Kyzylorda-news.kz 31 мамыр – саяси қуғын-сүргінге ұшыраған және ашаршылық азабын тартқан жандарды аза тұту күніне орай біз Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымының кандидаты Айтжан Оразбақовпен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Тарихқа зер салсақ, қазақ халқының тарихында ең қаралы кезеңі 1917-1991 жылдар аралығындағы кенестік тоталитарлық режимнің билігінің тұсына дөп келеді екен. Осы бағытта сіздің пікіріңіз қандай?
– Қазақтың тарихына көз салсаңыз, қай кезде де басынан қиындықтар өткені айна қатесіз. Ал шындығында да кеңестік билік орнағаннан кейін қазақ даласында жағдай қиындады деп айтуға болады. Оның бәрі 1917 жылғы репрессияның ықпалынан. Азамат соғысы жылдарында бір жағынан қазақ ауылдарын ақтар келіп тонап жатса, екінші жағынан қызылдар келіп тонап жатты. Ал совет үкіметі орныққаннан кейін репрессия жаңа екпін алды деуге болады. Репрессия құрбандарын ақтау комиссиясының жұмысына қатысып, біраз құжатпен таныстық. 1920 жылдары совет үкіметі толық күшіне еніп, өзінің репрессиялық қимылын бастаған екен. XІХ ғасырдың 20-50 жылдары Қазақстанда репрессиялық аппарат жұмыс істепті.
– Нағыз аштық қай кезеңнен басталды?
– Қазақстандағы аштық Голощекин билікке келген кезден басталды деп айтуға болады. Өйткені ол кіші қазан революциясын орнатам деп көп асыра сілтеушілікке барды. Соның нәтижесінде қазақтар жоғарылатылған жоспарды орындаймыз деп малынан, егіннен, жейтін тамағынан айырылып, бәрі орталыққа кетті. Соңғы кезде «Қазақстандағы ашаршылық әдейі ұйымдастырылған емес пе?» деген ой келеді. Бірақ Совет үкіметіне әдейі аштық жасауға қолайсыз жағдай болды. Азаматтық соғыс кезінде 1920 жылдардағы совет үкіметі қызметкерлерінің ішінде қазақстандықтармен бірге украйндықтар бой көрсетті. Бір ғана мысал, азамат соғысы жүріп жатқан кезде өздерінің ұлттық үкіметін құруға украйндықтар, қазақтар, Закавказия респуликалары талаптанып жатты.
– Билік тарапынан әдейі жасалған ашаршылық науқаны, қазақ халқының санын 2,2 милионға кемітіп, рухани дағдарысқа әкеліп, ұлттық сананы сансыратып, елдің сағын сындырды деген дерек бар. Сіз не дейсіз?
– Өте орынды айтылған. Өйткені ашаршылықтан кейін, ашаршылық кезінде, аштықтан қашқан қазақтар көршілес Өзбекстан, Ресей, Қытай территориясына кетіп қалды. Сол кездерде қазақтың рухы бәсеңсіп қалды ма деген ой келіп отыр. Ал санына қарай қазақтың кемуін ғалым Талас Омарбековтің зерттеу еңбектерінен көруге болады.
– Ұлтымыздың зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, елдің бетке ұстар тұлғалары саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болғанын тарих баяндап тұр. Десе де, сіздің тарихшы ретінде пікіріңізді білсек...
– Революцияға дейін қазақтың интелегенциясы Ресейде қызмет істесе, кейбірі Ресейден оқу орнын бітірген, көзі ашық, көкірегі ояу жандар болды. Тіпті олардың ішінде Думада, Алаш партиясында қызмет істегендері де бар. Ал совет үкіметі орнағаннан кейін қазақ интелегенциясының жаңа буыны көтеріліп келе жатты. Егін қалай көтеріліп, өркен жаяды. Сол секілді қазақ интелегенциясы да сапа жағынан нығайған кезі болатын. 1930 жылдан бастап қазақтың бетке ұстар азаматтарын бел орақпен қырып салғандай жағдай болды. Тіпті олардың 90 пайызын құртты деп айтуға негіз бар.
– Біздің аймақтан репрессия құрбаны болып жапа шеккендер жайлы айта кетсеңіз?
Репрессия құрбандарының саны жайлы толық айту мүмкін емес. Өйткені бұл жұмыстар әлі де жүргізіліп жатыр. Бұл туралы зерттеу жұмыстарын дайындап жатырмыз. XX ғасырдың 1920-1950 жылдарына дейін Сыр өңірінде репрессия болған азаматтардың сандық мәліметі туралы жұмыстарын дайындап жатырмыз. Бұл жерде біздің көрсеткіміз келіп отырғаны – әр жылы қаза болғандар туралы, олардың ұлтына, қызметіне, жынысына қарай бөлінісін бергіміз келеді. Репрессияға ұшырағандардың барлығы интелегенция өкілдері деп айтуға болмайды. Көпшілігін жұмысшылар мен шаруалар құрайды. Біз бұл сұрағыңызға нақтырақ жауапты ғылыми жұмыс дайын болған кезде айтатын боламыз.
– Әлі ашылмаған ақиқаттар бар ма?
Әлі ашылмаған ақиқаттар көп. Бір материалды дайындап бітірдім- ау деген кезде тағы бір деректің шеті шыға келеді. Оны суыртпақтасаң, әрі қарай жалғаса береді. Бір ғана мысал жақында архивтен материал таптық. 1930 жылдардың басында Арал станциясында концлагерь болған екен. Лагерьде 6 мыңнан астам адам азап шеккен. Бұл – зерттелмеген тың тақырып. Әлі зерттеуді қажет етеді. Сәті келген күні бұл тақырып та қозғалады деп ойлаймын.
Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан: Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА