Kyzylorda-news.kz  Білім – маман даярлау жолындағы басты күш. Білікті маман сапалы жұмыс істеу үшін әрқашан ізденіс үстінде болып, өз саласында жан-жақты дамуға бейімділік таныту керек. Сонымен қатар тәжірибе алмасу болашақ маманды шыңдайды, яғни теориялық білім немесе практикалық тұрғыдан дамытады. Осы екі ерекшелікті бойынан табуға болатын, студенттерге арналған мүмкіндік ұғымы «академиялық ұтқырлық» деп аталады. Өзге елде білім мен тәжірибені сабақтастыратын бағдарлама бүгінде көптеген маманның жұмыспен қамтылуына мүмкіндік сыйлап отыр. Қазіргі таңда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Екі шетел тілі» мамандығының студенті Ақерке Ағыбай да оны тиімді пайдаланып, Қытай мемлекетінің Хубей жоғарғы оқу орнында тәжірибе алмасуда. Қазақстан мен Қытай арасындағы білім берудегі байланыс, ерекше тұстар жайлы сұхбатымызда.

– Ақерке Батырханқызы, балалық шақтан білімге құштар екеніңізді білдік…

– Кішкен­тайымнан түрлі шараларға қатысып, бағымды сынау қызық болып көрінетін. «Биіктен көрінсем» деп армандап, әрқашан қадамымды нық басатынмын. Ал қазір жаһандану заманында ештеңеден қалыс қалғым келмейді. Мектепті жақсы тәмамдап, ЖОО-дағы 1 курсты үздік бағамен аяқтаған соң «академиялық ұтқырлық» бағдарламасына деген қызығушылығым артып, бұл бағытта өз бағымды сынауға бел будым. Себебі, әрбір мүмкіндік биік белестерді бағындыруға жігерлен­діреді.

– Тілдік барьер қиындық туғызды ма? Студентке қаржылай көмек, универси­теттің оқу кредиттері қалай ыңғайлас­тырылған?

– «Акаде­миялық ұтқырлық» бағдарламасы бойынша университет студенттер үшін барлық мүмкіндікті қарастырған. Қытайлар да қазақтар сияқты қонақжай. Мұнда келгелі әр студентке жеке волонтер бөлініп, орналасуымызға көмектесті. Хубей университеті апта сайын студенттерге әр түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, мәдениеті мен салт-дәстүрінің жаңа қырын көрсетуде.
Мамандығым ағылшын-қытай тілінің оқытушысы болғандықтан тілдік барьерге кезікпедім. Қытай тілін меңгеру деңгейімді одан әрі шыңдап, білімімді тереңдетіп жатырмын. Ақылы оқу бөлімінде білім алғандықтан жүріп-тұру қаражатын өзім табамын. Дегенмен, Хубей университетіндегі оқу мен жатақхана тегін. Қорқыт Ата университетінде игеру керек пәндерімді онлайн түрде оқып жатырмын. Бар-жоғы 12 кредит, қиындықсыз алып шығамын деген үміттемін.

– «Ұтқырлықтан» не ұтқыңыз келеді?

– Менің ойымша, бұл мүмкіндікте ұтысқа ие мен ғана емес. Алатын тың ақпарат пен тәжірибе бәрімізге пайдалы. Мысалы, қазір тіл үйренумен шектеліп қалмай, Қытай халқының тарихы, мәдениеті, тұрмыс-тіршілігімен танысу үстіндемін. Сонымен қатар жаңа орта, достар таптым. Түрлі үйірме, шаралар арқылы танымымның қалай кеңейіп жатқанын байқадым. Шынымды айтсам, жат елдің мамығы туған жеріңнің қара топырағындай бола алмайды. Қанша жерден көркем табиғат, жаңа технологиялар мен дамыған ел болса да, кіндік қаным тамған Жалағашымдай емес. Туған елге деген махаббатым ыстық.

– Сұхбаты­ңызға рақмет!

Тағы да оқыңыз: