Kyzylorda-news.kz «Оның әкесі бар» деген сөздің өзі талайдың алдында баланың рухының асқақ екенін байқатады. Адам ешқашан әкеден өте тумайды, әкеге жете туады. Абай да Құнанбайға жете алмаған. Әке баланың алты жасына дейін оның бойына бар беретінін сіңіру керек. Әрі қарай бала қабілетіне сай өзі алып кетеді. Бекжан Әшірбаевтың «Бала академиялық білімді әкеден алу керек» деген сөзі көп мәселенің шешімін бір-ақ айтып тұр ғой», – деді әңгіме барысында елімізге белгілі теолог Бақтияр Оспанов.
Болмысында өзгеге ұқсамайтын қазақылық, елжандылық пен ұлтжандылық қаймақ боп көрініп тұратын Бақтияр Есенгелдіұлымен әкелер күні қарсаңында сұхбат жасағанды жөн көрдік. Қоғамдағы әкенің рөлі мен маңызы, әке қандай болу керек тәрізді тақырыптарда ой өрбіттік.
– Бақтияр Есенгелдіұлы, қоғамда жүрген көп жасқа ақыл сұрар ағасыз. Көп аға ізетті іні ретінде таниды. Осының бәрі әкенің тәрбиесі ме?
– Мені әкем өте жақсы тәрбиеледі. Мені ғана емес, үйдің әрбір баласын осылай тәрбиеледі. Қажет кезінде ұлпадай мамық, керек кезінде қатал да болды. Оның қаталдығы ұрып-сабағанында емес, талабында еді. Өзі – істің адамы. Темірдей тәртіпті өзі де ұстанды, бізге де үйретті. Таңнан қара кешке дейін темір жолдағы жұмысын істеп келіп, үйге жеткенде де бейнеттеніп, есік алдында жұмыс істейді. Ауыл адамының бақшасы бар, мал-жаны бар, шөбі мен отыны бар – осының бәрін жұмыстан кейін атқаратын. Енді мұның бәрін көріп өскен біз жалқау болуға ұялдық.
Ол – қара күштің иесі. Сол уақыттарда ауылдағы үлкен жиын-тойларда, Наурыз мерекесінде әкемнің әріптестерімен көп мекеме арқан тартуға шықпайтын. Біз әкем мен оның әріптестерінің қайратты екенін көріп, үлгі тұтып өстік.
– Сөз басында айтып өттіңіз, қаталдығы талабында еді деп... Талаптары қандай еді?
– Әкемнің біршама талабы бар. Біріншіден, жан-жануарларға жаның ашу керек. Малдың шөбі, суы дұрыс болу керек. Иттің итаяғы бос болмау керек. Міне, содан кейін барып, адамның жай-күйіне қарайтын. Сосын уайымшылдыққа салынбайды. Оның осы жақсы қасиетіне өзім ғашықпын десем де болады. Мен әкемнің осы қасиетін бойына сіңіргім келеді. Дүние қараң қалса да, таңертеңгі жұмысты таңертең істейді. Қандай мәселе болса да, ертең көрерміз деп, байсалды, салмақты кейіппен отыра береді. Уайымды сейілтетін, ертеңгі күнге үмітпен қарайтын қасиеті әкемнің Алатаудан да биік болмысын асқақтата түседі. Өтірік айтпау, уәдеде тұру деген қасиетті менің болмысымның осылай қалыптасуына ерекше ықпал етті. Біз ол кезде бала едік. Ауылға ара-тұра ГАИ келеді. Елдегі көліктердің қайсыбірінің құжаты түгел дейсіз. Көпшілігі ана жаққа, мына жаққа қашып бара жатқанда менің әкем ешқайда қашпай, мотоциклмен тоқтай қалатын. Құжаты болса да, болмаса да ол ГАИ қызметкерінен қашпайтын. Мен қасында отырамын. Сонда тәртіп сақшысы келіп «Аға, неге қашпадыңыз?» дегенде әкем «Менің үйім осында. Мен кімді алдаймын? Қасымда балам отыр» дейтін. Ешкімнен ешнәрсе сұрамайды. «Балам, тілемсек болма. Қолыңнан келсе бер, бірақ сұрама» деп жиі айтатын. Ер азамат алды-артын ойлап жүруі керегін айтады. Балыққа, аңға барғанда да қасынан қалдырмайтын. Ол асауларды бас білдіргенде өте талапшыл болды. Қол шығып, сынып жатқанда да іштей уайымдайды ғой, бірақ білдірмейді. Сүзеген бұқалардың мойнын қайыруды да үйретті. Әке дегеннің қайратты болу керегін көрсетті. Ол көп нәрсені сөзбен емес, іспен түсіндірді. Біз оған қарап бой түзедік. Қазақтың тұрмысымен біте қайнасқан мал сою деген ұғым біздің күнделікті дағдымыз еді. Ер баланың білуі керек қай нәрсе болса да әкем нықтап үйрететін. Өзінің мергендігіне дейін сіңірді. Сегіз қырлы, бір сырлы болуға бағыттады. Ауылдың мотоциклдерінің барлығын өзі істеді, тіпті газ педалін бір басқанда-ақ қандай ақау болып тұрғанын айтып беретін.
– Әкеңізден әлі де үйренгіңіз кеп тұратын дағдылар бар ма?
– Әрине, әкемнен әлі үйренерім көп. Мен де қазақтың үкілі домбырасының үніне елітіп, қоңыр үнді аспапты жаман шертпеймін. Бірақ әкемнің кез келген аспапты әп-сәтте меңгере кететін қабілетін өзіме сіңіре алмай жүрмін. Жаңадан бір аспап шықса, оны үйреніп алуына әрі кеткенде 2-3 сағат уақыт кетеді. Ал кітап оқығаны – өз алдына бөлек әңгіме. Таңертеңнен кешке дейін бір кітапты тауысып, оны бізбен талқылауды да ұмытпайды. Міне, әкемнің осы қасиеттерін өзіме сіңіргім келеді. Ауылға барғанда әлі күнге үйренуге талпынамын. Біздің спортқа қызығушылығымыз әкемізден дарыған екен. Оның Қарағанды дене шынықтыру техникумын бітіргенін кейін білдім. Тіпті арман қуып, бокс спортында сара жол қалыптастырғысы келген екен. Бірақ ұлдан жалғыз болған соң ауылға ат басын бұрып, туған жерге туын тіккен. Бізге оның жүріп өткен әрбір жолы сабақ, әрбір жолы – үлкен мектеп. Атамыз 90-ға келгенше атқа мінген, 80-нен асса да көкпар тартқан. Әкемнің әкесі де мықты болған, менің әкем де мықты, ал мен қандай әке боламын деген сұрақ әркез мені қамшылайды және сол үдеден шыққым келеді. Атам бір өзі бес гектар бақша ексе, біз бесеуміз жабылып бір гектар еге аламыз ба, еге алмаймыз ба? Оларды бейнет тәрбиеледі, өсірді. Мен оларды қай кезде де үлгі етемін. Әкем өзі қатарлы кісінің бәрін әкең деп тәрбиеледі. Сондағысы бір үйдің емес, бір елдің баласы болуымызға бағыттағаны ғой. Ауылға барғанда бала болып еркелеймін. Әлемде әкеден асқан биік жоқ. Қазір немерелеріне көп көңіл бөледі ғой. Кейде бала болып қызғанып та қаласың. Менің дәл ондай жақын болатыным: әкем мені қасынан бір елі қалдырмай тәрбиелегенінде. Аңға шықса да, малға шықса да, отынға барса да, шөпке барса да жанынан тастамайтын. Сол дағдының әрбірін балаларға сіңіруге тырысып келемін. Әкеден асып кетпеспіз, бірақ әкемдей бола алсам, ол менің өмірдегі ең үлкен жетістігім.
– Аға, қоғамдағы әке рөліне тоқталсаңыз. Біз осы Алатаудан да биік тұлғаларды қаншалықты бағалап жүрміз?
– Баланың әкеден алатын интеллектуалды қажеттілігінің 80 пайызы алты жасқа дейін берілу керек. Бізді қатты еркелеткен жоқ, қаталдық танытқан жоқ, әр нәрсені өз мөлшерімен қолданды. Көбіне жігер беретін сөздерді қолданды. Бүгінгі қоғамға қарап отырсам, әке витамині жетіспейді. Біз сол витамиинге тойып өстік. Бар кемшілік баланың әке сыйламауынан, әйелдің азаматын сыйламауынан басталды. Енді қоғам құлдырап, шіріген ағаштай құлайын деп тұр. Бірақ қосымша бір дәрі-дәрмекпен емдегендей боламыз, бірақ әкенің мәртебесін көтермейінше, елдің мәртебесі көтерілмейді.
Мәселе мынада. Бала өмірге келгеннен бастап, әйелдердің тәрбиесінде. Балабақшада әйелдер, мектепте де солай. Колледж бен университетке келгенде де ұстаздардың басым көпшілігі – әйелдер. Біз осыдан кейін баладан қалай 100 пайыз еркекке лайық қабілет сұраймыз? Әскерге барғанда бала темірдей тәртіпке мойынсұна алмай қашқысы келіп тұрады, өзіне-өзі қол жұмсағысы келеді. Мәселені біз осылай тереңінен қарауымыз керек.
Өмірде ең жанашыр адам – ол сенің әкең. Ана баланы өмірге әкеліп, мейірім-махаббатына бөлейді, ол – ананың табиғаты. Ал дос ретіндегі ең жанашырың – әкең. Ең жақын досыңмен күш сынасып, оның қолын қайырып жіберші, саған өкпелеп қалады. Соңғы үлгідегі тәуір көлікті алып жатқаныңда да ең жақын досың саған кеп «Ақшаны қайдан тауып жатсың ей» деп пендешілігін білдіріп қояды. Ал әкең мұндай жерде өтірік жеңіліп қалып, «Пай-пай, менің балам күшті боп кетіпті» деп арқаңнан қағып, қуанатын ол – жалғыз әке. Есейіп, ер жетіп қалған кезде отырыстарға, кештерге барар кезде әкеңнің киімін киіп қалсаң, әкең саған қарап жымиып, күлімсіреп отырады. Сол бір жылы көзқарастың арғы жағында сенің өскеніңе, әкеңнің ізінен еріп келе жатқанына деген қуаныш, бір марқаю бар. Әкенің жүрегінде сондай бір кеңдік пен сенің қуанышыңа балаша мәз болатын керемет қасиет бар.
– Салиқалы сұхбатыңызға алғыс білдіреміз. Асқар тауыңыз аласармасын, аға!
Әңгімелескен Дәулет ҚЫРДАН