Kyzylorda-news.kz Бағдат Жақсылықұлының есімі аудан жұртына қоғам белсендісі, Тереңөзек кентінің жергілікті қоғамдастық жиынының төрағасы ретінде белгілі. Белсенді азамат бірер жыл бұрын облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қосымша жер ашып, көкөніс, бақша дақылдарын егуге ынталы азаматтарға табыстау жөніндегі тапсырмасына сәйкес өз ұсыныстарын аудан әкімдігіне жеткізген болатын.. Міне сол уақыттан бері қолынан іс келетін, адал еңбекті ту еткен азаматтардың басын қосып, игі істің басы-қасынан табылып жүрген жайы бар. Біз көктемгі егін жұмыстарының алдында Бағдат Жақсылықұлымен сұхбаттасқан едік.

– Бағдат Жақсылықұлы, біз өзіңізді қоғам белсендісі ретінде танимыз. Оқырмандарға өзіңіз туралы айтып өтсеңіз.

– Рақмет! Мен Тереңөзек кентінің тумасымын. Осында өсіп, мектеп бітіріп, колледж оқып, азамат болып қалыптаса білдім. Түрлі салаларда жұмыс жасап, тәжірибе жинақтадым. Қазір аудандық ауруханада еңбек етемін. Менің басты мақсатым – туған жеріміздің дамуына атсалысу. Жалпы елге қызмет ету белгілі бір лауазымды меншіктеп, мәртебеге ие болуға байланысты емес. Бәріміз де қоғам дамуына атсалыса аламыз. Оның үстіне биліктің де қазір халыққа деген көз-қарасы өзгерді. Негізі бірлесе еңбек етсек, ұтамыз. Әр басшы өз міндетіне адал болып, халықпен жақын араласып, тұрғындардың ұсыныс-пікірін, шағымын тыңдай алуы керек. Тыңдағаннан кейін оның шешілу жолдарын қарастырып, нақты нәтижеге жұмыс істеу – маңызды рөл ойнайды. Өзімді биліктің де, халықтың да белортасында жүрген еркін азамат деп есептеймін.

– Тереңөзек кентінің жергілікті қоғамдастық жиынының төрағасысыз. Осы жұмысыңыз туралы айтсаңыз.

– Елімізде заң көп. Сол заңдарды дұрыс жұмыс істете алсақ, өмір сүру сапамыз артады. Заңнан бөлек нормативтік құқықтық актілер бар. Мәселен, Тереңөзек кентінің жергілікті қоғамдастық жиналысының Регламенті аудандық мәслихаттың шешімімен бекітілген. Ол «ҚР Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару» туралы Заңына және Ұлттық экономика министрiнiң бұйрығына сәйкес әзiрленген. Негізі жергілікті қоғамдастық дегеніміз – шекараларында жергілікті өзін-өзі басқару жүзеге асырылатын, оның органдары құрылатын және жұмыс істейтін тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс аумағында тұратын тұрғындардың (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) жиынтығы саналады. Жергілікті қоғамдастық жиналысы – жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген жергілікті қоғамдастық өкілдерінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекте және тәртіппен жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге қатысуы болып табылады.

– Сонда ол қандай мәселелер?

– Ол – бағдарламалық құжаттардың, жергілікті қоғамдастықты дамыту бағдарламаларының жобаларын талқылау және қарау мәселелері екені мәлім. Сондай-ақ біздің Тереңөзек кенті бюджетінің жобасын және бюджеттің атқарылуы туралы есепті келісуге құқығымыз бар екенін айта кетейін. Жергілікті қоғамдастық жиыны Тереңөзек кенті әкімі аппаратының коммуналдық меншігін басқару жөніндегі шешімдеріне келісім беру құзіретіне ие. Бюджеттің атқарылуын мониторингтеу мақсатында жиналысқа қатысушылар қатарынан жергілікті қоғамдастық комиссиясын құруымызға да болады. Мұнан бөлек жергілікті қоғамдастықтың өзекті мәселелерін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын талқылай аламыз. Сонымен қатар жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын және тиісті аумақтарда орналасқан мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшыларын тағайындау бойынша ұсыныстар енгізуімізге болады. Ең бастысы жергілікті қоғамдастық жиыны ағымдағы мәселелер бойынша өткізіледі. Мысалы қосымша жер ашып, бақша, көкөніс дақылдарын егушілерге қолайлы жағдай жасау жұмысы да біз көтеріп, жолға қойылған көп мәселенің бірі екенін көпшілік жақсы біледі.

– Ендігі әңгімемізді осы жұмыс жөнінде жалғастырсақ. Жалпы бұл кімнің идеясы, бұл істің басы-қасында ең бірінші кімдер болды?

– Бұл облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың идеясы, бастамасы болатын. Аймақ басшысы қала, аудан әкімдеріне қосымша жер ашып, егін егуге ынталы азаматтарға табыстауды тапсырғаны белгілі. Бұл жұмыс ауданымызда 2022 жылы қарқынды түрде жүргізілді. Ол кезде ауданымыздың әкімі Мұрат Ергешбаев еді. Мен аудан басшысының қабылдауында болып, ол кісі қолдау білдірді. Сөйтіп сол кездегі ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұрбол Жұмабековке тапсырма беріп, кент әкімі Ержан Бахтияровпен бірлесе қосымша жер ашудың қамына кірістік. Ол кезде Берік Сәрменбаев аудан әкімінің орынбасары болатын. Бекеңмен сол кезде танысып, білісіп, осы жұмыстарды жандандырған едік. Қазір аудан әкімі ретінде қолдау білдіруде. Сондықтан азаматтарға айтар алғысымыз шексіз. Жалпы еңбек етемін деген азаматтарға мүмкіндік мол. Тек ерінбеу керек, іздену қажет.

– Қосымша жерлер кімдерге беріледі?

– Бірінші кезекте аз қамтамасыз етілген отбасыларға береміз. Оның ішінде асыраушысынан айырылған, көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі азаматы бар отбасылар бар. Солардан артылса, басқа да азаматтардың бақша, көкөніс егуіне қолдау білдіреміз. Өзіңіз білетіндей, ауданда 2022 жылы 210 гектар қосымша жер ашылып, 865 отбасы бақша дақылдарын ексе, былтыр жер көлемі 359 гектарға дейін артып, 1105 отбасы әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерін орналастырды. Биылғы жоспар бойынша 500 гектарға жуық жер әзірленіп, бақша дақылдарын егуге ынталы тұрғындарға ұсынылмақ. Ал Тереңөзек кентінде 2023 жылы 2 гектар жер ашылса, биыл 5 гектардай жер ашылып, табысталады. Келесі жылы қосымша ашылатын жер көлемі тағы да ұлғаяды. Бұл жөнінде аудан әкімі Б.Сәрменбаев айтып, қолдау білдіретінін жеткізген болатын.

– Қосымша жерді ашу, оған су жеткізу, қатынау жұмыстары қалай ұйымдастырылады?

– Қосымша жер ашуға, оған су жеткізуге кент әкімдігі мен аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімі жауапты. Бұл бойынша облыс, аудан әкімі тарапынан нақты тапсырма беріліп, арнайы маман белгіленген. Әрине, өзіміз де басы-қасында жүреміз. Біздің ортақ мақсатымыз – бірлесе еңбек ету арқылы нәтижеге жету болып табылады.

 

– Бірлесе еңбек ете жүріп бірліктің нығаюына да үлес қосып жүр екенсіздер…

– Иә, қосымша ашылған жерге қатынауымыздың өзі бірлігімізді, сыйластығымызды арттыруда. Бір жерге жиналып, бірлесе қатынаймыз. Кімнің көлігі бос болса, сол ортақ чатымызда айтады, сөйтіп бір-бірімізді алып кетеміз, алып қайтамыз. Ас-суымызды да бірге ішіп-жейміз. Мұның бәрі бірліктің нығаюына, берекенің артуына сеп болады.

– Сұхбатыңызға рақмет!

 

Тағы да оқыңыз: