естен шығып жатыр. Есте болса, сенатор Нұрлан Бекенов Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевқа жолдаған депутаттық сауалында көшеттердің өсу көрсеткіші небәрі 70 процент, яғни әр үшінші ағаштың әрі қарай бой алып кетпейтінін айтқан болатын.


«409 миллион көшеттің кем дегенде 120 миллионы тамыр алмайды. Ағаштың әрі қарай өсіп-өспегені неліктен бақыланбайды, талданбайды? Заманауи жүйелер неге жұмыс істемейді? Бақылап, күтіп-баптау және суару қондырғылары орнатылмаған. Жалпы, байқағаным, қай қалада болсын көгалдандыруға жауаптылар жер ерекшелігін ескеріп ағаш түрін таңдамайды. Отырғызу маусымын таңдауда қателік бар. Жас өскін алғашқы 3 жылда дұрыс күтімге алынбайды. Өңірлерде осы бағытта жұмысты күшейту маңызды», – деп санайды депутат. 

7.jpg

Фотосуретте ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Самалбек Қосанов


Сенатор мәлімдемесіне қатысты ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Самалбек Қосановтың пікірін білдік. Тәжірибелі маман сенатор сөзін қоштап отыр. Себебі бір ғана Қызылорда қаласында көгалдандыруға қатысты бірқатар мәселе қалыптасқан көрінеді. Қынжылтатыны, Қызылорда қаласы талдарға әлі паспорттау жүргізілмеген бірден-бір аймақ екен.


Байқасаңыз, қазір елорданың климаты өзгеруде. Айналасына жасыл белдеу орнату бойынша ауқымды жұмыс жасалған. Самалбек Қосанов сол секілді бастама Қызылорда қаласында да қолға алынса, тиісті деңгейде бақыланса деген пікір қосты.
– Қызылордада өсіп тұрған жасыл желектің саны қанша? Түрлік құрамы қандай? Қай көшеде қанша тал бар? Олардың нешеуін он жылдан кейін, нешеуін бес жылдан кейін алмастыру керек? Немесе оларды суару мәселесі қалай? Негізгі зиянкестері қандай? Қандай ауруларға ұшырайды? Бұл мәселе бойынша бірде-бір зерттеу жоқ. Сондықтан Қызылорда қаласындағы жасыл желектерді инвентаризациядан өткізу, паспортын жасау үлкен мәселе болып тұр. Жылдар бойы шешімін таппай келе жатыр, – дейді ғалым. 


Бұған қоса қаланың өзіндік тұқымбағы болмағаны мәселені ушықтырып тұр. Өйткені жыл сайын тал отырғызу маусымы басталғанда  көшеттерді сырттан әкелуге мәжбүр. Жасыратыны жоқ, бұл үрдіс 30 жылға жуық қайталанып келеді. Бізге әкелінетін көшеттер Шымкент қаласы арқылы Ташкент пен Бішкек қалаларынан келеді. Мысалы, Қызылорда қаласындағы Назарбаев даңғылы бойындағы жүргіншілер жолына отырғызған арша, үйеңкі секілді ағаштар Шымкент қаласынан әкелінген. 

3 (1).jpg
Осы орайда тақырыпқа қатысты мемлекеттік сатып-алу порталындағы жарияланған мәліметерге шолу жасаған болатынбыз. Байқасақ, өткен жылғы Қызылорда қаласында көркейту-көгалдандыру бойынша ең жоғары қымбат тапсырыс 14 млн теңгеге жасалған. Қызылорда қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль бөлімі 14 343 200 теңгеге талдарды химиялық өңдеу бойынша конкурс жариялап, жеке кәсіпкер «Алтынбаев» 14 млн теңгеге ұтып алған. Ал биыл көгалдандыру бойынша тек Қызылорда облыстық №6 есту қабілеті бұзылған балалардың арнайы (түзету) мектеп-интернаты ғана мемлекеттік сатып алу веб-порталына өтінім берген. Жеңімпаздар – жеке кәсіпкер Gulzhanar_kst және «TechPoshStroiService» ЖШС. 


Алдағы уақытта Қызылорда қаласына жақын жердегі «Сабалақ», Орбита», «Эдельвейс» «Ягодка» секілді саяжайлардан тұқымбақ ашатын уақыт келді. Яғни, қаланың теңгерімінде болатын тұқымбақ ашу қажет. Сонда сырттан келетін өнімді тежеп, өзімізді қамтамасыз ете аламыз. Талдардың жапырағы да үлкен мәселеге айналуда. Егер тұқымбақ ашылса, ол жапырақтарды сол жерге көміп, қайта пайдалануға жол ашылмақ. Сондықтан айтылған мәселеге бейжай қарамай, нақты жобаны жүзеге асыратын уақыт жеткен секілді. 


Тағы бір мәселе – жергілікті климатқа лайық тал түрін таңдау. Сырттан әкелінген мыңдаған ағаш Сыр өңіріне жерсінбей, амалсыз қурап жатады. Мұндайда желге ұшқан қаржыны көріп, алдын ала ғылыми талдау, маман пікірін ескермей, жасыл қаланы желеулету орынсыз екенін байқаймыз.


Оның үстіне Қызылордада топырақ тұздануы, жерасты ыза суының жақын жатуы, вегетациялық кезеңде күннің өте ыстық болуы өсіп тұрған талдарға әсерін тигізеді. Сондықтан аймақтың ауа райы, климатына бейімделген эндемик өсімдіктерді отырғызған тиімді. Сарапшылардың айтуынша, олар – қарағаш, қызылағаш («Сыр талы»), үйеңкі. Сырдария өзенінің төменгі ағысында өсетін тораңғыл да қолайлы.

Қызылжарма каналын іске қосып, әр аумаққа арық жүргізу керек

Судың әр тамшысы алтынға бағаланатын Араб Әмірліктерінде абаттандыруға айрықша мән береді. Өзен тұрмақ, жылғасы да жоқ. Бірақ көркейту-көгалдандыру бағытында бізден ілгері. Германияда арнайы «ағаш күтушілер» бар, кәсіби мамандар шыбық бой алғанша күтіп-баптайды. ҚХР автоматтандырылған тал егу жүйесіне ден қойып, ол үшін тіпті дронды іске қосқан. Америкалықтар болса үкімет, жеке сектор және азаматтық қоғам болып біріге әрекет етеді. Швейцария да көгалдандыру компанияларына субсидияны арттырғанын байқадық. Бұдан бөлек, халықаралық еріктілер тобы тал егуді дәстүрге айналдырып, жергілікті бюджетке салмақты азайтуда. 


Ауызды қу шөппен сүртуден аулақпыз. Бұл бағытта біраз шаруаның басы қайырылғанын айтпағанымыз дұрыс болмас. 14 жыл бұрын қала сыртынан Тұңғыш Президент саябағының құрылысы басталып, Қызылордада «жасыл белдеу» қалыптастырудың алғашқы қадамы жасалды. Жалпы Қызылорда қаласындағы саябақтарға аяқсу жеткізуде жақсы бастамалар бар. Жылда қақсып жататын Батырхан Шүкенов саябағына «Сарқырама» арнасы арқылы су жетіп тұр. «Тағзым» алаңындағы өскіндерді арнайы қазылған ұңғыма арқылы суару жоспарланған. Қаланың шет аймағы саналатын Шанхай мен әл-Фараби ықшам аудандарына су жеткізу үшін «Қызылжарма» каналының арнасы тазаланды. Бірақ бұл тұста әлі де шешілмеген түйін бар. Мұны бізге қаланың «бас бағбаны» атанып кеткен құрылысшы әрі химик-биолог Келдібай Бектұрғанов тарқатып берді. 


Оның айтуынша, 2005 жылдары өңірде «Жасыл ел» бағдарламасы кең қанат жайған. Сол тұста қаладағы Президент саябағы, облыстық полиция департаментінің алды, С.Бейбарыс көшесінің екі жағы сынды біршама аумақ жасыл желекке айналды. Алайда маман ағаш отырғызу бір бөлек, оны күтіп-баптау, суару өз алдына басқа жұмыс екенін алға тартады. 
«Тасбөгет кентіндегі байырғы Сталин, қазіргі Байқадам каналынан бастау алатын, ұзынды 4,2 шақырымды құрайтын, Жібек жолы көшесіне қарама-қарсы Сарқырама тектес бас арық салу керек. Бұл қаланың оңтүстік-шығыс бөлігін 62 процент аяқ сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берер еді, – деп қала әкіміне ұсыныс хат жолдадым. Ол тұста шаһар басшылығына С.Қожаниязов келген. Қала әкімі ұсынысты қолдады. Енді бұған облыс әкімінің келісімі керек. Сонымен не керек, ұсыныспен облыс басшысының алдына бардық. Жобаны мақұлдады. Сол мезетте қала басшысына қаржы көзін қарастыруды тапсырып, бас арық салу қолға алынды», – дейді К.Бектұрғанов.

11 (1).jpg


Сол кезде жекеменшік мекемелер тарапынан қалаға аяқсу тарту көзделген. Соның бірін іске асырып көрген екен. Дегенмен жазда су айдаған насостар қыста қатып қалып, келер жылға жарамсыз болған көрінеді. Осыдан соң 6 ай сайын 500 мыңға насос орнатқанша, тиімді жолын қарастыруды ойлайды.


Қазір Байқадам каналы тұсында 4 насос орнатылған Сарқырама тектес бас арық бар. Екеуі негізгі, екеуі резевте тұрған насос арқылы каналдың суы арыққа құйылады. Сол бас арық Тасбөгет кентінен бастауалып, №264 мектеп-лицейінің тұсынан тұйықталады. Әрі қарай арық, атыздар арқылы сол маңды аяқсумен қамтамасыз етеді. Нәтижесінде аталған аумақ жасыл желекке оранған. Осы орайда бас бағбан қаланы аяқсумен толық қамтамасыз етудің тетігі Қызылжарма каналын іске қосып, әр аумаққа арық жүргізу арқылы шешуге болады деген ой айтты.

5.jpg

Фотосуретте  өңірлік эко-амбассадор, қоғам белсендісі Болат Нұрқожаев 

 

Топпингтің тиімдісіздігі & талдарды кесу арқылы жасарту – қате

Ендігі кезекте тағы бір мәселенің шеті шығады. Ол – қалада тал кесу, балақтау жұмысының талапқа сәйкес жүргізілмеуі. Бір ғана мысал, Қызылорда қаласындағы М.Ықсанов училищесінің алдында өсіп тұрған талдар соңғы алты жылдың ішінде үш мәрте кесілген.


Өткен жылы көршілес қоныстанған Жалағаш ауданының орталығында қаншама жасыл желек жаппай кесілді. Мұндай жағдай Жаңақорған ауданында да байқалған. Осындай келеңсіздікті тоқтату мақсатында табиғат жанашырлары қарсылық білдірген еді. Сол кезде жергілікті билік жайқалған желекті кесуді қарғалардың талды топтасып паналап, қала көшелерін ластап жатқанымен түсіндірген. Бұл ретте өңірлік эко-амбассадор, қоғам белсендісі Болат Нұрқожаев жанайқайын былай жеткізді.


«Облыстық көпбейінді медицина орталығының алдындағы талдар кесілді. Назарбаев даңғылы абаттандырылып, 3000-нан аса тал жойылып, теп тегіс тұр. С.Бейбарыс көшесінде де абаттандыру жүрді, жаңадан салынған Өнер орталығының алдында да. Бірақ ондағы талға су қалай барады, оны ойлаған адам жоқ сияқты. Қазақ өсімдік қорғау ғылыми зерттеу институтына арнайы хат жазып, осы мәселені көтердім. Мамандар Қызылордада талды мұндай әдіспен кесуге мүлде болмайды деп жауап қатты. Сол үшін тездетіп осы саладан хабары бар сарапшы, эколог, қоғам белсенділерінен құралған комиссия құру керек деп есептеймін», – дейді қоғам белсендісі. 


Жалпы, тал кесу үрдісінде топпинг ұғымы бар. Топпинг, яғни талды келте қылып кесу тарихы тереңде, Америкада басталған. Сол уақыттары талды кесіп, кесілген жерден шыққан жас шыбықтарды себет тоқу мақсатында пайдаланған көрінеді. Бертін келе топпинг салдары үлкен мәселеге айналған. Себебі талдарды жөнсіз кесу салдарынан жас шыбықтар бас діңгектен шықпай, жанама діңгектен қаулап өсе бастаған. Артынша опырылып сынып, адамдарға қауіп туғызған. Оған қоса қаланың кейпін қашырып, сүреңсіз күйге түскен жасыл желектер елдің наразылығын тудырады. Осылайша, талды келте қылып кесудің тиімсіздігі сол кездері өздігінен дәлелденсе керек. Кейіннен Америкада бұл тәсілді қолдану тоқтатылды. 


Сонымен қатар көп жағдайда талдарды жөнсіз кесу, оның ғұмырын да қысқартатыны ескерілмейді. Кесілген жерге шірік түсіп, талдар ішінен шіріндіге айналады. Бұл да көп елде тәжірибе жүзінде дәлелденген. Ал біздің елде, соның ішінде Қызылордада бұл мәселеге әлі де атүсті қарайды. Сондықтан талдарды жөнсіз кесу, бүлдіру әрекеттері тыйылмай келеді.
«Біздің өңірде соңғы жылдары жасарту деген терминді жиі қолданып жүр. Бұл тұрғыда талдарды кесу арқылы оның орнына жас шыбықтар шығып, жасарған кейіпке енеді деп ойлайды. Алайда бұл тәсіл әлемдік тәжірибеде болмаған. Талдарды кесу арқылы  жасарту  қате. Тәжірибеде жасарту тәсілі жеміс ағаштарына ғана қолданылады. 


Мәселен, белгілі бір уақытта алма ағашын кесіп, орнына жас шыбықты өсіру арқылы, мол өнім алу үшін осындай тәсілдер жиі жасалған. Ал күн көлеңкесінен қорғайтын саябақтағы жасыл желектерде жасарту ұғымы болмайды. Бірақ қазір талды кесіп жүргендер бұл ұғымды теріс түсініп жүр. Бұл жерде бірінші кезекте, талды кесу, балақтау жұмыстарымен айналысатын арнайы мамандар жоқ. Екіншіден, талдың әр жерінен өскен жабайы бұтақтарды бір-бірлеп кесуге жауапсыздықпен қарау, арнайы техникалардың болмауы салдарынан түбінен келте қылып кесе салады. Сол себепті қаланың өзінде жайқалып өсіп тұрған көптеген талдар жөнсіз кесілді. Соның салдарынан аптапты аймақта орналасқан қаламызда күн көзінен қорғайтын жасыл желек саны жыл санап азайып барады», – дейді қоғам белсендісі.


Осы орайда қала көшелеріндегі талдарды жөнсіз кесу жұмыстарының жай-жапсарын білу мақсатында Қызылорда қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль бөліміне сауал жолдадық. Қызылорда қаласында тал балақтау, кесу жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы негізінде осы кезге дейін дейін «Реал строй снаб» ЖШС жеңімпаз болып анықталған. Ал бұған дейін ауа райының қолайсыздығынан туындаған тал кесу, балақтау жұмыстары демеушілік есебінен жүргізілген.


Бұдан бөлек, бөлім басшысы Жеңіс Файзуллаев биыл қалада 982,832 түп дана жасыл желек есепке алынғанын айтты. 
«Қалалық жасыл желектердің жай-күйіне мониторинг жүргізудің ақпараттық жүйесін енгізу жоспарда бар. Сондай-ақ осы жылы көктем және күз мезгілінде Қызылорда қаласының топырақтық-климаттық жағдайында өсуге бейімделген  27000 түп ағаш отырғызу межеленген. Ал аяқсу мәселесі бойынша Төле би көшесі (Байтұрсынов–Жеңіс көшесі), Әйтеке би көшесі (Желтоқсан көшесінен – Қазыбек би көшесі), Жеңіс көшесі (Бөкейхан–Төлеби көшесі) аралығында арық жүйелері жаңартылды. Сондай-ақ ЖК «Нұрата» және «Зеленстрой» серіктестігі – тал, гүл егу, арық жүйесін жаңарту бойынша мердігер мекемелер. Әуежай және Белкөл кенті жолына тұқымбақ-питомникті «Жасыл Қызылорда» мекемесі арқылы ашу жоспарға енбек», – дейді бөлім басшысы. 


Жоғарыда айтқанымыздай, Қызылорданы абаттандыру және көшеттерді суаруға қатысты қиындықтарды қала тұрғындары әлеуметтік желіде жиі талқылайды. Елді мекенде мыңдаған тал отырғызылады, бірақ аман қалатыны аз. Ол құрғақ климаттың емес, суарудағы ағаттықтан болады. Ал жеке сектордың тұрғындары қалалық арық желісінің ескіруі, судың әркелкі бару салдарынан бақшасын ауыз сумен суарып келеді.


Қызылорда қаласының экологиялық жағдайын жақсартуға немесе ағаш отырғызып, суаруға өткен жылы жергілікті бюджеттен 11 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. Қала көшелері мен жасыл алқаптарға 16 мыңға жуық қарағаш, тал, терек, үйеңкі, туя, катальпа, айлантус көшеттері отырғызылды деген дерек бар.
«Өткен жылы республикалық бюджеттен 488,4 млн теңгеге қала және қала маңындағы аудандарда тереңдігі 80-90 метр 33 ұңғыма бұрғыланды. Бұл жұмыс биыл да жалғасын тауып, 14 техникалық су алу ұңғымасын бұрғылау жоспарлануда. Оларды дамытуға облыстық бюджеттен 337 миллион теңге бөлінген» – делінген әкімдік дерегінде.

1 (1).jpg

Фотосуретте қызылордалық бағбан, орман шаруашылығы саласының ардагері Бектай Сүлейменов

 

84 жастағы қария 2 миллион тал отырғызған

Қызылордалық 84 жастағы Бектай ақсақал тал отырғызуға 12 жасынан дағдыланған. Қария бүгінге дейін 2 млн түп ағаш еккен. Сырбойылық тұрғындар «Бектай ата» деп атайтын маман қазір де жеке тұқымбағында өнімді тірлік істеп жүр. «Топырағы тұзды Қызылордада ағаш ексең, өледі» деген ұғымды жоққа шығарып, мұны жалқаудың сөзіне балайды. Себебі қазір өзі баптап отырған бақта талдың 20 түрін өсірген. Мұнда өңірге таңсық қылқан жапырақты ағаштардың түр-түрі бар, тіпті, жасыл аршаның өзі жайқалып тұр.


Адам айтса сенгісіз, бірақ бағбанның бағына келіп тұрған су жоқ. Ол мұндағы жайқалып тұрған ағаштардың барлығын насос қондырғысымен-ақ суарып отыр. 


– Қаланың сырт жағында 1990 жылдан бері тұрамыз. Жалпы 25 гектар жердің 5 гектарын баққа арнадым. Басында қиын болды. Қызылордада өсіп тұрған ағаштардың 60 пайызын мен өсірдім. Түрлі ағаш тұқымын егеміз. Теректің бірнеше түрі, арша, жергілікті қарағай бар. Барлығын қосқанда 20-дан астам түрі бар. Ынта мен еңбек болса, барлығы өседі. Мысалға, арша бұрын өспейтін. Мен осы жерге келгелі бірнеше жыл болды, аршаны өсірдім. Қарағай өспейді деген, қазір қарағай жайқалып тұр. 

3 (2).jpg


Ең жақсы көретін ағашым – арша. Сондықтан алқаптың тең жартысы аршаға тиесілі. Бір жағынан арша – фармацевт. Одан бөлінетін фитоноцидтер денсаулыққа ем. Көп деректерді ақтардым. Сонда оқығаным, арша жылына орта есеппен 1 тоннадан аса шаңды жұтып, айналасына 1,5 мың литр оттегі бөліп шығарады екен. Міне, бұл ағаштың осындай қасиеті бар, – дейді ақсақал. 


Бұған қоса Бектай ақсақал бұған дейін өз ауласымен шектеліп қоймай, аймақты көркейтуге үлес қосқан. Тұңғыш Президент саябағымен қатар әуежайға апарар жолдың қос қапталын жайқалту жауапкершілігі Бектай Сүлейменовке артылған. 
«Шаһар маңындағы Махамбетов ауылына бара жатқан жолда канал бар. Әуежай мен екі аралықты жалғайды. Қайбір жылы аймақ басшысының өтінішіне сәйкес, аталған каналдың жағалай қос қапталына 3 қатар ағаш отырғыздым. Ұзындығы – 11 шақырым. Қос қапталдағы 3 қатарды есепке алсаңыз, 66 шақырым. Бейнеттің нәтижесінде сол көшеттер қазір саялы баққа айналды, – дейді бағбан. 


Маман әңгіме барысында экология мен денсаулық сақтау саласына қатысты ұсынысын жеткізді. Әсіресе, тал отырғызу ауа тазалығын ғана қамтамасыз етпейді, туберкулезбен күреске де пайдасы зор.


– Негізі бұл ұсынысты көтергеніме бірнеше жыл болды. Бізде облыстық туберкулезге қарсы диспансер бар. Соның аумағына қарағай ағашын өсірсе деп едім. Неге десеңіз, қарағай туберкулез дертіне бірден-бір ем. Одан бөлінетін оттегі адам денсаулығына жақсы әсер етеді, – деді Бектай ата.


Ерте жастан тал егуді мұрат тұтқан ақсақал қалада көшет отырғызу мәдениеті қалыптаспағанын да айтып қалды. Расында, Қызылордада ағаш егу мәдениеті қалыптасса, шаһар жасыл желекке оранар еді. Жауапты мамандар тым науқаншыл. Тек наурыз мерекесінде көшет егіп, оның күтіп-баптау міндетіне назар аудармайды. Оған қоса тал екпес бұрын тәжірибелі мамандар пікіріне сүйену, суару жүйесі секілді мәселеге көңіл бөлінбейді.

Мәселенің шешімі неде?

Аталған тақырыпты талдау барысында маман пікірі, деректер нәтижесі, жергілікті билік жұмысы сараланды. Байқасақ, Қызылорда қаласының экологиялық мәселесіне айналған тал егу ісін жүйелендірудің бірнеше шешімін көрдік. Бірнешеуіне тоқталып өтейік:


- Алдымен қаладағы көгалдандыруға жауапты бөлім мен тал егу үшін мемлекеттік сатып-алуға қатысқан жеңімпаздар қандай ағаш егу керегін мамандармен келісу қажет. Бұл ретте Қызылорданың климатына сәйкес келетін арнайы ағаш сорттарының тізімін әзірлеу негізсіз шығынды азайтып, көгалдандырудың тез нәтиже беруіне жол ашады.


- Сонымен қатар талдарға керек аяқсу жететін арықтарды күтіп ұстау, көгалдандыру үшін мемлекеттік сатып алуды ертерек өткізу керек. Бұл егілген талдардың күтімі мен бой алып өсуіне көмектеседі.


- Қызылорда қаласындағы көгалдандыру мәселесін шешуде тұқымбақ ашу ерекше маңызды. Сондықтан қала маңындағы «Сабалақ», Орбита», «Эдельвейс» «Ягодка» секілді саяжайлардан тұқымбақ ашу қажет. Бұл қадам сырттан келетін тал санын азайтып, қаланы көшетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 


- Мамандар мен ерікті экологтармен арнайы комиссия құрып, қала ішіндегі құлауға жақын, қартайған талдарды анықтау, әрі қураған, өңір климатына жат ағаштарды тиісті мекемеге жеткізуді ұйымдастыру да мәселеге оң сипат берері сөзсіз. Бұл орайда мектеп пен ЖОО арасында арнайы челлендж ұйымдастыру нәтиже береді.


Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

Суреттерді түсірген Нұрболат Нұржаубай,

Инфографикаларды дайындаған Нұрболат Нұржаубай
 

Тағы да оқыңыз: