Kyzylorda-news.kz. Жұмыртқа десе, елдің есіне нарықтағы қымбат баға түседі. Құс тұмауының салдары, жылда қайталанатын баға өсімі деп көңілді бірлесек те, құр сөздің көпке жұбату болмайтыны анық. Бірақ бұл мәселенің де шешімі табылар күн алыс емес. Осыдан 1-2 жыл бұрын Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Жангерей Зинелов бағасы қолжетімді инкубатор жобасын ұсынған болатын.
‒ Жангерей, Пекинде өтетін IESO ‒ 2021 халықаралық олимпиадасына жолдама алғаныңыз. Мектепте озат оқумен қатар, жан-жақты жобалармен де айналысасыз. Осы орайда әңгімемізді инкубатор құрастыру идеясынан бастасақ…
‒ Мен отбасыммен бірге бірнеше жыл бойы тауық асыраумен айналысып, үй құстарының өмір сүру жағдайын зерттедім. Тауықтардың құрыққа жатып, балапандарды басып шығару үрдісі менің қызығушылығымды тудырды. Уақыт өте келе жұмыртқаның барлығынан балапан шыға бермейтінін, кейбір балапандардың толықтай жетіле алмайтынын аңғардым. Осы мәселені жетекшім, биология пәнінің мұғалімі Салтанат Сұлтанғазықызымен талдап, өңірдегі құс шаруашылығы туралы статистикалық мәліметтерді іздестіре бастадым. Нәтижесінде Қызылорда облысында жұмыртқа өндірісінің деңгейі төмен екенін білдік. Нақтырақ айтсам, 2020 жылдың 10 айында жұмыртқа өндірісі ұлттық нормадан 18,2 есе, ал дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бекіткен физиологиялық нормасынан 31,1 есе төмен. Жұмыртқа өндірісін арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін біз мектеп жағдайында инкубатор жасау туралы идеяны ойластырып, жүзеге асырдық. Жетекшіммен бірге инкубатордың құрылысын жоспарлап, әртүрлі әдебиеттерден материалдардың қасиеттері және бағалары туралы ақпарат жинақтадық. Ғаламтор желісі арқылы қажетті материалдарға тапсырыс беріп, бір ай көлемінде инкубаторды құрастырып шықтық.
‒ Құрылғының жұмыс істеу механизмі қандай? Тәжірибеден кейінгі нәтиже өзіңіз күткендей болды ма?
‒ Инкубатордың құрылысына тоқталсам, корпусы пеноплэкс материалынан жасалған. Сонымен қатар 40 ватт, 220 вольтты құрайтын 2 шам, компьютерлік кулер (вентилятор), автоматты жұмыртқа айналдыратын лоток, сандық таймер, термореттегіш және су құюға арналған ыдыс (лоток) орналасқан. Жұмыртқаның жұмыс істеу механизмі балапандардың шығуы үшін оптимальды жағдайлар қалыптастыруға негізделген. Автоматты жұмыртқа айналдыратын лоток жұмыртқалардың дұрыс орналасуы үшін және ішіндегі ағзалық заттардың бір бетке жабысып қалмауы мақсатында екі сағат сайын айналып тұрады. Автоматты лотоктың астында су құюға арналған ыдыс қойылған, ол балапандарға суды буландыру арқылы жеткізу үшін қажет. Инкубатордың ішкі жоғары бөлігінде компьютерлік кулер әрбір 10 минут сайын 20 секундқа іске қосылып, артық көмірқышқыл газын сыртқа шығарады. Сандық таймер барлық жүйемен байланысып, желдеткіш пен автоматты лотоктың белгілі уақыт бойынша жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Ал термореттегіш балапандардың дамуы үшін шамнан бөлінетін жылуды оптимальді 38,8 С температурада сақтайды. Біз тәжірибені 2 жыл бойы жалғастырдық. Алдымен жақсы жетілген эмбрионы бар жұмыртқаларды овоскоп құралы арқылы анықтап, іріктеу жасадық. Сонымен қатар ғылыми тәжірибе жүргізу мақсатында кальций дұрыс таралмаған жұмыртқаларды да алдық. Тауық балапандары 21 күнде шыға бастады. Инкубаторға салынған 19 жұмыртқадан 12 балапан жұмыртқаны жарып шықты.
‒ Балапанды жұмыртқадан жасанды жолмен шығаруға арналған аппарат бұрыннан қолданыста бар. Ал сіз ұсынған жобаның басты артықшылығы неде? Кемшін тұстары жайында не айтар едіңіз?
‒ Жоба экономикалық тұрғыдан тиімді, себебі қажетті материалдар қолжетімді және бағасы арзан. Жоғарыда айтып өткен пеноплэкс материалының артықшылығы, ол тоқ көзіне қосылмаған жағдайда да 2 сағатқа дейін жылуды инкубатор ішінде сақтап қалады. Бұл құрылыстағы ең жақсы жылуоқшаулағыш материал болып есептеледі. Сонымен қатар оның салмағы айтарлықтай жеңіл, мектеп немесе үй жағдайында оңай тасып жүруге болады. Осы арқылы экономикалық шығынның алдын алып, өнімділікті арттыра аламыз. Ал өндірістегі инкубатор бағасы шамамен 60 000 теңгеге бағаланады, себебі корпусы металдан жасалған. Сәйкесінше ол ауыр әрі алып жүруге қолайсыз.
Ал біздегі инкубатордың бір кемшілігі, автоматты жұмыртқа айналдыратын лотокқа 42 жұмыртқа ғана сыяды.
‒ Мектебіңіз жайлы ой бөліссеңіз…
‒ Біздің мектепте жыл сайын дәстүрлі түрде мектеп президенті сайланады және оған әр сыныптан үміткер өз сайлауалды бағдарламасын ұсынады. Сайлауда мұғалімдер мен оқушылар дауыс беру құқығына ие. Қазан айында мен де өз бағдарламамды оқушыларға таныстырдым, нәтижесінде ең жоғары дауыс жинап, мектеп президенті атандым.
Президент ретінде мен сайлауалды бағдарламада көрсетілген жобаларды жүзеге асыруға талпыну үстіндемін. Әр ай сайын іс-шаралар тізімін жасап, өзін-өзі басқару кеңесіне орындалу жоспарын тапсырамын. Жобалардың ережелерін құрастырып, мұғалімдермен бірге сайыс пен білім байқауын өткіземін. Өзге НЗМ мектеп президенттерімен келіссөздер жүргізіп, ортақ идеяларды жүзеге асырамын. Оқушылардың оқу жөніндегі мәселелерін шешуге көмектесемін. Бір сөзбен айтқанда, мектеп әкімшілігі мен оқушылар арасындағы байланысты жақсарту үшін оқушылар бірлестігі атынан жұмыс атқарамын.
Жалпы өзім мектептен тыс іс-шаралармен де айналысып, академиялық және ғылыми табыстарға қол жеткізуді қалаймын. Осы бағытта жиі ізденіп, білім алуға тырысып жүрмін. Нәтижесінде Назарбаев Зияткерлік мектептер желісінде дәстүрлі түрде өтетін пәндік олимпиадада Қазақстан тарихы пәнінен ІІ орын иелендім, сонымен қатар «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен олимпиадада химия, биология, Қазақстан және дүниежүзі тарихы пәндерінен жүлделі орынды иелендім. «DOSTYK KZ» жастар саясатын дамытуға бағытталған әлеуметтік жобалар байқауында әріптесім Әбілқайыр Ерғалиев екеуміз бірігіп жасаған «Диабет мектебі» жобасын қорғап, бас жүлдені жеңіп алдық. Сондай-ақ Гете институты мен неміс театры ұйымдастырған VI жасөспірімдер театралды фестивалінде мектеп командасымен қатысып, «Үздік видео-концепт» номинациясына қол жеткіздік.
‒ Сұхбатыңызға рақмет!