Kyzylorda-news.kz. Күні кеше әлеуметтік желілерде облыс көлемінде жария етілген мемлекеттік сатып алу конкурстарына сын-пікірлер білдіріліп, оның ішінде туризм саласындағы қатысты іс-шара бойынша сұрақтар туындады. Осыған орай, осы мәселе бойынша түсіндірме беруді жөн көрдік.

Жалпы, туризм саласы елімізде, соның ішінде өңірімізде кенже қалғаны рас. Оның үстіне, былтыр әлемді шарпыған пандемия саланың дамуына кері әсер етті.

Нәтижесінде 2020 жылы Республикаға келушілер саны 3,5 млн адам құрап (2019 жыл – 6,2 млн адам), 2019 жылмен салыстырғанда 43,6 пайызға азайды.

Оларға орналастыру орындарымен 66,8 млрд теңгенің қызметі көрсетіліп (2019 жыл –120,5 млрд теңге), 44,6 пайызға төмендеді.

Ал, Қызылорда облысына келушілердің саны 50704 адамды құрап (2019 жыл -71 669 адам), 2019 жылмен салыстырғанда 29 пайызға азайса, орналастыру орындарымен 723,5 млн теңге (2019 жылдың 9 айы –1 млрд 84 млн теңге) көлемінде қызметтер көрсетіліп, 33 пайызға төмендеді.

Өткен жылы Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен имидждік іс-шараларға қарастырылған қаражат көлемі қысқартылып, облыстық бюджетке кері қайтарылды.

Дегенмен, бұған қарамастан бюджет қаражатынсыз жоспардағы жұмыстар тоқтаған жоқ.

Мәселен, Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасының ұйымдастыруымен туристік фирмалардың өкілдеріне «Байқоңыр» ғарыш айлағы мен «Қорқыт ата» мемориалдық кешеніне ақпараттық тур, «Vizit Qyzylorda» туристік фирмасымен бірлесіп мүмкіндігі шектеулі балаларға Қызылорда қаласында сити-тур, 27 қыркүйек – Дүниежүзілік туризм күніне орай жоғарғы оқу орындарының студенттеріне «Сығанақ» қалашығына ақпараттық-тур, Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстан Республикасындағы атқарушы Дирекциясы және «Барсакелмес» қорығының мамандарымен бірлесіп Арал ауданындағы «Возрождение» аралына экспедиция ұйымдастырылды.

Осының негізінде, бүгінгі күні Арал қорымен бірлесіп «Возрождение» аралындағы көне қалдық кемелер орналасқан аймақтан аспан асты мұражай ашу жұмыстарын қолға алдық.

Сонымен қатар, «Asyl Mura» танымдық бағытында волонтерлардың қатысуымен Қазалы ауданындағы көне «Жанкент» қалашығына ақпараттық-тур, 16 желтоқсан – ҚР Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында мектеп оқушыларына «Тірі сабақ» (живой урок) пилоты негізінде Қызылорда қаласы ішінде «сити тур» ұйымдастырылды.

Бұл жұмыстар биыл да жалғасын тауып, ақпанның басында «Шуақты бөбек» қайырымдылық қорының қарауындағы балалар үшін қалаішілік сити-тур өткізілді.

Жалпы, аймақтың туристік әлеуетін туристік дестинацияларға баратын инфрақұрылым жағдайын жақсарту және имидждік шараларсыз дамыту қиын.

Осы орайда, өткен жылдың соңы мен осы жылдың басында әлеуметтік желі қолданушылар және қоғам белсенділерімен кездесіп, биылғы жоспарымызды айқындадық.

Айта кеткен жөн, кездесу өткізуден бұрын алдын-ала «Facebook» әлеуметтік желісіндегі Басқарманың ресми парақшасында хабарландыру берілді.

Сондай-ақ, ақпан айында облыс әкімі Г.Н. Әбдіқалықованың төрағалығымен туризм саласын дамыту туралы арнайы мәжіліс өткізіліп, алдағы мақсаттарымызды белгіледік.

Соның нәтижесінде осы жылы облысқа 45 000 адам келеді деп болжанып, 7,1 млрд тг қаржы болатын 9 нысанды іске қосу және жаңадан 150 тұрақты, құрылыс кезеңінде 110 жұмыс орнын құру жоспарланды.

Бұл іске қосылатын нысандар өз кезегінде өңірімізде туризм саласының дамуына оң септігін тигізеді деп жоспарлап отырмыз.

Атап өткен жөн, қолданыстағы заңнамаға сәйкес туризм саласындағы келушілер саны туралы ақпарат облыстағы орналастыру орындарымен тапсырылатын статистикалық есеп негізінде қалыптастырылады.

Қазіргі таңда Басқарма статистикалық есепке орналастыру орындарынан бөлек, жағажай, демалыс аймақтарын енгізу бойынша жұмыстар жүргізуде.

Сонымен бірге, облыстық жобалық кеңсе аясында «Visitorda.kz» ресми ақпараттық-туристік сайты әзірленіп, осы жылдың 1-жартыжылдығында іске қосылады. Одан әрі сайттың мобильдік қосымшасын әзірлеуге кірісеміз.

Сондай-ақ, облыс әкімдігімен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен келісе отырып «Қызылорда облысының 2021-2023 жылдарға арналған туризм саласын дамыту туралы», «Қолөнер саласын дамыту туралы» жоспарлары бекітілді.

Жоспарға сәйкес туризм саласын дамыту бағытында төмендегі жобалар облыстық бюджеттік комиссиядан қолдау алды.

Олар:

1. «Қолөнер – асыл қазына» қолөнершілер көрмесі – 3,1 млн теңге. Дәстүрлі көрмелер облыстағы қолөнершілердің танымалдылықтарын арттырып, беделдерін көтереді. Сонымен қатар, жұртшылық назарына дәстүрлі қолөнер бұйымдарының көрмесі ұсынылатын болады.

2. «Қонақ үй және мейрамхана бизнесі персоналына менеджмент бойынша семинар-тренинг өткізу»- 5,3 млн. теңге.

Қонақ үй және мейрамхана бизнесінің персоналдарының біліктілігі артады және пандемия жағдайындағы қызмет көрсету кезінде сервис сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

3. Қазақстандық туроператорлар, белсенді әлеуметтік желі қолданушылары және БАҚ өкілдері арасында ақпараттық тур ұйымдастыру – 4,1 млн теңге.

Ақпараттық турдың басты мақсаты – Қызылорда облысының туристік әлеуетін БАҚ-тарда, әлеуметтік желілерде жарнамалау болып табылады. Өңірдің танымалдылығы өсіп, аймағымызға келуші туристер, оның ішінде шетелдік туристер санының артуына ықпал жасайды.

4. 4К форматында түсірілген «Қызылорда облысының туристік әлеуеті», «Ғарыштық туризм» және «Медициналық туризм» тақырыптарында 3 видеоролик дайындау – 14,2 млн теңге.

Әлемдік тәжірибеде туристік әлеуетті дамытудың ең тиімді әдісі – жарнамалық бейнероликтер жасау. Жарнамалық бейнероликтер әлеуметтік желілерде таратылып, «Kazakh Tourism», «Kazakh Invest» АҚ арқылы инвесторларға ұсынылатын болады.

Құрметті достар!

Байқасаңыздар, соңғы уақытта еліміздің басқа өңірлерінде туризм саласын дамытуға жақсы мән беріліп келеді.

Осы орайда, көзделген жұмыстарды жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысып, жоспарланған шараларға қатысуға шақырамыз.

Бұл өз кезегінде өңіріміздің туристік әлеуетін арттырып, оң имидж қалыптастыруға мүмкіндік береді деген сеніміміз мол.

Қорыта келе, Басқарма кәсіпкерлік, сауда және туризм салалары бойынша «Ашық диалог» жүргізуге әрқашан дайын екендігін хабарлайды.

Кез-келген сұрақтарыңыз бойынша кездесіп, пікір алмасуға әрқашан ынталымыз.

Кері байланыс: 8/7242/70-54-87, 8/7242/40-10-56;

tourismkzo@gmail.com;401056@mail.kz;

Мекен-жайымыз: Қызылорда қаласы, Қорқыт Ата көшесі № 123, «Бизнеске арналған үкімет» ғимараты, 2 қабат, 212 бөлме.

Қызылорда облысының кәсіпкерлік

және туризм басқармасы

Тағы да оқыңыз: