Kyzylorda-news.kz. Ақсуат ауылдық округінде асауға тұсау салып, ат баптаған Әбдіғаппар есімді атсейіс бар. Кейіпкеріміз бала күнінен атқа құмар болған. Жылқы төлін жақсы көргендігі соншалық әскери мектепті жалғастырмай, ауылға қайтып жылқы баптаған.
Қамбар ата төлінің жанын түсініп, асау мінезін жуасытып, бәйгеге қосып жүрген кейіпкеріміздің бұл қабілеті қанында бар екен. Арғы атасы Елемес жылқы баптап, бәйгеге қосқан. Қазақтың «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» дегені осы шығар.
– Жалағаш ауданында Жауынбай деген кісінің тор аты жақсы шапқан. Әкем содан тұқым алып, тай әкеліп берді. Алғаш рет баптап, бұл кәсіпке құмарлана бастадым. Тұқымы сәтті шыққанымен бәйгеге қоспадым, – дейді Әбдіғаппар Нұржанов.
Асау жылқылардың әрқайсысы әртүрлі тәсілмен бағынады екен. Соның ішінде ағылшын жылқылары сылап-сыйпап, жылы сөйлеген кезде үйрене бастайды. Олардың бір ерекшелігі, жүрегі тоқтағанша шабады. Соңғы демі таусылып, құлаған кезде ғана тоқтайтын көрінеді. Бәйгеге қосатын жылқының асаулығы басылғанша ат қорада, әр қатарға біреуден ұстамаса, бір-бірін теуіп, жарақаттап қоюы да мүмкін.
Кейіпкеріміздің айтуынша, қазақы жылқылардың бағынуы қиынға соғады. Қорқытып үйірге қоспаса адамға бағына қоймайды. Ал, қазіргі таңда ең сұранысқа ие «ағылшын жылқысы». Дәл осы тұқымды Әбдіғаппар атсейіс 21 жасынан бастап баптаған.
– Оған артық күш жұмсаудың керегі жоқ. Тек мейірленіп, тұмсығынан сипасаң болғаны он күн ішінде асау мінезі басылып, мойынсұна бастайды, – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Кейіпкерімізден жылқыны қалай баптау керектігін сұраған едік.
– Қара жарыстың, яғни жаратудың дұрыс-бұрыстығын аттың теріне қарап анықтайды. Аттың терін алу – ат баптаудың басты шарттарына жататын аса маңызды дүние. Тері дұрыс алынбаған жүйрік тер буып шаба алмайды, тіпті өліп кетуі де мүмкін. Бұл әрекеттен қан айналымы жақсарады. Аттың терін салқын, бұлтты күні алған дұрыс. Бәйгеге жақындаған кезде жүйрікті ипподромға апарып, қашықтыққа шаптырған сәтте бусанып, терлейді. Мұны аттың суын алу дейді. Бәйгеге қоспас бұрын дәрумендерін беріп, жылқыны жақсылап бағады. Бұл әдісті жілік майын толтыру деп атайды. Жілік майы толмаған ат бәйгеге жарамайды. Жетектеп қолға үйреткеннен бәйгеге қосқанға дейінгі шамамен 90-100 күн уақыт керек. Атты тану үшін бірінші кезек тыныс жолына қарау керек. Ауыз омыртқасы кең, өңеш маңайы салбыраңқы болса, жылқының төресі саналады. «Жылқы жүйрік болса, жылқының қанаты бар» деген сөзді қолдануға болады. Менің тәжірибемде қанаты бар жылқылар болды. Кез келген ат шаппайды. Ресейден әкелген жылқылардың куәліктегі есімін теріп ата тегін, қай жерде, қанша қашықтықта шапқанын «ипподром.ру» сайты арқылы білуге болады, – дейді атсейіс.
Жылқының жүйрік шабуына тек өкпесі, тыныс жолы ғана емес, тұяғы да үлес қосады екен. Оның ішінде қаз табан және құйма тұяқ болып бөлінеді. Бәйгеге қосатын жылқы құйма тұяқ болғаны абзал. Егер қазтабан болса тез қызып, қанын тулатады, тепе-теңдікті ұстай алмайды. «Жақсы ат аяқтан қалады» деген сөз жылқының ең әлсіз жері – аяғы болғанына байланысты айтылса керек. Жылқының ішінде қамыс құлақ немесе қысқа құлақ та түрі кездеседі. Ал сұлу әрі бәйгеге қосатын жылқының құлағы тас төбесінде болады екен.
Әбдіғаппар ағаның жанына жақын жылқы – «Малайзия» деп аталады. Ол Төретам кентінде «Жәрімбет атаға» мешіт салған кезде бәйгеден автокөлік ұтқан екен. «Қаракөз» атты жылқысы да барған жерден бәйгесіз қайтпайтын көрінеді.
Бұлардың күнделікті жейтін азығының өзі де бір күтімді қажет етеді. Атсейістің айтуынша, уақытылы арпа, бидай, сұлы, жүгері жемі беріледі. Дәнді дақылдардан бөлек алма, сәбіз секілді көкөністер қосылады. Бәйгеге қосып болғаннан кейін күш жинайтын, құрт түсіретін дәрі-дәрмектері де осы жеміне қосылып ұсынылады.
Жалпы қалаға қарасты ауылдық округтің бірі – Ақсуатта жылқыны баптаумен айналысатын бірнеше адам бар. Соның ішінде біздің кейіпкеріміз бүгінде жан-жақтан жылқыны баптап, бәйгеге қосып отырған жайы бар.