Kyzylorda-news.kz. Өз елінде қалып, өмір сүру патриотизм емес. Шетте жүріп-ақ күн сайын, сағат сайын өзі таңдаған саламен тығыз байланыста болып, Қазақстанның дамуына атсалысып жүргендер көп. Соның бірі – қызылордалық журналист Ғалымжан Бәйімбет. «Хабар 24» телеарнасының Лондондағы меншікті тілшісі, халықаралық «Болашақ» бағдарламасының түлегі, көптеген телевизиялық жобалардың, телехабарлар мен ток-шоулардың авторы Ғалымжан Қараманұлымен сұқбаттасудың сәті түскен еді.

– Лондон қазақ баласын қалай қарсы алды?

– 2015 жылы «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты атандым. Сынақтардан сүрінбей өтіп, алдымен академиялық тіл курсын оқыдым. Англияның 3 қаласы, атап айтсам, Саутгемптон, Лондон және Лестерде өмір сүріп көрдім. Одан кейін Шотландияның Глазго қаласындағы әлемдегі озық университеттердің бірі Глазго университетінде медиа менеджмент мамандығы бойынша білім алдым. Стратегиялық өзгерістерді басқару, медиа экономика, маркетинг және менеджмент, аудиторияны басқару бойынша мәселелер, зерттеу әдістері, медиа және мәдениет саясаты бағытындағы білімді терең меңгердім. Нәтижесінде оқуымды сәтті аяқтап, магистрлік диплом алдым.

Университетте оқи жүріп, «Хабар 24» телеарнасымен тығыз байланыста болдым. Ұлыбританияда болып жатқан жаңалықтарды журналист әрі оператор ретінде өзім камераға түсіріп, өзім монтаждап, ақпарат жіберіп отырдым. Оқуым аяқталысымен шығармашылық әріптестігіміз жалғасып, осында қалу мүмкіндігі туды. Қазір Лондонда отбасыммен бірге өмір сүріп жатырмын.

Лондонда тіліңе, түсіңе, дініңе қарап алаламайды. Бастысы тәртіпке бас исеңіз, заңды түрде жұмыс істеу визаңыз болса жеткілікті. Үш ұлым, бір қызым бар. Үш балам мемлекеттік мектепте, тұңғышым колледжде ағылшын тілінде оқиды. Қызым Кәусар қазақ телевизия¬сындағы тұңғыш балалар арнасы «Balapan»-да «Мисс Кәусар» атты ағылшын тілін үйрететін бағдарламаны жүргізеді. Келіншегім Марина Бекенова – «Qazaqstan» ұлттық арнасының Лондондағы тілшісі. Отбасымыздың қызметі қазақстандық медиамен тығыз байланыста десек болады.

– Туған жерден жырақта жүрген адамнан білгіміз келеді. Қызылорда сіз үшін..?

– Қызылордам – туып-өскен, өсіп-өнген жерім, балалық, жастық шағым өткен өңір. Қызметтегі алғашқы қадамдарым да осы қалада басталды. 2000-шы жылдардың басында «Қызылорда қоғамдық телеарнасында» (ол кезде «Қала ТВ» аталған) Шәкизада Әбдікәрімовтың басшылығымен «Болашақ» жастар бағдарламасын дайындадым. Одан кейін «Бізбен бірге болыңыздар», «Күзгі шеру», «Бәрекелді», «Каранteen» және басқа да жобаларды эфирге шығардым. Осында «Болашақ» жастар сериалын түсіріп, алғаш рет режиссерлік қырымды сынап, шыңдап көргенім де есімде. Одан кейін «Qyzylorda» облыстық телеарнасында редактор, аға редактор, директордың орынбасары қызметтерін атқардым.

Мен үшін Қызылорда қашанда ыстық. Жұрт жазғы демалысын шетелде өткізіп жатса, жылда отбасымызбен міндетті түрде Қызылордаға барып, ауасын жұтып, күніне күйіп қайтқанды жөн көреміз. Ең бастысы мұнда біздің туған-туыстарымыз тұрады. Лондон өмір сүру сапасы жағынан дамыған, экологиясы тамаша әлем астанасы болғанымен кіндік қанымыз тамған Қызылордаға жетпейді…

– Сіздің үйіңізде қандай да бір отбасылық ережелер, принциптер бар ма?

– Ұяда не көрдік, ұшқанда соны іліп жүрміз. Әке-шешеміздің берген тәрбиесі мен білімі біз үшін өте маңызды. Оны балалары¬мызға да үйретудеміз. Үй болған соң кесе-шәйнек сылдырламай тұрмайды. Бірақ ақылға салып, ұрыс-керіссіз шешу керек деп ойлаймын. Қоғамда көбіне әлеуметтік мәселелер отбасылар¬дың шырқын бұзып жүр. Жұмыссыздық белең алып, несие төлей алмай жатқан жанұя мүшелері арасында араздық өрши түседі.

Астанада тұрғанымызда біздің де пәтер сығалап жүрген кезіміз болды. Лондонда да үй-жәйіміз жоқ, жалдап тұрамыз. Өзім қосымша 5 жерде фрилансерлік жұмыс істеймін. Әйтпесе, қымбат қалада өмір сүру мүмкін емес. Балаларымды да еңбекқорлыққа тәрбиелеп жатырмын. 17 жастағы үлкен ұлым Әлішер колледждегі оқуына 3 күн барып, 2 күн жергілікті мейрамханада кассир болып жұмыс істейді. Пәтердің ай сайын төленетін салығын жабуға жәрдемдеседі. Ал 10 жастағы Кәусар қызым ағылшын тілін үйрететін курстары бар қазақстандық компанияның инстаграмдағы бренд-амбассадоры. Яғни, «Balapan» телеарнасынан бөлек, блогер ретінде еңбек етіп жүр. Біздің отбасымыздағы басты ереже – еңбекқорлық.

– Шетелде жүрсеңіз де, таза қазақша сөйлеп, қазақы нақышта киініп жүресіз. Жалған намыссыз, фанатизмсіз нағыз қазақылықтың үлгісісіз. Осындай өмір салтына не түрткі болды?

– Англияда тұрсаңыз да балаларыңызбен қазақша сөйлеседі екенсіз деп жазатын оқырмандарым көп. Ана тілімізде сөйлеспесек, кім болғанымыз?! Қазақстанда өмір сүрсе де ұл-қыздарымен орысша түсінісетіндер көп деп ренжиді олар. Өзім де соңғы уақытта әлеуметтік желілерден байқап жүрмін. Тіпті, кейбір әріптестерімнің өздері де қазақтілді журналист бола тұра балаларына орысша шүлдірлейді.

«Қазақ тілді орта жоқ. Аулада, қоңырау кезінде бәрі орысша сөйлеседі. Сол тілде мультфильм көреді» деп ақталады олар. Құдай-ау, Лондонда орта жоқ десек жарасады, бәрі ағылшынша. Бірақ мен ғана емес, үнділер, ауғандар, пәкістандықтар өз тілі мен мәдениетін сақтап жүр ғой. Сіз де сөйтіңіз. Балаңыздың ана тіліне деген құрметін арттырып, қазақша сөйлесіңіз деймін оқырмандарыма. Өзім қазақтықты жаннан да, қаннан да жоғалтпаудың үлгісі болғым келеді.

– Әдемі әңгімеңізге рақмет, Ғалымжан аға!

Тағы да оқыңыз: