Kyzylorda-news.kz. Күйдің құдіретті, домбыраның қасиетті екеніне ешкім талас айтпас. Домбыраның үнінде дала дүбірі, қос ішегінде тарихтың тілі сөйлеп жатады. Ал күйді төгілте орындап, көңіл пернесін түртетін күйшілердің орындауы қандай ғажап десеңші! Құлақ құрышын қандырар күй күмбірлей түскенде жан сарайын ашылып, толқыныс пен тыныштық сезімін қатар сезінесің. Осы орайда жеті өнерді жанына серік еткен сері Үкітай Ерниязовпен әңгіме өрбіткен едік. 

— Күй саласында сегіз жыл оқығаныңыз рас па?

— Иә, күй саласында сегіз жыл оқыдым. 2005-2009 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыкалық жоғарғы колледжінде оқыдым. Сондай-ақ, 2009-2013 жылы Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетін тәмамдадым. Екі оқу орнында да күй саласы, домбыра мамандығы бойынша білім алдым. 

— Өзіңіздің төл туындыларыңызды, күйлеріңізді атап шықсаңыз. Оның тарихына тоқталып өтсеңіз…

— Осы уақытқа дейін көбінесе ән жаздым. Бір композитор ағамыздың 200-ден аса әні бар екен. Бірақ, соның 10-15-тей ғана әні елге кеңінен таралған екен. «Демек мен ел ұнатқан, халыққа таралған 10-15 қана ән жаздым» дейтін көрінеді. Сол ағамыз айтпақшы, менің де 300-ден астам әні бар. Бірақ елге таралғаны 15-20 шақты шығар. Сондықтан өзімді композитормын немесе күйшімін деп айтпаймын. Күйшімін деудің салмағы ауыр, жауапкершілігі жоғары. Себебі күй саласы – үлкен өнер. Домбырашымын дегенім дұрыс шығар. Күйші деп көптеген күйді жатқа біліп, өз жанынан күй шығарып, оны жүрегімен сезінетін адамды айтады. Кейде өнер иелерінің дәреже-деңгейін ажырата алмай, бірінің атауын біріне таңып, шатастырып жатамыз. Өнердің парқын түсініп, байыбына бара алғандықтан «өзім-өзім» деп кеуде қағудан аулақпын. 

Күй шығару өте күрделі. Саусақпен санарлық 3-4 күйім бар. Соның бірі – «Қаршыға». Бірде жол жүріп бара жатқанымда Қаршыға Ахмедияровтың өмірден өткенін естідім. Сыйлас ағаның қазасы көңілді күңірентіп қойды. Студент кезімде емтиханда, концерттерде күйін көп орындайтынмын. «Қаршыға» атты күйім де сол негізден туындады. Сонымен қатар Колледждегі ұстазым, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, «Халық музыкасы» факультетінің деканы Төлепберген Тоқжанов, Қазақ ұлттық өнер университетінде күй сабағынан берген Орынбай Дүйсен мен Қаршыға Ахмедияровтың күйлерін көп орындайтынмын. Үшеуінің де шығармашылығы бір-біріне тән, өзара үйлесім тапқан ұқсас екендігін аңғардым. Осылайша, тұлға деп таныған ұстаздарымның құрметіне «Тұлғаларға» атты күй шығардым. Одан кейінгісі – «Аманат» деп аталды. Күй, жыр, дәстүрлі ән өнері бабадан қалған асыл мұра, аманат деп сезініп жазған күйім. Өздеріңіге белгілі, тәжді вирус талай адамның өмірін жалмады. Қапияда атақты композитор Кеңес Дүйсекеев сынды аға буын өкілдерінен айырылып қалдық. Сол уақытта бір күй шықты. Оның атауы әлі қойылмады. Алғашында ән етіп шығарғаныммен жараспады, терме етіп айтармын деген оймен мақамға салдым ойдағыдай болмады. Сонымен күй ретінде жарық көрді. 

Шығармашылығыма келетін болсам, басым көпшілігі ән, 3-4  күй және 4-5 мақам бар. Мақам жазу да қиынның қиыны. Мен өзімді қинап ән жазып, күй шығарған емеспін. Меніңше, көңіл құбылып, жүрек тебіреніп, жан толқынысы буырқанған шақта жазылған шығарма ғана өміршең болады. Аккорд қуалап, «осындай стильде ән шығарып тастайыншы» деп әуен жазғым келмейді.  

— Өнер немесе музыкатанушы деген арнайы дипломы жоқ жандар домбыра шанағында жасырынған саздың сөзін қалай оқыды?     

Күй – дәуір айнасы, тарихта таспасындағы ұлы оқиғаның бәрі домбыраның қос ішегінде біте қайнасып жатыр. Кез келген күйді алып қарасаңыз түпкі мәнінде тарих, астарында зор мән жатыр. Демек қандай да бір шығарма түрлі тақырыпта түзіліп, алуан себептен туындағынын бағамдауға болады. Бұрыннан тұрмыс-тіршілікке, өмір келбетіне байланысты күй сөйлесудің құралы болған тәрізді. Бірі  ет жақынынан, бірі елінен айырылғанда «ел айырылған» деген күйлер шыққан. Ол күй сол кездегі жоқтауға құрылған. Жоқтауда да әуен бар. 

— Кезінде көзі ашық, білімді деген Еуропа өз музыканттарының сырлы сазын уағында дұрыс түсіне алмағаны туралы өкініп жазады. Нотаның не екенін білмек түгілі естімеген қазақ – күйшілердің сазын сол уақытта бірден түсінген. Ал қазір күйді түсінетіндердің қатары кеміп, тыңдайтындардың өзі сиреп қалғандай. Неліктен?

—  Бүгінде эстрада жанрының қосылғаны бар, басқасы бар, сырт елге еліктеушілік бар. Соның салдары өнерді түсінбеуге, әсіресе, күй тыңдауға деген құлшынысты төмендеткендей. Бастысы, үлкен өнерді өлтіріп алмасақ деймін. 

— «Күйшінің күтімі» деген ұғым бар. Сол жайында айтып берсеңіз..

— Оқуда жүргенде білікті ұстазардан дәріс алдық. Сонда ұстаздан естігеніміз «Тәттімбет күйші жеңгелеріне шаңыраққа дейін жиналған жүкті түсірткізіп, сандықтың ішінен домбыраны алып бер» деп айтады екен. Жеңгелері ерінбей, оралған қорабын, шүберектен домбыраны алып беретін көрінеді. Сосын добыраны шертіп болған соң, қайтадан сандыққа салғызады. Бұл жерде домбыраның да күтімі, күйшінің де домбыра тартуға ықыласы ауған кезде қасындағы адамдардың лайықты жағдай жасауы айтылған. Былай қарағанда күтім бар деп те айта алмаймыз. Өйткені Құрманғазы бабамыз әрі батыр, күйші, асқан шебер де болған. Бізге ұстаздарымыз «Өте нәзік болмаңдар, Құрманғазы бабаларың әрі батыр, әрі күйші болған. Тек қолдарыңа зақым келмесе, Буындарың қатып қалмаса болды» деп кеңес беретін. Әр дәуірдің, әр өңірдің қаншама күйшілері болған. Сондықтан «олардың күтімі былай болған» деп болжап, нақтылап айту қиын сияқты. Бәрі де күй ырғағына байланысты. Кейде күшті, нәзіктікті қажет ететін, домбыраны жұмсақ ғана сипап өтіп орындайтын күйлер болады. Қысқасы күйшілерде вокалистер сияқты тамағына салқын тигізбеу, майда тамырлары жарылып кетпеу керек, дауыс қою сияқты күтім жоқтың қасы. 

-Әдемі әңгімеңізге рақмет!

Тағы да оқыңыз: