Kyzylorda-news.kz. Сыр өңірінде Есенбек Құрманбайұлының есімін білмейтіндер кемде-кем. Әсіресе оның Қармақшы ауданындағы «Октябрь» (қазіргі Иіркөл ауылы) колхозын құрудағы жанкешті еңбегін көнекөз қариялар әлі күнге дейін аңыз етіп айтып отырады. Жақында Қармақшы ауданында ерен еңбегінің арқасында елдің құрметіне бөленіп, саналы ғұмырын туған елінің өркендеуіне, халық тұрмысының жақсаруына сарп еткен қоғам қайраткері, соғыс және еңбек ардагері, ақын Есенбек Құрманбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Жұмыр жердегі бір ғұмыр» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Бүгін сіздерге сол кітаптың авторы, астаналық ақын, жазушы Оңаш Мәжитовамен сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Оңаш Маратқызы, қасиетті Сыр еліне қош келдіңіз! Қателеспесем, бұл Қызылорда облысына алғашқы рет қадам басуыңыз ғой?

– Осыдан 10 жыл бұрын Қызылорда қаласының өзінде болғанмын. Бірақ облыстың Қармақшы ауданына тұңғыш рет қадам басып тұрмын. Қаланың өзі керемет құлпырып кетіпті. Сырдария мен Сыр жыңғылдарын, Қорқыт ата кешенін көріп қатты толқыдым.

– Қызылорда облысында, оның ішінде Қармақшы ауданының Иіркөл ауылында кешім өтеді деп мүлдем ойламаған шығарсыз? Әрі бұл өзіңізге тосын сый болғанға ұқсайды…

– Иә, оныңыз рас. Сыр еліне келгендегі мақсатым – қоғам қайраткері Есенбек Құрманбайұлын еске алуға арналған кешке қатысып, оның қолжазбалары негізінде жазып шыққан «Жұмыр жердегі бір ғұмыр» атты кітабымның тұсаукесер рәсіміне қатысу болатын. Маған ол кісінің ұрпақтары екі күнге созылған шараның алғашқы кеші Есенбек ақсақал құрған Иіркөл ауылында өтеді деп айтқан. Осы ауылға келгенде бір-ақ білдім. Иіркөлде менің шығармашылығыма да арналған кеш ұйымдастырып қойыпты. Мен ойламаған, күтпеген тосын сый болды. Осы ауылдағы №106 мектептің оқушылары атамыздың және менің шығармашылығымнан өлеңдерім мен әңгімелерімді жатқа оқып, таңғалдырды. Кешті ұйымдастырушылар менің шығармашылығым туралы көп ізденгені маған ерекше әсер етті. Есенбек Құрманбаевтың өмірінен көріністер қойылды. Қоғам қайраткерінің көзін көрген ақын Нұртай Түктіғұлов атамыздан бастап, ауыл әкімі Бүркіт Қалдашбаев, ақын Абдулла Байкенжеев және ауыл тұрғындары, туған-туыстары керемет естеліктер айтты. Бұл тамаша кеш үшін ауылдық Мәдениет үйінің директоры Рысалды Райханова, қызметкерлері Айман Әуезханова, Әділхан Төлегенов, №106 мектептің ұстаздары Гүлжанат Нұрмаханова, Жанышкүл Жаханова, Гүлмира Әбдірасілова, Сәуле Досжановаға алғысым шексіз. Бұл кісілердің еңбегіне жеміс тілеймін.

– Қоғам қайраткері Есенбек Құрманбайұлы туралы повесть жазуыңызға не себеп болды? Сонау Нұр-Сұлтан қаласында тұрып неге осы тақырыпты таңдадыңыз?

– Мен – ақынмын. Бірінші рет көлемді көркем шығарма жазып отырмын. Ұсыныс ойламаған жерден түсті. Осы уақытқа дейін әйелдер тағдыры туралы әңгімелер жазудан әрі аспаған едім. Әлеуметтік желідегі парақшамда өз оқырмандарым бар. Есенбек Құрманбаев туралы шығарма жазуды сол парақшамдағы көп оқырмандарымның бірі Ырыс айтты. Ол – қоғам қайраткерінің туған келіні екен. Менің әңгімелерімді тұрақты түрде оқып жүрген Ырыс: «Атамыздың осындай қолжазбалары бар еді. Соны кітап етіп шығару атамның арманы болатын. Көзі тірісінде шығара алмадық. Оқып көресіз бе? Әдемі дүние етіп шығара аласыз ба?» деген ұсыныс айтты. Есенбек Құрманбайұлының қолжазбасын қолыма алғаш алғаннан-ақ ерекше сезімде болдым. Осы повестің жазылатынына сендім. Қолжазбаны парақтай отырып, сол дәуірде жүргендей күй кештім. Әр парағын ашқан сайын таңданысымды жасыра алмадым. «Тарихты тұлғалар жасайды» десек, осындай тағдырлы тұлғаның, атпал азаматтың халқы үшін жасаған ерен еңбегін бір кітаптың ауқымына сыйдыру мүмкін емес. Себебі Есенбек Құрманбайұлы өзінің отбасын, туған-туыстарын ғана ойламаған азамат. Ол – бүтін ауылдың, халықтың болашағына, тағдырына алаңдаған жан. Туған жерінің әрбір азаматын ойлап, әрбір тұрғынның жоғын жоқтаған кең жүректі тұлға. Сол жолда басын бәйгеге тігуге дейін барған қайраткердің бүкіл саналы ғұмыры – бүгінгі жастарға нағыз үлгі. Осы тұлғаның өмір жолынан мысалдар келтіре отырып-ақ жастарды тәрбиелеуге болады. Қаһарманды, қазіргі жастардың тілімен айтсақ, идеал тұлғаны кинодан іздеудің қажеті жоқ. Ондай адамдар өмірде бар. Есенбек Құрманбайұлы – мыңдаған жастарға, тіпті, бүтін ұрпаққа идеал бола алатын тұлға. Сондықтан бұл повестің авторы атану мен үшін үлкен мәртебе болды. Жалпы, халқы құрметтеген азамат, елі қадірлеген тұлға туралы кітап жазу оңай шаруа емес.

– Кітаптың басты кейіпкері Есенбек Құрманбайұлын өмірде көрген жоқсыз. Өмірде болған тарихи тұлға, бірақ өзіңіз білмейтін адам туралы кітап жазу қиынға соқпады ма? Есенбек образын аша алдым деп ойлайсыз ба? Тарихи деректер, нақты фактілер жағы қаншалықты жеткілікті болды?

– Дұрыс айтасыз. Мен бұл кісіні көрген жоқпын. Кім болғанын ұрпақтарының айтуымен, өзінің қолжазбалары арқылы білдім. Тарихи деректер, нақты фактілер, ақпараттар өте көп болды. Жанболат әкесі туралы барлық материалды жинай беріпті. Себебі бұл Жанболаттың тоқсаныншы жылдардан бері жарық көрсе деп армандап жүрген дүниесі екен. Есенбек ата тұрақты түрде өлең, әңгімелер жазған шығармашылықтың да адамы болған. Сарғайған қолжазбаларын оқып отырсам, ешбір жерін түрткің келмейді. Басында кітапқа енетін өлеңдерін де жөндеу керек шығар деп ойлағанмын. Оқи бастағанда білдім, керемет шығармалар екен. Ел басқарып, шаруашылықпен айналыспаса, үлкен ақын немесе жазушы болуы да ғажап емес. Шынын айту керек, өзінің айналасының ғана емес, бүтін елдің қамын ойлаған мұндай тұлғалар өте аз. Ең қиын, зобалаң жылдары, ашаршылық кезінде ел басқарып, халықты жұттан аман алып шығу екінің бірінің қолынан келмейді. Кейіпкердің образы ашылды деп сеніммен айта аламын. Мұны кітапты оқып, бағасын берген оқырмандар да айтып жатыр.

– Кейде жазушылар өз кейіпкерлері туралы сол адамның өмірін сүргендей, тағдырын бастан кешкендей болдық деп айтып жазады. Ал сізге қалай әсер етті?

– Ол шындық. Тарихи тұлғаның образын ашу – оңай емес. Кейде бір тұлға туралы шығарма жазуға екі-үш жыл уақыт кетеді. Осындай дүние жазу үшін, әрине, кейіпкеріңнің заманында өмір сүріп, оның тағдырымен өмір кешуге тура келеді. Мен де кітап жазылған жарты жылдың ішінде сол заманда өмір сүргендей күй кештім.

– Шығармада сіздің өзіңізге ерекше әсер еткен қандай оқиғалар бар?

– Ондай оқиғалар өте көп. Бір ғана мысал. Кейіпкеріміздің жүрегімді қатты елжіреткен тұсы – өмір бойы анасын іздеуі. Өмірден өтіп кеткен анасына хат жазуын тоқтатпауы. Әр хатындағы «Жәннаттық анам», «Қадірлі анам», «Жұмақ анам» деген тіркестері жаныңызды елжіретпей қоймайды. Есенбек ақсақал жалшы болып байдың малын бағып жүрген кезінде анасын бір-ақ рет көруге мүмкіндік алады. Кейін анасы дүниеден өтеді. Анасынан айрылғандағы жаны жылап жазған жырларын жанарыңызды жасқа шыламай оқу мүмкін емес. Ол кезде Есенбек Құрманбайұлы әлі кішкентай бала ғой. Көл жағасында ойнап жүрген кезінде қасындағы балалар анасымен бірге үйіне кетіп бара жатқанда, бұның жалғыздықтан анасын жоқтап жылауы тас жүректі жібітеді. Ол кездегі адам төзгісіз қиындықтар мен ашаршылық оқырманды бей-жай қалдырмайды.

– Есенбек Құрманбаевтың атақты ұлт көсемі Әліби Жангелдинмен кездескені қаншалықты рас? Ол қалай болған?

– Есенбек Құрманбаев пен Әліби Жангелдиннің кездесуі өмірде болған оқиға. Оған нақты тарихи деректер бар. Ел басына күн туған 1916-1917 жылдардағы оқиғалардың әсерінен елді жоқшылық жайлап, жалшылыққа жалданатын бай азайғандықтан, ел Ақтөбеге ауғанда Есенбек те халықпен бірге сонда барады. Ақтөбеде де байға жалданып, мал бағады. Бірақ келіскен бай еңбекақысының кесімді уақыты келгенде, оған бір тиын да төлемей, үйінен қуып жібереді. Есенбектің басындағы ауыр халді көрген қарапайым халық оған бар жағдайды Сағымбай батырға айтқан жөн деп шешеді. Болған оқиғаны естіген Сағымбай батыр арызын ертең келетін Қызыл өкіметтің адамына айтуға кеңес береді. Ол – Әліби Жангелдин болатын.

Міне, осы кезде Есенбек Құрманбаев қазақтың көрнекті қайраткер ұлы Әліби Жангелдинмен танысады. Атақты революционер Есенбектің байда кеткен ақысын артығымен төлеттіріп береді. Сосын оны паровозға от жағушы етіп жұмысқа тұрғызады. Есенбек ұлт көсемі Әлібимен үнемі байланыста болып, сауатын ашады. Кейін қызметке тұрып, қоғам өміріне араласа бастайды.

– Халқымызда «Әр нәрсенің сыры өзінің иесіне ғана белгілі» деген сөз бар. Повестің «әттеген-ай» деген тұстары бар ма?

– Жасыратыны жоқ, аталған шығарма мен үшін өте қиын тақырып болды. Есенбек ақсақалдың 6 жасынан бастап өмірден өткенге дейінгі бүкіл ғұмыры осы повесте бейнеленген. Әрине, «әттеген-ай» дейтін тұстары жетерлік. Шыны керек, бұл шығарма асығыстау жазылды. Суреттеу, табиғаттың берілуі, адамдардың образдары, жалпы, портреттерді жетілдіру қажет екенін мойындаймын. Кейіпкерлерді де толықтырғым келеді. Екінші жағынан, Жанболаттың өзі: «Әкеммен бірге еңбек еткен ел азаматтарының аты-жөндері қалмасыншы» деген тілегін жеткізді. Онда повесть емес, очерк болып кетеді деп қарсы болдым. Бірақ кейіннен оның өтінішін орындап, ым-жымын білдірмей, сол кезде ел игілігі жолында еңбек етіп, маңдай терлерін төккен қаншама азаматтың аты-жөнін кіргіздім. Жалпы, жақсы көркем шығарма өмірге келді деп есептеймін. Болашақта бұл повесті романға айналдырсам деген жоспарым бар. Өйткені повестке енбей қалған біраз дерек бар. Сосын көркемдік жағынан қайта өңдеп шықсам деймін.

– Оқырманды кітаптың тақырыбы бірден елең еткізеді. Не себепті «Жұмыр жердегі бір ғұмыр» деп атадыңыз?

– Мен ақынмын ғой. Ақын өлең жазғанда ұйқас іздейді. Тақырыбының да біте қайнасқан ұйқастар секілді әдемі болғанын қалайды. Есенбек Құрманбайұлы – жұмыр жерде өмір сүрген бір ғана ғұмыр. Ал, жер бетінде өмір сүрген, сүріп жатқан мыңдаған ғұмырлар бар. Бірақ біздің кейіпкеріміз өзгеше әрі қайталанбайтын дара ғұмыр иесі. Сондай адамның ғұмыры бір кітапқа сыйып тұр. Жұмыр жердегі бір ғұмыр дегеніміз – осы. Алдағы күндері осы кітаптың Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық кітапханада да тұсаукесерін өткізіп, сыйға тартсақ деген жоспарымыз бар.

– Жаңа бір сөзіңізде «Сырдария мен Сыр жыңғылдарын, Қорқыт ата кешенін көріп қатты толқыдым» деп қалдыңыз. Осындай толқыған сәттерде ақын жүрегінен жыр туатыны белгілі. Сұхбатымыздың соңында сол толқыныстан туған жырлардың бір шумағын оқып берсеңіз?

– Дұрыс айтасыз. Сыр елінен үлкен толқыныспен кетіп бара жатырмын. Қазірдің өзінде көптеген жырлар дүниеге келіп үлгерді. Жүрегімнен алғаш болып шыққан мына өлеңді оқып берейін:

Басынан бақыт ұшпаған,

Ырыс, құт біткен еліне.

Ақмешіт – сонау астанам,

Бақ, дәулет қонған төріне.

Ән менен күй шалқыған,

Сүлейлер шыққан бұл өлке.

Ақ күріші жайқалған,

Ғажапқа толы жыр өлке.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,

журналист.

Тағы да оқыңыз: