Kyzylorda-news.kz Бүгінгі нарықтық экономика заманының басты талабының бірі – жас ұрпақты сапалы біліммен қамтамасыз ету. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауды айқын сезінген дарынды балалар шалғайда орналасқан қаншама елді мекеннен қаулап шығуда. Білім нәрімен сусындаған талабы таудай оқушы бүгінде мемлекет құйған инвестицияның жемісін көруде. Мәселен, әр жыл сайын жері жомарт Сырдария ауданы, Жетікөл ауылында бәсекеге қабілетті білім алушы үлкен өмірге қанат қағып, қадам басуда. Өз кезегінде аталған елді мекендегі №174 орта мектептің өткен оқу жылында атқарған ауқымды жұмысы жөнінде білікті басшы, ҚР Білім беру ісінің үздігі Жамбыл Қырданов сұхбат барысында айтып берді.
– Жамбыл Спанұлы, оқу жылының аяқталуымен құттықтаймыз! Ең алдымен, ауыл баласына сапалы білім беріп келе жатқан мектептің сындарлы тарихына тоқталып өтсеңіз...
– Берекесі тасыған ауыл өмірімен біте қайнасқан мектеп тарихы зұлмат соғыстан оңала бастаған кезеңінде бастау алды. Нақтырақ айтқанда, алдыңғы аға буынның келтірген мәліметіне сүйенсек, алғаш 1947-1948 жылдары ауылдағы жұмысшы мен қызметкердің баласына арналған 4 жылдық орыс мектебі болып ашылып, оны Үсен Кішкенбаев басқарған екен. Ал 1951-1952 оқу жылы қазақ балаларына арналған сынып қосылып, 7 жылдық мектепке айналған. Арада 2 жыл өтіп, білім ошағына А.Макаренко есімі берілген. Жеті жылдық мектепті Әуезхан Жәкенов басқарса, бір жылдан кейін 8 сынып ретінде қайта құрылып, басшылыққа Махмұт Пірмаханов келген. Ел арасында тәжірибелі басшы ретінде танылған Шәумен Есмағанбетов пен Дауылбай Наурызбаев әр жылдары білім ұясына жетекшілік еткен сәтте 8 оқушы алғашқы түлек атанған. Айта кетейік, 8 түлектің ішінен ҚР қаржы министрі, Сенат депутаты қызметін атқарған Сейітсұлтан Әйімбетов бар. Тәжірибелі педагог Кеңес Тасыров 24 жыл мектепті көш басына сүйреп, бала санының көбеюіне байланысты жаңа ғимараттың салынуына ықпал етті. Жаңа ғимаратқа көшкен мектеп Кеңес ағамыздың тұсында 10 жылдық мәртебесіне ие болып, 26 оқушы бітіруші түлек атанды. Ауылдағы шаруашылықтың өндірісін өркендету мақсатында сол кездегі мектеп оқушыларының ұсынысы негізінде «Арман» атты бригада құрылған. 1961-1969 жылдары мектебімізді белгілі журналист, ақын, Кенжалы Райымбеков бітірсе, 1971-1981 жылдары «Дарын» сыйлығының иегері, ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы, осы күні «Қазақстан темір жолы» АҚ баспасөз хатшысы Әбубәкір Смайлов оқығанын мақтан етеміз. Мектеп ашылғаннан бері қажырлы еңбек еткен П.Сахабаева, К.Тасыров, Р.Нұржанова, А.Пірімбетов, Г.С.Платицина, А.Қиынбаева,«Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» атағына ие Әзімхан Жүнісов, және Айсұлу Қиынбаева, «Еңбекте үздік шыққаны үшін» Сақтаған Торғаев, Т.Кенжеев, С.Динаев, Ө.Ермекова, С.Төребаева, Р.Бақтыбаева, А.Оспанова, Г.Қарақұлова, Л.Бәйменова, Г.Жакенова, Ұ.Мәмбетова, Л.Бодықова сынды ұстаздарымыз ізінен ерген жастарға жол көрсете білген. Бұл ретте, 1988-1990 жылдары Асылхан Дүйсебеков, 1990-1991 жылдары Амангелді Махатаев, 1992-1997 жылдары Жұмабек Әлиев, 1997-2005 жылдары Рсалды Қалжанова, 2005-2009 жылдары Әлібек Сейтмұратов білім ошағына басшылық жасап, ағартушылық саланың дамуына септігін тигізген. Өзім 2009 жылдан бері педагогикалық құраммен бірге сапалы білім беру жолында жұмыс істеп келемін.
– Іргелі білім ошағының педагогикалық құрамы қандай? Сонымен қатар білім ошағында қанша бала білім алуда?
– №174 орта мектебінде 127 оқушы бар. Біздің мектебімізде 11 сынып комплектісі жасақталған. 2022-2023 оқу жылының қорытындысы бойынша 11 сыныпты 8 оқушы бітіріп, шәкірттеріміз Сандуғаш Нұрланқызы, Дильназ Кеңесова «Алтын белгі» иегері атанса, Нұрсұлтан Аманқос «Үздік аттестатқа» қол жеткізді. Білім беру үдерісі табыстылығының негізгі алғышарты сапалы кадрлық қамтамасыз етуге бағытталады. Негізінен, мектепте 38 мұғалім жұмыс жасайды. Мектепте 6 педагог-зерттеуші, 15 педагог-сарапшы, 10 педагог-модератор оқушыға білім беруде. Мектеп кітапханасы оқу-әдістемелік кешенмен, электронды оқулықпен және көркем әдебиетпен 100 пайыз қамтамасыз етілген.
– Оқу жылы барысында білім алушылардың қол жеткізген жетістігін айтып бересіз бе?
– Адамның тұлға боп қалыптасуы – ұстаз еңбегінің жемісі. Тарыдай болып мектеп табалдырығын аттаған баланың таудай азамат болуына мектептегі мұғалімнің тигізген үлесі зор. Шәкіртіне мейірім шуағын төгіп, озық білімімен үлгі-өнеге бере білген кез келген ұстазымыз барлық құрметке лайық. Әрбір дүниенің сырын ұқтырып, оқушысын үлкен өмірге аттандырған ұстаздарымыздың еңбегі елеулі. Біздің оқушыларымыз білімнің көптеген бәсекесінде топ жарып, мектеп абыройын асқақтата алды. Мәселен, ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінен құқық негіздері пәні бойынша 10 сынып оқушысы Балауса Есен ІІ орын жеңіп алды. Сонымен қатар дарынды оқушыларымыз Асқар Аманкелді, Рабиға Роман, Нұрбану Азаматқызы, Нұрбек Қалдыбай, Іңкәр Алиясқар, Қарақат Әлібекқызы, Асылжан Досмағанбет, Әбудәуіт Мырзахметов, Бағдәулет Нақыпбек, Жанәлі Кенесары, Исламхан Отаралы, Тахмина Жиенбай, Дахир Дарын, Айару Раушанбек, Мадияр Жанәлі, Бағым Жарылқасын сан түрлі іс-шарада бақ сынап, жүлделі орыннан көрінген. Өз кезегінде осы оқу жылында Айым Мұрат «Алтын белгіге» үміткер атанса, 9 сынып бойынша Іңкәр Алиясқар мен Қарақат Әлібекқызы «Үздік аттестат» иегері болуға үмітті. Ал жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың бірнеше кезеңінде жүлдегер атанған оқушы жеткілікті.
– Мектептің материалдық базасын нығайту мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Мектептің материалдық базасын кеңейту мақсатында жыл көлемінде ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Осыдан бірнеше жыл бұрын мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар әмбебап спорт алаңы да жыл сайын қалыпқа келтіріледі. Балаға білім берумен қатар, мектеп ғимаратының жағдайына аса көңіл бөлеміз.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Балтабай ОРДАБЕКОВ