Kyzylorda-news.kz Отбасы – тек шаңырақтың киесі емес, ұлттың іргетасын қалаушы құндылықтардың ұйытқысы. Бүгінде қоғамның назарында жүріп, өз еңбегімен жетістікке қол жеткізген жас отбасылар аз емес. Соның бірі – Бақдәулет Қойшыбай мен Ақбота Орынбай.
2016 жылы бас қосқан бұл жұп бүгінде төрт баланың ата-анасы атанып, отбасылық жылулық пен өзара түсіністіктің үлгісін көрсетіп отыр. Әуелде екеуі де фельдшер мамандығын таңдап, халықтың денсаулығын жақсартуға атсалысқанымен, кейіннен кәсіпкерлікке бет бұрып, жиһаз өндірісін өрістетуді жөн көрген. Кәсіби біліктілігі мен еңбекқорлығының арқасында олар бүгінде елдің назарында. Кейіпкерлердің отбасылық бизнесте табысқа жету жолдары мен алдағы мақсаттары туралы біліп, оқырмандарымызбен бөлісуді ұйғардық.
− Жиһаз саудасына дейін немен айналыстыңыздар? Бұл шаңырақ көтергенге дейінгі ортақ мақсат па, әлде бизнеске кейін қадам бастыңыздар ма?
Бақдәулет: − Отбасылы болғанға дейін кәсіп саласында тәжірибем болды. Себебі азық-түлік дүкеннің жұмысын жүргіздік. Бірақ бір орында тұрып қалмау үшін отбасымызбен жаңа салада өзімізді сынап көруді шештік. Адам өмір бойы бір іспен шектелмей, үнемі жаңалыққа ұмтылып, әртүрлі салаға қызығушылық танытуы керек деп ойлаймын.
Ақбота: − Шаңырақ көтергенге дейін жолдасым жиһаз саудасымен айналысатын. Отау құрмай тұрып «Болашақта осы ата кәсіпті әрі қарай бірге жүргізіп, дамытамыз, қолымыздан келгенше халыққа, елге көмегімізді тигіземіз» деп айтып жүретінбіз. Сол уәдемізді орындап, қазір заман талабына сай бұл кәсіпті өркендетіп, халыққа қызмет көрсетіп келеміз.
− Жиһаз сату өтімді бизнес пе? Бұдан да бөлек кәсіптеріңіз бар ма?
Бақдәулет: − Иә, бұл бизнесті өтімді деп айта аламын. Жиһаз сату – табыс табуға қолайлы кәсіп. Егер жиһаз сапалы әрі тартымды болса, оның өтімділігі де жоғары болады. Сондықтан біз нарықтың талаптарына сай, қолжетімді бағада өнім ұсынамыз.
Себебі елімізде экономикалық даму қарқынды жүріп жатыр, ал бұл жиһаз кәсібіне деген сұраныстың артуына ықпал етеді.
Ақбота: − Жиһаз саудасымен қатар азық-түлік дүкенін де тоқтатпадық. Бір кәсіпті екіншісімен ұштастыра отырып жүргізу, әрине, оңай емес. Жолдасым екеуіміз кез келген қиындықты таразыға салып талқылаймыз және шешу жолын қарастырамыз. Мәселені шешудің тиімді жолын қабылдаған соң, жұмысымызды мүмкіндігімізге сай атқарамыз.
− Бұл салаға бет бұрғандарыңызға біраз болды. Халықтың сұранысы қалай өзгерді? Биыл қандай жиһаздар жақсы сатылды?
Бақдәулет: − 14 жыл ішінде халықтың сұранысы айтарлықтай өзгерді. Заман ағымы бір орында тұрмайды. Күн сайын жаңа технология, үрдістер пайда болып, нарықтың талаптары да күрделене түсуде. Бұрын халық қолжетімді бағадағы өнімді ғана сатып алатын. Ал қазір сапа мен сәнге ерекше көңіл бөледі. Өздерінің талғамына сай дизайндағы жиһаздарды іздейді. Бұл бізге бизнесті дамытуға күш береді. Заман талабына сай болуға тырысып, жаңашылдыққа ұмтыламыз. Бұл да экономикалық өзгерістің, дамудың жақсы тұсы деп ойлаймын.
Ақбота: − Биыл шкаф пен шифоньерлерге сұраныс жоғарылап, сатылым артты. Әуелі Алланың қалауымен, отбасымыздың несібесі мен еңбегіміздің арқасында деп ойлаймын.
− Көп адам жұмыс пен отбасын бөлек қарастырады. Сіздерде жеке өмір мен кәсіпкерлік арасында шекара бар ма? Ал екі бағытты қатар алып жүру қаншалықты қиын?
Бақдәулет: − Жеке өмір мен кәсіпкерлік арасында нақты шекара жоқ. Өмірде қандай болсақ, жұмыста да солаймыз. Жұмыс барысында туындайтын түсініспеушіліктерді жеңіл қабылдап, бір-бірімізді жақсы түсінеміз.
Ақбота: − Отбасылық өмір мен кәсіпті қатар алып жүру біз үшін қиындық туғызбайды. Себебі әрқайсымыз өз міндетімізді жақсы білеміз. Жұмыс барысында алға қойған жоспарымыз бар. Сол жоспарды ұстанып, кәсіпті ретімен жүргіземіз.
− Бүгінде жайлылық пен сапа басты орында. Жиһаздың сапалы шығуына не әсер етеді? Ал тұтынушылар тауар сатып аларда оның сапасына назар аудара ма?
Бақдәулет: − Жиһаздың сапалы шығуы ең алдымен шебердің өз ісіне деген сүйіспеншілігі мен ынта-жігеріне байланысты деп ойлаймын. Егер жұмысына жүрегімен берілсе, өнім де сапалы болады.
Ақбота: − Тұтынушылар әдетте, тауарға тапсырыс бермес бұрын біз жасаған алдыңғы жұмыстарды қарап шығады. Өткен жұмыстарымызға сенім білдіріп, оң бағасын бергеннен кейін тапсырыс жасайды. Жиһаз толық дайын болған соң өз ризашылықтарын білдіріп алып кетеді.
− Қалай ойлайсыздар, неге Қытайдан келетін жиһаз немесе басқа да өнімнің құны арзан? Бұл баға сапаға әсер ете ме, әлде логистикасы арзан ба?
Бақдәулет: − «Арзанның суы татымас» демекші, арзан өнім қалай болса да сапасыз болып қалады. Біз үшін сапа бірінші орында тұрады деп толық айта аламын. Ал Қытайда басты назар экономикалық және қаржылық тиімділікке бағытталған деп ойлаймын. Сондықтан олардың жиһаздарының бағасы арзан әрі сапасыз.
Ақбота: − Иә, арзан баға сапаға тікелей әсер етеді. Жиһаздың материалдары мен құрал-жабдықтары неғұрлым арзан болса, өнімнің сапасы да төмендейді. Ал мықты материалдар қолданылған жиһаз ұзақ жылдарға шыдас береді.
− Жиһаз жасауға қажетті өнімдерді қайдан аласыздар?
Бақдәулет: − Жергілікті тауар тасымалдаушылармен біраз уақыттан бері әріптестік байланыс орнатып келеміз. Осы байланыс негізінде жиһазға қажетті өнімдерді толықтай өңірден аламыз.
− Отбасылық бизнестеріңізде ереже бар ма? Ал жұмысты қалай бөлісесіздер?
Бақдәулет: − Отбасылық бизнесте өзіндік ережелеріміз бар. Ол тек бізге қатысты болғандықтан көпке жария етпейміз. Дегенмен үлкен жоспарды емес, тек жұмыс пен отбасылық өмірді ұштастыратын қарапайым ережелер.
− Қалай ойлайсыздар, отбасында ақшаны кімнің ұстағаны дұрыс? Сондай-ақ отбасының береке бірлігі кімге байланысты?
Бақдәулет: − Отбасының береке-бірлігі екі адамға да байланысты. Әр адам отбасындағы орнын білу керек. Бір-біріне деген сыйластығы, түсіністігі болса отбасы да берекелі болады.
Ақбота: − Біздің отбасымыздағы қағида бойынша, ақшаны ер адам ұстағаны дұрыс. Себебі ер адам ол − отағасы, әйел адамнан бір саты жоғары тұруы керек.
− Дүкенді франшизаға айналдыру ойда бар ма? Алдағы уақытқа қандай жоспарларыңыз бар?
Бақдәулет: − Тауар айналымын кеңейту, дүкеннің нүктелерін көбейтіп, алдағы уақытта франшизаға айналдыру жоспарымызда бар. Мақсатқа жету үшін талмай еңбек етіп келеміз.
Ақбота: − Иә, франшизаға айналдыру −басты жоспарымыздың бірі. Ең алдымен сапаға мән беріп, кәсібімізді әрі қарай дөңгелетеміз.
− Отбасылық кәсіп бастағысы келетін жастарға қандай кеңес бересіздер?
Бақдәулет: − Отбасылық кәсіп бастағысы келетін жастарға айтарымыз, отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын қайсар мінезді, тәуекелшіл болыңыздар. Себебі кәсіп жүргізуде адамға ең керегі − қайсарлық пен еңбекқорлық. Еңбек еткен адам түптің түбінде өз мақсатына жетеді. Сондықтан да жастарға еңбектеніңіздер, болашақта міндетті түрде жемісін көресіздер деп айтқым келеді.
Ақбота: − Иә, отағасымен толықтай келісемін. Еңбек бар жерде береке бар. Сондықтан тек қана еңбектеніңіздер, нәтижесі сіздерді қуантады.
Сұхбаттасқан Әлия ТӘЖІБАЙ