Kyzylorda-news.kz. Шекара асып шетелден білім алу әр адамның көкжиек танымын кеңейтіп, озық үлгідегі бағдарламалармен танысып, тұлғалық дамуына елеулі әсер етеді. Осы тұрғыдан сыртқы ақпаратты тез қабылдауға бейім жастар шетелге барып білім ізденуге, өзге мәдениетпен танысуға құштар болып тұрады.

Дегенмен, сырты жылтырақтың барлығы алтын бола бермейтіндігі секілді шетелден білім алудың соңы теріс көріністерге соқтыратыны да бар. Мұның нақты дәлелі тәуелсіздік жылдары қазақстандық азаматтар діни білімін жетілдірем деген ниетпен шетелдерге барып түрлі саяси, діни топтардың жетегіне еріп, рухани танымын мүлде басқа арнаға өзгертіп алды. Одан соң елге келіп, қазақ халқының тарихи сахнасында қалыптасқан мәдениеті мен дәстүріне керағар идеологияны қарқынды түрде насихаттап, өздеріне көптеген ел тұрғындарын ертіп те үлгерді.

Деструктивті көзқарастағы индивидтерді даярлайтын оқу орындардың білім беру жүйесінде әуелі ортақ құндылықтарды дәріптей отырып, ақырындап адам санасын еркін ойлаудан ажыратады. Нәтижесінде оқыту процесінен өткен азаматтар өздері «идеал» тұтатын ұстаздарының кез келген бұйрығын бұлжытпай орындайтын «солдатқа» айналып, сол жолда құрбан болуға дайын тұрады. Мұндай «солдатқа» айналған тұлғаларды саяси мақсатта ұйымдастырылған, діни терминдерді жалау еткен соғыс алаңдарына тарту оңай жүзеге асырылады.

Сондай-ақ, ораторлық қабілеттерін жетілдірген аталмыш «солдаттар» өз отандарына оралып,  өзін ақиқаттың жаршысы ретінде таныта отырып діндарлар арасынан белгілі бір «тобырды» қалыптастырады. Бұл процес сыртқы ықпалды күштерге өз мақсат-мүдделерін іске асырып отыруға тиімді құбылыс болмақ.

Аталмыш сипаттағы діни ағымдар ислам әлемінде ғана емес, христиандық бағытта да кездесетінін естен шығармаған жөн.
Сондықтан шетелдік оқу орындарынан білім алғысы келген азаматтар әуелі діни танымын отандық білім ордаларынан қалыптастырып алып, содан кейін ҚР Дін істері комитеті мақұлдаған шетелдік университтерге барып жалғастырғаны абзал.

Осыған қатысты ҚР Дін істері комитеті 2014 жылы «Шет елдерге оқуға кететін азаматтарға арналған дін мәселелері жөніндегі Жадынамасын» әзірледі.  Шетелде діни білім алуға ниетті азаматтар осы құжатпен міндетті түрде танысуы керек. Себебі, бұл құжаттағы нұсқаулықтарды толық орындаған әрбір азамат әуелі өз жеке қауіпсіздігін сақтай алады және түрлі топтардың құрығына ілінбейді.
Сондай-ақ, отандық оқу орындар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті,
«Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университеті, Е.Бөкенов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Шет тілдері және іскерлік карьера университетінен «Дінтану», «Исламтану», «Теология» мамандықтарын игеруге болады.

Бұдан бөлек, рухани ізденістегі, өздерін діни мәселелер мазалап жүрген азаматтар үшін ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына сәйкес ҚР Әділет министрлігіне тіркелген, базалық сапасы қалыптасқан, Қазақстан Республикасы аумағында ислам дінін насихаттауға құқық берілген – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жұмыс жасайды. Қазақстандағы ресми тіркелген діни оқу орындар туралы ақпаратты осы басқарманың өкілдерінен тікелей сұрай алады және сайттарынан алуға мүмкіндіктер жасалған.
 
 
Дархан ЕРНАЗАРОВ

**Қызылорда облысы дін істері басқармасының маманы
**

Тағы да оқыңыз: