Kyzylorda-news.kz Бүгінгідей мобильді уақытта діттеген жеріңе тез жетуің үшін жедел такси қызметіне жүгінетіндер көп. Сондықтан да қазір бұрынғыдай емес, күн сайын көлік тізгіндегендердің қатары артуда. Бұрынғыдай көше бойын жағалап емес, үйде отырып батырманы басу арқылы кез келген такси қызметін алуға болады. Мұндай бұрын тек үлкен қалаларда жүзеге асатын. Соңғы кезде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы іске асырырғалы Қазалы ауданында да «Tezdet» атты отандық өнім тұтынушылардың көңілінен шығуда. Байқоңырлық IT маманы Нұрасыл Алдан қосымшаны ойлап тауып, қазір бағдарлама үш жылға жуық уақыт бойы халыққа қызмет етіп жүр. Осы ретте пайдалы қосымшаның басқа да қандай тиімділігі барын білу үшін «Tezdet»-ті ойлап табушыны сөзге тартқан болатынбыз.

«Tezdet» діттеген жеріңе тез жеткізеді.jpg

– Соңғы уақытта «Tezdet» қосымшасының аты едәуір естіліп жүр. Тұтынушы да, таксистер де қызметін жақсы пайдалануда. Айтыңызшы, қосымшаны ойлап табу идеясы қайдан келді?

– Программист мамандығы бойынша білім алып, біраз жылдар бойы тәжірибемді шыңдадым. Үлкен қалалардағы үлкен компанияда қызмет еткеніммен кейбір жобаларым қолдау таппапты. Тап болған талай қиындыққа мойымай, көздеген нысанама дөп түсуді жоспарладым. Солай «Tezdet» такси қосымшасын «дүниеге әкеліп», жаңа бастамаға білек сыбана кірістім. Идея қайдан келді? Байқоңыр қаласындағы сурет мектебінде оқып жүріп түрлі шығармашылық өнермен айналысатынмын. Соның көп көмегі тиіп, қазіргі қосымшамның логотипін жасауда еш қиналмадым. 2012 жылы Тараз қаласындағы Жамбыл политехникалық колледжіне программист мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2016 жылы бітіріп шықтым. Содан Алматы қаласына арман қуып барып, ІТ компаниялардың бірінде жұмыс істедім. Бертін келе жаңа жоба әзірлеуді қолға алып, барлығын ақ парақтан бастадым. Солай қала ішінде қатынайтын мобильді қосымша ойлап тауып, оны жүзеге асыра бастадым. Өйткені, IT-маманын жетік меңгерген соң өз-өзіме жұмыс жасағым келді. Өз IT-компаниямды құрып бастадым. Атауы – Baiksoft. Ең бірінші проектіме не бастарымды білмедім, қарындасым такси шақыратын қосымша жаса деп идея тастады, солай Тездет деп атап бастап кеттім. 2021 жылы қыркүйекте алғаш рет қызметіне кірісті. Қазір осы қосымша арқылы такси қызметін ұсынғандар мен такси қызметіне тапсырыс берушілер күн санап көбейіп келеді. Жалпы программа смартфондағы PlayMarket және айфонға арналған AppStore жүйесі арқылы жүктеледі.

– Қосымшаның Қазалы ауданындағы қолданыс қарқыны қандай?

– Такси қызметіне арналған «Tezdet» мобильді қосымшасы Baiksoft компаниясына қарасты. Атауы айтып тұрғандай қосымша қызметі де жылдам, ыңғайлы, әрі тұрғындарға қолайлы. Онда тұтынушы көшесі мен ұсынатын бағасын жазып такси іздесе, жақын маңда жүрген такси өз қызметін ұсынады. Барлығы қосымша ішінде картадан көрініп тұрады. Бастапқыда тек Байқоңыр қаласының ішінде жүзеге асса, қазір сырт аудандарға да кеңінен таралды. Соның бірі – Қазалы ауданында. Бұл жерде шамамен 20 пайыз «рынок» бізде тұр. Бірақ әлі де жұмыс жасау керек. Шамамен нарықтың 70 пайызын алуға көп жұмыс жасауымыз керек. Статистикалық мәлiметке сүйенсек, адам баласының 70 пайызы жоқ дегенде айына бiр рет такси қызметiн пайдаланады екен. Ал тұрақты тұтынушылардың айтуынша, қосымшадан такси шақырған әлдеқайда тиімді.

– Білуімізше, қосымшаны пайдалану ыңғайлы. Дизайны, картасы да көзге тартымды көрінеді. Ал тұтынушы мен таксистке пайдалы тұсы қандай?

– Жалпы халықаралық талапқа сай такси қызметіне қойылатын бірнеше міндет бар. Олар – жүргізушінің қырағылығы мен сыпайылығы, көліктің қауіпсіздігі, таза болуы, техникалық байқаудан өтуі, сондай-ақ такси жүргізушісінің кем дегенде 5 жыл көлік жүргізген тәжірибесінің, диспетчер, таксометрдің болуы. Такси қызметін ұсынушылар үшін де бәрі оп-оңай емес. Өйткені, түрлі адам, түрлі мінез, түрлі жағдай. Осыған орай, таксидің де түр-түрі бар. Бастысы такси қызметін біз ұсынып отырған соң тұтынушыға барлық қолайлықты жасауымыз қажет. Қызметті қолданған соң қосымшада арнайы бағалау батырмасы бар. Ол жерде қызмет көрсету бойынша да пікір қалдыруға, шағым түсіруге болады. Одан соң такси болып тіркелгендер үшін ең төменгі 8 пайыз белгіленген. Сонымен қатар 4 сағатқа 290 теңгеге уақыт сатып алуға болады. Сол уақытта ешқандай пайыз желінбейді. Мәселен, 4 сағатта қанша жолаушы тасымалдаса да сол 290 теңге ғана алынады. Және тегін тариф бар. Ол тариф жаңа жүргізушелерге алдымен пайдаланып көру үшін арналған. Ешқандай коммиссия жүрмейді.

– Ауданның түкпір-түкпірін, әрбір адресін картаға еңгізу қиындық туғызды ма?

– Картадағы мәліметтерді біз енгізбейміз. Оған карторграфиямен айналысатын компания жауап береді. Бірақ ол жақтағы мәліметтер «шикі». Оны біз компанияның ішінен жаңа бөлімше ашып, сол картаға жаңа мәлеметтер енгізіп, сол мәліметтердің актуальдылығын бақылап, жаңарту жүргізіп отыратын мамандарды белсенді түрде іздеп жатырмыз.

– Алдағы уақытта қандай жоспарыңыз бар?

– Алдағы уақытта «Tezdet» жай такси шақыратын қосымшадан мультисервиске айналдыруға мақсат бар. Ол жақта такси қызметі, барбершоп, әйел кісілерге арналған салонадарға жазылуға арналған қызмет, тамаққа онлайн тапсырыс беру, картадан адрестерді, нысандарды іздеу, навигатор, онлайн билеттер сатып алу, автобустарға QR арқылы төлем жасау, автобустың қай жақта келе жатқаны, жеткізу қызметі, қалааралық такси, қалааралық автобустарға билет қарау және сатып алу секілді жүйелер қосамыз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айнұр ӘЛИ
Фото: egemen.kz

Тағы да оқыңыз: