Kyzylorda-news.kz  Жастар арасында ислам дініне қызығушылар саны артты. Әлеуметтік желіде діни контент көбейді. Бұл – жастардың рухани ізденісі. Дегенмен, оларды жат ағымнан сақтау жұмыстары қалай жүргізілуде? Облыстағы діни ахуал қалай? Бұл туралы «Ақмешіт Сырдария» орталық мешітінің бас имамы Дастан Құрманбаевпен сұхбаттастық.

–Дастан Жанасұлы, сіз облысқа бас имам болды дегенде жастар бір-біріне хабарлап, қуанғанын байқадық. Бұған әлеуметтік желідегі танымалдығыңыз, жастарға жақындығыңыз әсер еткен секілді. Қызылордаға келуді мүфтият ұсынды ма, әлде өзіңіз сұрандыңыз ба?

 – Өзім Байқоңырда туып-өскенмін. Мектеп бітірген соң Нұр-Мүбәрак университетінде бакалавриат, магистратурада білім алып, 2016 жылы Байқоңырдағы мешітке имам болып келдім. Мұнан кейін Қызылордадағы «Айтбай» мешітінде, «Ақмешіт-Сырдария»  орталық мешітінде найб имам қызметін атқардым. Былтырғы оразадан кейін Алматыда еңбек еттім. Қызылордадағы бас имамның қызметі ауысатын болғандықтан, кадр бөлімі «Бұл жұмысты кімдер атқара алады?» деп қараған болса керек, маған ұсыныс айтты. Біз көбіне әскери адамдарға ұқсаймыз. Діни басқарма қай жаққа бар десе де, сол жақта барып, жұмыс істейміз. Біздің міндетіміз – адамдарға көмек көрсету, ел игілігі үшін қызмет ету. Қызылорда – өзімнің туған жерім. Сондықтан бұл жақта да шын ниетіммен халыққа қызмет етуге, дінді үйретуге әзірмін.

 – Жастар арасында дінге эмоциямен келетіндер көп. Өзін «іздеп», тура жолмен жүргісі келіп, дін жолындағы замандастарына еліктеп, намаз бастайды. Бірақ бұл бірнеше айға ғана созылады. Тұрақтылық болу үшін не істеу керек?

 – Жасыратыны жоқ, қазіргі буын өкілдері жалыққыш. Әр дүниеге тез қызығады, тез басылады. Бұл мамандыққа, кәсіп түріне, спортқа да қатысты. Шыдамсыздық па? Әлде, өзі күткен нәтиженің жылдам орындалуын қалайды ма? Мұндай әдет дін ұстанғанда да байқалады. Намаз оқығаннан кейін бірден жолы ашылып, рухани кемелденіп, денсаулығы жақсарып, тұрмысы түзеліп кеткенін қалайды. Бірақ, бұл өмір болғасын, сынақ та қатар жүреді. Реалистік көзқарас керек. Намаз оқу, ораза тұту, мұның бәрі – ғибадат. Бізді өмірге әкелген ата-анамызға қызмет етсек, «орнына не бересің?» деп, ақы сұрамаймыз ғой. Дәл сол секілді біздің құлшылығымыз әлемді жаратқан Алла алдындағы парызымыз. Намазға келгесін соған сәйкес өмір сүру керек. Құранда парыз амалдардан бөлек, көркем мінез, адамдармен қарым-қатынас, рухани тазалық, адал еңбек ету туралы да айтылады. Сондықтан, жандүниемізге үңіліп, жүректі көреалмаушылық, қызғаныш, тәкаппарлық сезімдерінен тазалау керек. Ғибадат пен ниет, еңбек біріккенде ғана ойлағандай нәтиже күтуге болатын шығар. Жастар «намаз оқысам болды, бәрі орнына келе қалады» деп ойлайды. Намаз – ол бастамасы. Көздеген бағытымызға жетуге 100 қадам керек десек, намаз соның біріншісі. Қалған 99-ы еңбек, тұрақтылық, ерік-жігерден тұрады.

– Орамал тағып, хиджаб кию де сәнге айналып бара жатқандай. Хиджабтардың көбі тартымды, түсі де әдемі. Бұлай киіну дінге сай келе ме?

– Әдемі киінуге тиым салынбаған. Бірақ киіммен ерекшеленіп, оны тастармен көмкеріп, сәндене берудің де қажеті жоқ. Өйткені, орамал мен хиджабтың мақсаты – жабық киіну, бөтен ер-адамдардың көзіне түспеуге тырысу. Ал жалт-жұлт еткен киім керісінше көз тартады. Ел назарын аударады. Қыз бала әдемілігін барынша жасырғаны абзалырақ.

 – Жастардың көбі интернеттегі контент арқылы діни сауатын ашуда. Олар бұл саланы кәсіби түрде қалай оқи алады? Медресе, университетке қабылдау қалай жүргізіледі?

– Алдымен адам «діни білім алғым келе ме, әлде діни мамандықты меңгергім келе ме?» деп, мақсатын айқындап алғаны дұрыс. Егер діни білім алғысы келсе, мешіттегі сауат ашу курсына тегін қатыса алады. Ұстаздар әртүрлі пәндер бойынша дәріс өткізіп, аят, хадистердің мағынасын түсіндіріп, Құран оқуға үйретеді. Ал болашақта сол салада қызмет етемін десе, арнайы оқу орнында білім алуы қажет. Елімізде 9 медресе, 1 университет бар. Медреселердің бірқатарына 9 сыныптан кейін емтихан арқылы, Нұр-Мүбәрак университетіне 11 сыныптан кейін ҰБТ нәтижесі арқылы түсе алады. Талапкерлер арасында конкурс өтіп, үздік нәтиже көрсеткендер оқуға қабылданады.

– Университетте қандай мамандықтар оқытылады?

 – Ол жерде «дінтану», «исламтану» және «араб-ағылшын тіліндегі аударма» мамандықтарының бірін таңдай алады. Жуырда теология мамандығы ашылды. Мамандықтар бойынша грант қарастырылған, студенттер шәкіртақы иеленеді. Айталық өткен жылы исламтану мамандығына 900-ге жуық талапкер тапсырып, 150-ге тарта адам грант иегері атанды. Бірнеше жыл діни білім алып, кейін басқа салада еңбек етіп жүргендер бар. Сондықтан әуел бастан «болашағымды осы саламен байланыстырамын ба?» деп терең ойланып, шешім қабылдаған жөн.

 – Дін қызметкерлерінің еңбекақы мәселесі шешілген бе?

– Діни басқарма мешіттегі дін қызметкерлерінің айлық мәселесін жолға қойған. Қазір ауылдық жердегі имамдар да тұрақты айлық алады. Мешіт айлығынан бөлек, мүфтият жобалар аясында, қорлар арқылы дін өкілдерінің еңбекақы мәселесін реттеді. «Жас маман, ауылға қадам бас маман» атты жоба да өзекті мәселенің шешілуіне ықпал етуде. Дін саласындағы мамандар қазіргі еңбекақысымен отбасын асырай алады, жағдай жылдан жылға жақсаруда деп айта аламыз.

– Бүгінде «ел болам десең, Youtube-ыңды түзе» дегендей жағдайдамыз. Жуырда Аралдағы мешітте студия ашылды. Жастарға арналған контент көбейетін секілді. Бұл қызметке келгелі қай бағытқа басымдық берудесіз?

– Біздің мақсатымыз – халықты жат ағымнан, зиянды әдеттерден сақтандыру, жастарды дұрыс жолға бағыттау. Жастар арасында лудомания, яғни құмар ойынға қызығушылар көбейді. Бас мүфти былтырғы жылды «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп жариялады. Ізгі қоғам ізгі ниетті, адал еңбек етіп, қоғамға пайдасын тигізуді ойлайтын адамдардан тұрады. Қазір әлеуметтік желіде танымал адамдардың сөзіне ел сеніммен қарайды. Сондықтан әлеуметтік желі арқылы имамдардың халық арасындағы танымалдығын арттыруды мақсат еттік. Дінді дұрыс насихаттау мақсатындағы жұмысымызға бұл серпін береді деген сенімдеміз. Уағызды тек мешітке келушілер емес, әлеуметтік желіні пайдаланатын көпшілік те тыңдасын деген ниетіміз бар. Аралдағы мешітте облыстағы екінші студия ашылды. 2021 жылы «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде «Таным медиа» атты алғашқы студия қолданысқа берілген болатын. Қазіргі уақытта студияға ребрендинг жасап, форматын, дизайнын, техникалық құрал-жабдықтарын жаңартудамыз.

Бас мүфти 2024 жылға арналған бағдарламалық баяндамасында екі нәрсеге қатты көңіл бөлді. Бірі – отбасы, екіншісі жастар мәселесі. Мешіт жанынан жастар кеңесін құрып, әр саладағы белсенді жастармен бірге қоғамдағы түйткілді мәселелерді бірлесіп талқылап, шешуді ұсынды. Қазіргі кезде «Мүсірәлі ата» мешітінің бас имамы Айтжан Мұсаұлы жетекшілік ететін жастар секторы жұмыс істеуде. Қаңтар айында облыстық «Жастар ресурстық орталығы», «Аманат партиясының» «Жастар рухы» ұйымымымен бірлесіп студенттермен кездестік. Енді «Болашақ» университетінің білім алушыларымен кездесіп, жат ағымнан сақтану жолдарын талқылайтын боламыз.

– Жастардың басқа ағымда екенін қалай білуге болады? Бұрынғыдай сырт кейпінен ерекшелік байқалмайды…

 – Анықтаудың ең оңай жолы сол адамның өзін мешітке ертіп келу керек. Имам, дін қызметкерлері бір-екі сұрақ қойып-ақ, студенттің ұстанымын, көзқарасын байқайды. Жат ағымдағылар көбіне құран бағыштау, жеті күлше тарату, дастарханда бата беру сынды дәстүрге қарсы шығады. Мешітте айтылатын уағыздарға да қарсы пікір айтуы мүмкін.

 – Жат ағым өкілдерінен қалай сақтануға болады?

 – Мұны мешітке келушілерге түсіндіріп, алдын алуға тырысамыз. Дегенмен, мешітке жаңадан келген адамдар, өзін бөтен сезініп, білмегенін имамнан тікелей сұрауға қысылады. Сосын жанында отырған өзіндей адамнан сұрай салады. Бірақ, ол жат ағым өкілі болуы мүмкін. Мұндайда олар өз ұстанымымен түсіндіріп, «дастарханға кел, ұстаздың уағызын тыңдаймыз» деп қатарларына қосады. Жат ағымға жастар көбіне осылай тап болады. Сондықтан, жастар білмегенін мешітке келіп, тікелей имамнан сұраса дейміз.

– Қазір медиа, спорт, бизнес саласында дінге бетбұрыс күшейді. Медиатұлғалардың басым көпшілігінің бұл өзгерісіне не ықпал етуі мүмкін? Арнайы жасалған бағдарлама ма?

 – Бұл қалыпты құбылыс. Тек танымал адамдар ғана емес, қазір халық арасында да намаз оқып, ормал тағатындар көбейді. Ел назарында болғасын медиатұлғалар бірден көзге түседі. Мұндай жандар рухани кемелдікке ұмтылып, ой тоқтатып, дінді берік ұстануға көшкен болар. Дегенмен, жат ағымдағылар танымал бір адамды қатарына қосуды мақсат етуі де мүмкін. Себебі, «ол адам бізбен бірге болса, соңынан 100 адам еріп келеді» деген нәтиже күтеді. Сондықтан, танымал адамдарды мешітке емес, халал кафеге шақырып, ресми тіркелмеген дін өкілдері уағыз, насихат жүргізуі мүмкін. Негізі бұл әрекет заңсыз. Егер ресми тіркелмеген дін өкілі адамдарға уағыз айтса, насихат жүргізсе, айыппұл салынады. Діни уағыз айтуға діни басқармада тіркелген, соған қарасты мекеменің қызметкерлері ғана құқылы және ол мешіт, медресе секілді арнайы орындарда жүзеге асады.

– Демек, танымайтын адам дін туралы сөйлесе, күмәнмен қарау керек дейсіз ғой…

 – Үйде ауырып қалсаңыз, «укол салуды өзім үйреніп алдым» деген адамға укол салдырмайсыз ғой. Мейірбикеден «Қай емханада жұмыс істейсің, қайда оқыдың?» деп сұрап аласыз. Дін туралы сұрақ қоярда сол адамнан «Қай мешітте жұмыс атқарасыз, қай жерде білім алдыңыз?» деп анықтап алу керек. Тіпті, әлеуметтік желімізге хат жазып, мешіттің Call орталығына хабарласуға болады.

Тағы да оқыңыз: