Kyzylorda-news.kz. Ереван мемлекеттік университеті (ЕМУ) жанындағы Қазақ тілі, тарихы және мәдениеті орталығына Абайдың аты берілді.
Бұл туралы ҚР Елшілігі ҚР Парламент Сенаты төрайымы Дариға Назарбаеваның атынан Орталыққа компьютерлік техника мен әдеби оқулықтарды тапсыруға арналған шара барысында ЕМУ ректорының міндетін атқарушы Гегам Геворкян мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Еревандағы ЕМУ жанындағы Қазақ тілі, тарихы және мәдениеті орталығына ҚР Сенат төрайымы Дариға Назарбаеваның атынан компьютер, интерактивті тақта, сонымен қатар қазақ тілін үйренуге арналған 120 қазақ сөздігі мен жаңа оқу материалдары тапсырылды. Орталыққа арналған компьютерлік техникалар қазақ бағдарламаларымен жабдықталған, ол қазақ тілін үйретудің заманауи және тиімді тәсілдерін пайдалануға көмектеседі.
Шара барысында Қазақстанның Армениядағы елшісі Тимур Уразаев ЕМУ әкімшілігіне, профессор-оқытушылар құрамы мен басшылыққа қазақ тарихын, мәдениеті мен тілін зерттеуге қосып жүрген үлестері үшін алғыс айтты.
«175 жылдық мерейтойы кезінде Абайдың тілін жаңа құрылғылардың көмегімен армян студенттеріне үйрету – қазақ әдебиеті және поэзиясымен танысып, екі ел арасындағы мәдени сабақтастықты нығайтуға көмектеседі. Ал Дариға Назарбаеваның Орталыққа берген сыйжазбасы екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты дамытуға ақ тілек болады», – деп атап өтті шара барысында елші Т.Оразаев.
ЕМУ ректорының міндетін атқарушы Гегам Геворкян университет басшылығы Орталыққа Абай есімін беру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.
«Былтыр біз ерекше оқиғаның куәсі болдық, «Қазақ әдебиетінің антологиясы» армян тілінде жарық көрді. Бұл екі елдің әдебиетшілері, ғалымдары мен лингвистері серіктестігінің озық үлгісі. Биыл Абайдың 175 жылдығы мерейтойының куәсіболамыз»,- деп атап өтті академик Гегам Геворкян.
Сонымен қатар, ол шара барысында университет басшылығы Орталыққа кеңірек орын қарастыратынын айтты. ЕМУ жанындағы Қазақ тілі, мәдениеті және тарихы ортылығы Қазақстан Республикасының Армениядағы елшілігінің қолдауымен 2010 жылдың 19 тамызында ашылған болатын.