Kyzylorda-news.kz. Жасанды интеллект дамыған, кез келген қызмет түрін роботтар алмастыра алатын заманда орнын басуға келмейтін өзгеше мамандықтың бірі – актерлық өнер. Сахнадан биік табалдырық жоқ деп танитын өнер адамдары үшін театр қашанда биік, аристократтық өнер ордасы. Бүгінгі кейіпкеріміз Ердәулет Мәмуов те – театр әртісі. Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрында өзінің образдарымен тұрақты көрерменін, шығармашылық жолын қалыптастырып үлгерген жаспен театр өнері, жеке шығармашылығы жайында тілдескен едік.

– Актерлық оңай мамандық емес. Көрерменді сендіру үшін рөлді сомдаудан бұрын сахнада өмір сүру керек. Таңдауыңызға не түрткі болды?

– Әрине, маңдай тер мен тәжірибені таразыға салатын сан түрлі мамандықтың әрқайсысының өз қиындығы бар. Театрда өнер көрсету де өзінше қиын. Сахнада тыным таппай, көрерменге қойылымды, сол сәтті сезіндіру оңай дүние емес. Бірақ ол өзімізге ұнайды. Сол қиындықтан өзімізге ләззат алып, дамып отырамыз. Яғни, нәтиже ғана емес, жұмыс барысынан да ләззат аламыз. Адам өзінің сүйікті ісін тапқанда оған жұмысы жұмыс емес, демалыс сияқты көрінеді. Өзім таңдаған өнер саласы ауырлық салмайды, керісінше уақыт өткен сайын шабыттандыруда.

Аталған актерлық шеберлік мамандығын таңдауыма ата-анам түрткі болды. Оқуымды әрі қарай жалғастырып,үлкен сахнадан, көгілдір экраннан ұлын көргісі келді. Оған іштей қуанбасам, қарсы емес едім. Өзімде қалауымыз ортақ жерден шығып тұрса, неге сахнаға шықпасқа, таудай талабымды, талантымды көрсетпеске деген ой болды. Солай таңдап кете бардым. 2013 жылы Қызылордадағы М.Мәметова атындағы гуманитарлық-педагогикалық колледжіне «Актерлық өнер» мамандығына қабылданып, 2017 жылы аяқтап шықтым. Сол жылы білімімді жалғастыру мақсатында Алматыдағы ҚазҰӨА-на «Театр және кино актері» мамандығына грантқа түстім. 2021 жылы аталған өнер ордасынан дипломымды алып, оқуымды аяқтадым. Алайда облыстық Н.Бекежанов атындағы облыстық академиялық музыкалық драма театрының сахнасына 2013 жылдан бері шығып, азды-көпті еңбек етіп, тәжірибе жинап келемін. Өзім өнерде жүрсем де кумирім әртістер емес. Маған журналист, президент, ғалым, саясаткерлердің істеген ісі үлгі, өмірі қызық.

– Соңғы кезде Н. Бекежанов атындағы театр әртістері өздерін режиссерлық қырынан сынап келеді. Бұл бастаманың берері қандай?

– Иә, театрымызда қазір бірнеше әртісіміз режиссер ретінде спектакль қойып, бағын сынап көруде. Бұл – үлкен тәжірибе, жас әртістер үшін шығармашылық тұрғыдан пайдалы дүние. Кейде кәсіби режиссерларға қарағанда режиссерлыққа аяқ басқан әртістер әртіс жанын тез ұғып жатады. Ал режиссердың бағы – өз актерын тауып, бас-аяғы бар жинақы қо¬йылым ұсыну. Кім пьесаны қалай ойлайды, қалай көреді, солай жасайды. Әртіс болсын, режиссер болсын, қойылым жасау жеке көзқарасына байланысты. «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген мақал біздің ма¬ман¬дыққа сәйкес келмейді. Себебі шығармашылық жаңалық үздіксіз ізденістен, жаңа білімнен, тәжірибеден туады. Сондықтан бұл бастама облыстық театрдың кәсіби деңгейі өсіп жатқанын білдіреді десек, артық емес. Яғни, театрдың халыққа ұсынар дүниесі көп деген сөз.

Түрлі жанрда қойылымдар болғанымен, әр әртістің, әр жанрдың өз көрермені бар. Сіздің көрерменіңіз кімдер?

– Әр қойылымның өз көрермені бар. Біреуге комедия ұнаса, біреуге драма ыстық, тіпті, біреуге трагедия ұнауы мүмкін. Сол сияқты әрбір әртістің өзіне жақын жанры бар. Осыған байланысты көрермендері де өзара бөлінетін секілді. Яғни, көрерменге қай жанр ұнаса, сол жанрдың әртісі өзіне ыстық болып тұрады. Ал әртіс ретінде маған мынау менің көрерменім деуге әлі ертелеу. Дегенмен театр сахнасынан мені іздейтін, жақын көретін көрермен жастар сынды. Мен сомдайтын образдар үшін немесе өзім де жас болғаным үшін шығар, мүмкін.

– Жаңа жылда көрерменді қандай жаңалықтармен қуантпақсыздар?

– Биыл 2023 жылға Н.Бекежанов атындағы театрының басшылығынан да, шығармашылық ұжымынанда жаңалықтар көп болады деп ойлаймын. Оны алдағы уақытта бақылап, көріп отырасыздар. Театрсүйер көрерменді қуантуға, жаңа қойылымдармен, жаңаша форматтағы спектакльдермен толықтыруға тырысамыз. Шығармашылық адамы үшін жаңалық – дамудың, алға жылжудың көрінісі. Сондықтан шығармашылық эксперименттерден қорықпаймыз.

Өткен жылы театр билеттері қымбаттады, жаңа жанрлар бойынша қойылымдар да көбейді. Қызылордалық көрерменнің театрға деген көзқарасы, сұранысы өзгерді ме?

– Өнер ақшаға сатылмайды, өнер бағаланады. Иә, жыл ортасына қарай билеттердің қымбаттағаны рас. Бірақ айтарлықтай аса қатты қымбаттаған жоқ. Қойылымның билет құнын толық ақтайтындай көңіл-күйге бөленіп, ерекше сезіммен қайтатындарыңызға сенімдімін. Демек қойылымдар билет құнына тұрады және театрымызда барлық жағынан алға жылжу бар. Жаңа қойылымдар, жаңа жанрлар, жаңа форматтағы спектакльдер ұсынудан жалықпаймыз. Жаңа идеяларды шығармашылық ұжыммен талқыға салып,көрерменге нені, қалай ұсынамыз деген оймен бас қосамыз. Былтырғы, яғни, 2022 жылы көрерменге 11 қойылымның премьерасын ұсынғанымыз – соның дәлелі.Театрға, театр мәдениетіне деген қызылордалық көрерменнің көзқарасы расымен де өзгеріп келеді. Бірақ баяу. Алайда біз тырысудамыз. Сұраныс та дәл сондай.

– Сұқбат үшін рақмет!

Тағы да оқыңыз: