Еліміздегі елеулі мерекенің бірі – Қазақстан Республикасының Рәміздері күні. 1992 жылы 4 маусымда Қазақстан Туы, Елтаңбасы және Әнұраны қабылданды. Содан бері ел спортшылары бір тудың астында жарыстарға қатысып, жеңіс тұғырына көтеріліп келеді. «Спортта жетістікке жетіп, өзге елде Әнұранды шырқатып, Туды биікке көтеріп, тұғырда бірінші тұру ол – әр спортшының арманы, мақсаты. Әнұран шырқалып, Ту биікке көтерілгенде көп спортшы көзіне жас алады. Ол – жеңістің, қуаныштың, еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктің жасы. Тұғырда бірінші болып, Әнұран шырқалған сәтте жан дүниең тебіреніп, елің мен жеріңе деген сүйіспеншілігің оянады» дейді қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бекжан Төлепов.
Мереке қарсаңында әлем чемпионы, екі дүркін әлем кубогының, халықаралық турнирлердің жеңімпазы Бекжан Әлімжанұлымен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Бекжан, әңгімемізді өзіңізбен бастасақ...
– Өзім 1998 жылы Қызылорда обылысы Шиелі ауданында дүниеге келдім. 2004-2013 жылдары Шиелі ауданы №48 Ә.Қоныратбаев атындағы орта мектепте оқып, 2013-2017 жылдары Алматы қаласындағы спорт жене туризм колледжін бітіріп, 2019-2022 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы қазақ ұлттық университтетінде дене шынықтыру және спорт мамандығын оқып бітірдім.
Қазақ күресімен 2005 жылдан бастап айналысып келе жатырмын. Алғашқы бапкерім Әлімжан Тұрғанбаевтан 2005-2008 жылдар аралығында тәлім тәрбие алдым. 2008-2017 жылдар аралығында Мейрембек Тәжібеновтің қол астында жаттықтым. 2017 жылдан бастап, ШВСМ мектебінде Болатбек Кенеевтің тәлімгерлігімен жаттығып жүрмін.
– Спорт саласында жүрсіз. Ең алғаш рет жеңіс тұғырынан көрініп, Ту көтерген сәтіңізбен бөліссеңіз...
– Ең алғаш Туды көтерген кез есімде. Ол 2021-2022 жылдары Румыния елінде әлем кубогының жеңімпазы болдым. Сол жылдары қазақтың көк Туы көкке көтерілді. Әрине, ондай ерекше сәт естен кетпейді. Барлық спортшының есінде қалатын кез деп айтар едім. Бір минуттық Әнұранымыз шырқалып, Туымыз көкке көтерілгенде оның артында қаншама жылғы еңбек жатыр. Оған дейін талай жарақат аласың. Сонда да жеңіске ұмтыласың. Бірақ жеңіс тұғырынан көрінген кезде осы қиындықтың бәрін ұмытасың.
– Қазақтың Туын көкке көтеру – әр спортшының арманы. Ту көтергендегі сезімнің өзі ерекше болатын шығар...
– Дұрыс айтасыз. Жеңіс тұғырынан көрініп, Туды көкке көтеру – спорт саласында жүрген әрбір қазақ баласының арманы. Жеңіс бізді алға жетелейді. Бір рет жеңіске жеттік деп тоқтап қалмауымыз керек. Өзім халықаралық жарыстарда қазақ еліміздің Туын төрт рет көкке көтеріп, Әнұрамызды шырқатқан жайым бар.
Мен үшін біздің тәуелсіздігіміз өте қымбат, мемлекетіміздің сөнген отын жаққаны үшін, ата-бабамыздың руxын көтергені үшін, елімізді әлемге танытқаны үшін, «қазақ» деген атауға жан кіргізгені үшін қымбат. Елімнің бостандығын, елімнің тәуелсіздігін көрсететін бірден бір нышаны, мақтанышы ол – біздің рәміздеріміз. Әр рәмізіміздің астарында өзіндік мағына бар. Мысалы, Туымыздың өзі бейбітшіліктің, тәуелсіздіктің, самғап ұшқан құстың бостандығын суреттесе, Елтаңбаға қарап, байлық, береке, ырыс, еркіндікті көруге болады. Ал Әнұранның орны біз үшін тым бөлек. Әр жеңісімде Туымызды көкке көтеріп, Әнұранымыз айтылғанда бойымызда мақтаныш, жүрегімізді патриоттық сезім баулып, көңілімізге қуаныш орнайды. Міне, осындай жеңістің әр сәті тарихта қалады.
– Дәл қазіргі уақытта немен айналысып жүрсіз?
– Дәл қазіргі күні қазақ күресінен ұлттық құрама сатындамын. Көздеген мақсатым спорт саласы болғандықтан әлі күнге дейін тыңғылықты дайындалып жатырмын. Уақыттың көбі дайындықпен өтуде. Оған қосымша жас бапкерлерім бар. Олардан үлкен үміт күтемін.
– Спорт саласындағы мақсаттарыңыз қандай?
– Мақсат өте көп. Шәкірттерімді жарыстарға дайындау, ендігі жерде солардың жеңісін көру. Әрине, өзім де дайындық барысындамын.
– Шәкірттіңіз бар ма? Жалпы қазір күреске қызығатын жастар көп пе?
– Бүгінде Батыр атты жеке қазақ күрес спорт клубым бар. Онда жүзге жуық жас тәрбиеленіп келеді. Осы кезде республикалық, облыстық жарыстардан жүлделі орын алып, жеңімпаз болып жүрген балуандарым бар. Қазақ күресімен айналысатын жастар саны өте көп. Жыл сайын көбейіп келеді. Оған қоса тек қазақстандық жастар ғана емес, көршілес елдердің де жастары қазақ күресімен айналысып жатыр. Әр шәкіртімнің жеңісін көргенде төбем көкке жетіп, бір марқайып отыратын жайым бар.
– Отбасыңыз жайлы айтсаңыз...
– Әкем дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, ал анам тігіншілікпен айналысады. Отбасымызда төрт ағайындымыз. Өзім үйдің үшінші баласы боламын. Үйленгенмін. Хамза есімді ұлдың әкесімін.
– Өмірлік ұстанымыңыз?
– Өмірде намысшыл, шыншыл болу. Себебі спортшыларға рух, намыс қажет. Сонымен қатар алдыма қойған мақсатқа жете білу.
– Спортшының мерекелік құттықтауы...
– Рәміздер күні мерекесімен барлық қазақ елін шын жүректен құттықтаймын. Әрқашанда еліміздің абыройы асқақтап, Қазақстан Әнұранын шырқататын, Туды биікке көтеретін ұл-қыздар көбейе берсін. Еліміз дамып, спортымыз жасай берсін. Тек жеңіс тілеймін.
– Сұхбатыңызға рахмет!
А.Нұр