Kyzylorda-news.kz Талап пен талғамының, қабілеті мен қарымының арқасында іскерлігін дәлелдеп жүргендер көркем бизнесте де бар. Соның ішінде ерекше креативтілігімен көзге түскен 22 жасар Айдананың орны бөлек. Ол макияжға қазақша әр беріп, көптің алғысын алып жүр.
Кейіпкеріміз тәуекелі көп кәсіпте шыңдалушылар қатарынан. Талап пен талғамының, жан-жақтылығының арқасында бір емес, бірнеше істің қиюын келтіріп келеді. Бұған дейін киімдер дүкенінде менеджер болып жұмыс істеген. Ал бет әрлеудің өзгеше үлгісін қолға алуы сұлулыққа деген құштарлығынан туған хобби десе болады.
«Мен визажист емеспін, суретшімін. 5 жасымнан суретке деген қызығушылығымды байқаған ата-анам сурет мектебіне берген. Содан бері сүйікті ісіммен шұғылданамын» дейді ол. Бүгінде жасаған «шедеврін» желіге жүктеп, танымалдығы артқан Айдананың бір ғана танымал TikTok желісіндегі видеолары мыңдаған қаралым жинайды.
– Ерекше макияжға қызығушылық балалық шағымнан басталған сияқты. Мультсериалдардағы кейіпкерлерді көріп, соларға еліктегім келген. Winx-тегі перілер, Bratz-тағы модельдер, Барбидің түрлі мультфильмінде ашық түс, креатив, бұрын-соңды көрмеген образдар қатты шабыттандыратын. Ал жасөспірім кезімде Pinterest қосымшасын ашқалы бері өмірім өзгерді. 2018 жылы «Эйфория» сериалы шыққаннан кейін үйдегі әпкелерімнің ескі бояуларымен тәжірибе жасап бастадым. Содан әлі жаңа идеялар іздеп жүрмін. Маған «Неге тек наурызда оюға мән береміз? Күнделікті өмірде неге қолданбасқа?» деген ой келді. Сол уақытта tribal стиліндегі тату мен макияждар тренд болатын, соны оюмен үйлестіріп макияж жасау ойға келген. Күнде жай боянып қана қоймай, оны өзге адамдармен де бөліскім келді. Солай TikTok-қа тіркелдім, – дейді суретші.
Қазақы нақыштағы киім-кешек, әшекейлер бар. Ал қазақша үлгідегі бояу make up жиі кездесе бермесі анық. Бұл үрдісті қалыпқа келтіру, қазақ оюларын көпшілікке насихаттауды мақсат еткен Айдана бұл макияж түрін күнделікті қолданысқа енгізуді ойлайды.
– Бізде ашық, экстравагантты макияж танымал емес. Бірақ алдынғы жылдың наурызында тәуекел етіп, осы макияжбен жиынға бардым. Содан кейін күнделікті өмірде де осылай боянғым келгендіктен көбірек ою іздеп, оларды заманауи әрлеу әртістердің макияждарынан шабыт алып өз стилімде ойлап таптым. Мен өзім визаж курсын оқыған жоқпын, сондықтан өзгелерді бояуға қорқамын. Бірақ құрбыларыма тәжірибе жасап шықтым. Барлығы бір қалыпты, бір-біріне ұқсас боянады қазір. Сұлулық индустриясына ұлттық нақышты қосып, серпіліс сыйлайық!? – дейді ол.
Мөлдір САБЫРЖАН