Kyzylorda-news.kz  Қаржылық сауаттылық бүгінде жас пен жасамысқа үнемі қажет ететіндігін қоғамдағы қыруар тіршіліктің өзі дәлелдеп берген болатын. Тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында қаржылық қиындыққа тап болатын жандар қаншама екені мәлім. Үнемі тығырыққа тіреліп, несие мен өсімпұлға борышкер атанатын көпшілік өз табысын дұрыс жоспарлауға мән бермей жататыны сөзсіз. Өз кезегінде 2024 жылдың ақпан айынан бастап «Қарызсыз қоғам» жобасы Сырдария ауданында жүзеге асқанын көпшілік жақсы біледі. «AMANAT» партиясының негізгі жобасының қаржы сарапшысы Балдырған Мәменмен аудан көлемінде жүргізілген оқу барысы жөнінде сұхбаттасқан болатынбыз.

– Балдырған Нұртуғанқызы, «Қарызсыз қоғам» жобасының негізгі мақсаты мен атқаратын қызметі жөнінде айтып бересіз бе?

– «Қарызсыз қоғам» жобасы өткен жылы бастау алғаны белгілі. Пилоттық жоба аясында еліміздің 8 өңірінде 65 мың адам қаржылық сауаттылық бойынша оқытылған еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында аталған жобаның ел тұрғындары үшін тиімділігін атап айтқан еді. Биыл ел Президентінің пәрмені бойынша барлық облыста жергілікті халықты оқыту сәтті жүргізілуде. Биыл 750 мың адамды оқыту жоспарланған. Оның ішінде, 150 мың жұмыс жасайтын жандар мен зейнеткерлер, 100 мың студент, 500 мың мектеп және колледжде білім алушы қамтылған еді. Жалпы республика аумағында 150 қаржы жөніндегі сарапшы болса, олардың қатарында 5 қызылордалық бар. Есепті мерзімде Жаңақорған, Шиелі, Сырдария, Жалағаш ауданы мен Қызылорда қаласында оқыту курсын жүргізген едік.

– Сырдария ауданында үш ай бойы жүзеге асқан оқыту курсында қанша адам қамтылды, оқыту қалай жүргізілді?

– Сырдария ауданында оқыту курсына толық қатысқаны үшін 505 азаматқа сертификат беріл¬гені аян. Оқу бес күн бойы жүргізіліп, жан-жақты дәріс берілді. Түске дейін жиналған көп¬шілікке дәріс берілсе, түстен кейінгі уақытта жеке мәселесі бойынша жекелеген азаматты қабылдадық. Жобаға кез келген адам қа-тысуға өтініш біл¬діре алады. Оған жергілікті әкімдік немесе «AMANAT» партиясы филиалы арқылы арнайы сайттың көмегімен тіркеле алатындығын айта кетейік. Жоба тегін жүргізілетіндігін айта кетейік. Қаржылық қиындыққа ұшыраған, несие қарызын өтей алмай жүрген жандарға қайта құрылымдауға қатысты кеңес беріледі. Банкроттыққа тапсыруға құжат дайындау барысы жөнінде заңгер жол көрсетеді. Биыл аудан көлемінде 740 азаматты оқыту жоспарланған. Алдағы күз мезгілінде оқыту курсы жалғасын табады. Есепті мерзімде ауданға қарасты бірнеше елді мекен мен Тереңөзек кентінің тұрғындары дәріс алды.

– Жобаның әрбір қатысушысының қаржылық қиындығы бойынша жан-жақты талдау жүргізілді ме?

– Көпшіліктің басты мазалайтын сауалы – несиені қалай алмауға болатындығы және оны өтеу жолдарына байланысты еді. Дәріс барысында несие қандай мақсатта алынғанына қатысты талдау жасалады. Мойындау керек, несие алушының көбісі – көпбалалы отбасы. Қарыздануға азаматтардың табысының төмендігі қатты әсер етеді. Сонымен бірге жеке қаржыны басқаруда тәжірибенің болмауы қиындық әкеледі. Отбасылық бюджетті жүргізе алмаудың салдары орасан. Бастапқыда жоба не берер екен деген күмәнмен келетін жандар қатары аз емес. Бірінші күннен жылдық кіріс-шығысын талдап, жол көрсете бастаған сәттен қатысушысының көзқарасы өзгере бастайды. Ең бастысы, оқу кезінде несиенің барлық түрі пайызы қарастырылады. Несие алғанда жіберілетін қателікте толықтай мысалмен көрсетіледі. Пайдалы және пайдасыз несиенің ара-жігін ашып көрсету әрбір адамға тиімдірек. Жинақ жасау, қаржылық мақсат бойынша негізгі құралдарды үйретеміз. Инвестиция туралы ақпарат береміз. Жалғыз табыс көзіне иек артпай, қаржыны еселеуге қатысты қосымша жұмыс жасау, кәсіп ашу бойынша маңызды ақпар беруге мүдделіміз. Бағдарламаның артықшылығы да түсіндіріледі.

– Сарапшы ретінде қаржылық сауаттылық бойынша қандай кеңес бересіз?

– Жеке қаржыны басқаруда, қаржылық сауаттылықты арттыруда кіріс пен шығысқа ұдайы талдау жасалуы керек. Барлық мәселені қағаз бетіне түсіріп отырмайынша, қаржыны басқаруға мүмкіндігі аз. Ашығын айтқанда, әрбір отбасының мүшесі бір айда қанша қаржы керегін білмейтін болса, қаржымен жұмыс жасаудың келесі кезеңіне өту қиын болады. Өз кезегінде ақшаның қай бағытта көп жұмсалып жатқаны анықталып отырады. Оқыту курсына қатысқан азаматтардың ішінде тек 4-5 адам ғана ақша жинайтындығын аңғарып жатамыз. Себебін сұрағанда көпшілік қолында қаржы қалмайтындығын алға тартады. Мұндайда біз бір күнге толықтай қажет ететін отбасының азық-түлік тұтыну тауарына ақша жұмсауын талдаймыз. Бұл ретте, бір күнде бір адам 900-1800 теңге өз қажеттілігі үшін жұмсайтынын анықтадық. Әр адам 365 күнде 328 және 657 мың теңге қаржы жұмсауға мүдделі. Мұндай талдаудан кейін жоба қатысушылары өз қаражатының тиімсіз мақсатта жұмсалып жат¬қанын байқайды. Бұның барлығы шығыс пен кіріске талдау жүргізілмегендіктен болатындығын оқырман назарын аударғым келеді.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Тағы да оқыңыз: