Kyzylorda-news.kz  Перизат Сламбекова қатардағы қызметкерден жауапты орынға ие болды. Бар болғаны бес жыл ішінде білікті маман екенін байқатып, жас болса да көш бастап жүр. Аймақтағы айшықты орны бар «Далатекс» фабрикасын түрлендіреміз деген тілегі де бар. 

– Тігіншіні инесі асырайды. Цехтағы табанды еңбек қалай басталды? 

– Қай жаста да жетістікке жету адамның өзіне байланысты. Меніңше, ынта мен құлшыныс несібені маңдай термен табуға себеп. Далатекс фабрикасына 17 жасымда практикаға келдім. Өндірістік тәжірибе барысында істі өнімді аяқтап, тігін саласының қыр-сырын меңгердім десем артық емес. Сөйтіп оқуымды бітіре салысымен жұмысқа орналастым. Бес жыл ішінде тігінші, цех мастері қызметін абыроймен атқардым. Толымды еңбек еткенде ғана нәтижеге жетуге болады. Жас буынға жасықтық тән емес. Айтарым, тігінмен де тиісті табысты табуға мүмкіндік зор. Шын шеберлі бір шеңберде шектеліп қалмайды. 

–Жоғары деңгей дәрежені көтеретіні белгілі. Бүгінде Далатекс компаниясында жоғары қызметке тағайындалдыңыз. Әсер қандай?

–Бүгінде тігін фабрикасындағы тіршілік қызу жүріп жатыр. Кәсіптің кеңейіп, мекеменің ұлғаюына байланысты өндіріске жауапты орынбасармын. Сенім білдірген компания директоры Ділмұхамед Абызовқа алғыс. 23 жасымда күрделі саланың басында тұрып, мардымды жұмыстар атқару мен үшін қуаныш. Енді білікті маман ретінде жұмысты жүйелі жүргізіп, тігін ісін жандандыруды жүзеге асырамын. 

–Далатекс компаниясы отандық өнімдерді шығаруда өңірде көш бастап келеді. Қазір қандай іргелі өзгерістер бар. Жетістіктермен бөліссеңіз...

–Алғашында ерлер жейдесін шығардық. Атауы нарыққа жайылған фабрика жұмысы қарқынды. Отандық өнімді шетелге экспорттап жүргенінен де бәрі хабардар. Тіпті мектеп формасына дейін тігіп, қолжетімді бағада сатылымға шығарып келдік. Мұның бәріне тынымсыз еңбек пен табандылық тиесілі. Сондай-ақ, короновирус кезінде де халыққа қажетті медициналық маска тігіп, бірнеше данасын көпке ұсынғанымыз ұмыт болмайтыны анық. 

Ұлттық көрмелерде фабрика өнімі қойылып, жан-жақтан тапсырыстар түсуде. Бұл да цех жетістігін толықтырмақ. Сонымен қатар "Қазгермұнай", "Қаражанбас", "Қазақтелеком" және Ішкі істер органдарының қызметтік жейдесі мен басқа да мекеменің арнайы киімдерін тігеміз. Өнімдер өңірімізде ғана емес, аймақтарда да сұранысқа ие.

– Тапжылмай отырып тігін тігу оңай емес.  Жалпы тәулігіне қанша тапсырыс орындайсыздар?

–Иә, тігіншінің әр ісі бейнетке толы. Киім тігісінің қалпында шығуы үшін көз майын тауысады. Кейде киім жібі сетінеп кететін жағдайлар жоқ емес. Сондықтан әрбір өнім, түскен тапсырысты тыңғылықты орындауға мән береміз. Ұжымның ұйымшылдығы да осында.

Фабрикадағы тігін машинасының сартылдаған дыбысы үздіксіз жұмыс істейтінімізді аңғартады. Содан болар жылдамдыққа иек артып, тапсырысты сол мезетте аяқтауға тырысамыз. Тәулігіне 400-500 дана киім өндіріп шығарамыз. 

– Компанияның кәсібі кеңейіп келеді. Кадр мәселесі қалай? Сіздіңше, жастар тігінші болуға ынталы ма?

–Тігіннен де табыс табуға болатынын айтып өттім. Қазіргі таңда құрақ-көрпе, киім-кешекке сұраныс әлдеқайда жоғары. Демек, тігінші еңбегі де елеулі деген сөз. Далатекс фабрикасына практикадан өтуге бірнеше студент келеді. Жұмыстың қауырт, уақыттың тығыздығына қарамай шеберлер тігінге бейімдейді. Әрі қарай икемі барлар жұмыс істеуге қалса болады. Бізде жастарға мүмкіндік көп. Қазір қыздар ғана емес ер-жігіттер де тігін саласына келуде. Бұл нарықта өзіндік орын қалыптастыруға үлес деп білемін.

 

Тағы да оқыңыз: