Kyzylorda-news.kz. Қазақстандықтар тегін оқи алатын елдер саны артты. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Енді қазақстандықтарға Словакия, Әзірбайжан және Вьетнам грант бөледі. Осылайша, егер 2019 жылы білім беру саласындағы келісімдер аясында мемлекеттер тізімінде 7 ел болса, қатарға тағы үш ел қосылды.

Мемлекеттердің қатарында Венгрия, Польша, ҚХР, Украина, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстан бар. Өткен екі жылда мыңға жуық қазақстандық осы елдердің жетекші жоғары оқу орындарында тегін білім алды. Биыл қазақстандықтарға 500-ге жуық грант бөлінді. Үкіметаралық гранттар аясында қазақстандықтар бакалавриат, магистратура, докторантура, резидентура бағдарламалары бойынша оқи алады, делінген министрлік таратқан ақпаратта.

«Біз «Болашақ» стипендиялық бағдарламасы бойынша ғана емес, үкіметаралық келісімдер шеңберінде де қазақстандықтарды тегін оқыту үшін елдерді көбейтіп жатырмыз. Қазақстанға оралғаннан кейін мамандар алған білімін өздері еңбек ететін саланы дамыту үшін қолданады деп үміттенеміз», – деді білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

2019 жылмен салыстырғанда конкурстық іріктеуге қатысуға ниет білдірушілер саны 15%-ке артқан.

Айта кетейік, үміткерлерді депутаттар, сарапшылар, инженерлік-техникалық, медициналық, гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарының ғалым-докторларынан тұратын тәуелсіз комиссия іріктейді.

Тағы да оқыңыз: