Kyzylorda-news.kz 1992 жылдың 7 мамырында Президенттің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылған болатын. Бүгінгі күні Ұлы даланың қайсар қорғаны – айбынды әскеріміз. Әскер сарбазсыз болмайтыны анық. Әскери қызметтің қай түрі болсын, оның әскерге деген алғашқы қадамы Қарулы Күштер мен қоғамды байланыстыратын алтын көпірі – әскери комиссариат, дәлірек айтсақ қазіргі қорғаныс істері жөніндегі бөлімінен басталатындығын жақсы білеміз. Кәсіби мерекеге орай Сырдария аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы майор Бахытжан Сейтовпен сұхбаттасып қайтқан болатынбыз.
– Бахытжан Есенбекұлы, тарих – біздің өткеніміз бен бүгініміз демекші, сұхбатымыздың алғашқы сұрағын мұқым елдің мығым қалқаны Қарулы күштеріміздің тарихы, әлеуеті мен құрылымына арнасақ...
– Өздеріңізге белгілі 1992 жылы 7 мамырда Мемлекет басшысы «Қазақстан Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Жарлықта отандық қарулы күшті қалыптастырып, ол үшін тиісті жағдай жасау керектігі айтылған. Ал негізінде қарулы күштерді құру 1991 жылдың 25 қазанында жасақталған Қорғаныс Комитетінен бастау алды. Қарулы күштер құрамына ел аумағындағы барлық әскер кірді. Елдің қорғанысы мен қарулы күшін қалыптастыру – егемендік алар сәттегі түйіткілді мәселенің бірі еді. Тарихқа көз жүгіртсек кеңес үкіметі құлаған тұста Қазақстан әскеріндегі ұлттық кадрдың үлесі екі-ақ пайыз болатын. Дегенмен қиын кезеңде әскер құруда басшылық мықты болды. ҚР қарулы күштерін құру барысында тәжірибелі мамандар үлкен іс атқарып, абыройлы міндет атқарды. Кадр жетіспеушілігіне қарамастан, айбынды әскердің болашағына сену – басты мақсат әрі міндет еді. КСРО әскери күштерінің есебіндегі барлық мекемелер, бөлімдер, құрамалар, ұйымдар, полигондар, сақтау базалары, қоймалар, жылжитын және жылжымайтын әскери мүліктер Қазақстан Республикасының құзыретіне берілді.Сол тұста Қазақстан қарулы күштері «Құрлық әскерлері», «Әуе-қорғаныс күштері», «Әскери-теңіз күштері» болып үшке бөлінді. Тағы бір айта кететіні, дәл сол күні генерал-лейтенант Сағадат Нұрмағамбетовке генерал-полковник шені тапсырылып, еліміздің Қорғаныс министрі болып тағайындалды. Содан бері осы уақытқа дейінгі аралықта ел әскерін қалыптастыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
– Отан қорғау – еліміздің әрбір қайсар ұланының басты азаматтық борышы, парызы. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» демекші, ел қамын ойлайтын жастардың қатарын көбейту және қолдау мақсатында қандай іс-шаралар немесе жұмыстар ұйымдастырылуда?
– Қазіргі уақытта халықпен жұмыс істеуге ерекше көңіл бөлінеді десек болады. Әр азамат әскери комиссариатқа келіп, әскери есепке алуға немесе әскери қызметке шақыруға қатысты анықтамалық материалдармен танысып, ақпарат алуға болады. Одан бөлек аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімі жоспарға сәйкес аудан мектептерін, білім орындарын және колледждерді аралап әскерге бару, Отан алдындағы борышты өтеу жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жастарға айбынды әскер туралы ақпарат беруді назардан тыс қалдырмайды. Сонымен қоса мектеп бітіруші түлектерге ҚР аумағындағы барлық саладағы әскери мамандарды даярлайтын орта және жоғары арнаулы әскери білім беретін әскери оқу орындарының тізімі беріліп, сол бойынша ақпарат пен оқуға түсуге бағыт-бағдар беріледі. Қорғаныс ведомствосының жоспарына сәйкес осы іс-шараларды жаппай іске асыру азаматтардың әскери қызметке ынтасын оятып, әскер мен қоғам арасында сындарлы байланысты бекемдей түседі.
– Әскерге шақыру науқаны жөнінде айтып өтсеңіз...
– Республика бойынша көктемгі шақыру науқаны 5 наурыздан бастау алған болатын. Сәйкесінше алдағы үш ай уақыт мерзімінде әскери қызметке 18-27 жас аралағындағы кейінге қалдырылмайтын, сондай-ақ оқу орындарынан шығарылған, 27 жасқа толмаған және белгіленген мерзімде шақырылым бойынша әскери қызметін өтемеген азаматтар шақырылатын болады. Қазіргі таңда қызу жұмыстар атқарылып, аудан әкімінің 2024 жылғы 22-ші ақпанындағы №34 қаулысына сәйкес, аудан бойынша 1997-2006 жылдары аралығында туған азаматтарды көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Өңірдегі жастардың денсаулық әлеуеті тиісті медициналық тексеру жұмыстарынан өткізілуде. Арнайы тізім бойынша аудан жастарын әскер қатарына шақыру туралы және медициналық сараптама комиссиясынан өту қағаздарын аймақ бойынша тұрғылықты мекен-жайларына жіберілуде. Әскерге шақырудың көктемгі науқаны 2024 жылдың 30 маусымына дейін жалғасын таппақ. Келесі шақырылым күз айларында қайта басталатын болады. Аудан бойынша Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскер қатарына наурыз айында соңғы рет жіберілген болатын. Қазіргі таңда Сырдария ауданы бойынша 37 азамат Қазақстанның түкпір-түкпірінде шекара қызметі, мемлекеттік күзет және қарулы күштер әскери бөлімдерінде Отан алдындағы борышын өтеуде.
– Әскерге барудан бас тартып немесе жалтарған жағдайда мемлекет тарапынан қандай жаза қолданылады?
– Ең алдымен тізім бойынша азаматтарға әскерге бару және медициналық тексеруден өтуге шақыру жолдамасы жіберіледі. Келмеген жағдайда ескертпе хат жолданады. Әкімшіліқ құқық бұзушылықтың 648 бабы бойынша, азаматтарды әскери есепке қою жөніндегі комиссияның немесе әскерге шақыру комиссиясының жолдамасы бойынша медициналық куәландырудан не тексеруден жалтару – әскерге шақырылушыға ескерту жасауға не үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғатын ескертеміз. Ал егерде әскери есеп қою жөніндегі міндетті орындамаған және әскери қызметтен жалтарған жағдайда мұндай құқық бұзушылықтар ҚР Қылмыстық Кодексінің 387 бабына сәйкес, «Әскери қызметтен жалтару» бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады. Нақты айтқанда, әскери қызметтен босатуға заңды негіздер болмаған кезде әскери қызметке шақырудан жалтарғаны үшін 1000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзету жұмыстарына, не 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 1 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу түрінде жаза қолданылады, немесе сол мерзімге бас бостандығын айыру қарастырылады. Тағы бір ескеретіні егер тергеу органы істі сотқа бергенге дейін әскерге шақырушы әскер шақыру учаскесіне өз еркімен келсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
– Қазіргі таңда мемлекет тарапынан әскери борышын өтеген азаматтарға жеңілдік қызметтері ұсынылып, қолдау көрсетілуде. Осы жөнінде нақтырақ айтып берсеңіз?
– Елімізде әскерден келген жастарға жоғарғы оқу орнына түсуге мемлекет тарапынан үлкен мүмкіндік жасалып отыр. 2022 жылдан бастап Қорғаныс министрлігі әскери қызметтің беделін арттыру, оның ішінде ҚР Қарулы күштерінің, басқа да әскери құралымдар қатарында мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген азаматтар үшін білім беру жеңілдіктерін алу жұмысына бастамашы болды. Яғни жоғарғы оқу орнына түсуге ниетті әскерден келген азаматтарға тегін грант беріледі. Еліміздің барлық аймағы бойынша 65 оқу орнына жеңілдік қарастырылып және барлық жағдай қамтамасыз етілетін болады. Одан бөлек «Қарулы күштер қатарына шақырылған азаматтардың несиесі бойынша төлем жасау мерзімі өтіп кеткен болса, оны қалай шешеміз?» деген сұрақ туындайтыны анық. Бұл мәселені шешу бойынша, жастар әскерге шақыртылған кезде әскери комиссариат арқылы оларға тиісті анықтама ұсынылады. Егер олар шақырту кезінде тиісті анықтаманы алмаса, онда әскери бөлімдегі командирі тиісті құжатты береді. Бұл анықтаманы несиесі бар сарбаздар банктер мен қаржы ұйымдарына тапсырып, әскер қатарындағы сарбаздар тауыстарының атына сенімхат бере алады. Осы орайда сарбаздың жақындары банкке тиісті өтінімді тапсырады. Жақында мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтың несиесі болса, оны төлеу 13 айға кейінге ауысатыны белгілі болды. Тиісті іс-қимыл алгоритімі бекітілді және қазір бұл бағытта толыққанды жұмыс жүргізіліп жатыр. Енді әскери қызметке шақырылған немесе оны өткеруші азаматтарға әскери бөлім ұсынған анықтама арқылы екінші деңгейлі банктер алдындағы олардың несиесі кейінге қалдырылады. Бұл уақыт 13 ай деп көрсетілген. Өйткені, әскери міндетті өтеу мерзімі 12 ай. Ал қосымша 1 ай әскерден келгеннен кейін жұмысқа орналасуы үшін беріледі.
– Әскери борыш – абыройлы міндет. Осы тұста жастарға әскери борыш туралы ойыңыз бен ағалық ақылыңызды айтсаңыз...
– Еліміздің тыныштығы мен бейбіт өмірінің сақшысы – өскелең жас ұрпақ. Әрбір ер азамат үшін ең басты міндет – Отан алдындағы борыш өтеу екені сөзсіз. Отанды қорғау – мына сіз бен біздің ортақ міндетіміз. Тепсе темір үзетін кез келген азамат әскери борышын өтеуге асығады деген ойдамын. Осы тұста өскелең жас ұрпақты, еліміздің болашағы жастарымызды әскер қатарына Отан алдындағы борышын өтеуге шақырамын.
– Бахытжан Есенбекұлы, қойылған сұрақтарға мардымды әрі жүйелі жауап бергеніңізге алғысымды білдіремін. Еліміздің кемел келешегі мен жарқын болашағы үшін атқарып жатқан игі істеріңізге табыс тілеймін.
– Сұхбатыңызға рақмет!