Kyzylorda-news.kz  Ақпарат саласында күннің ыстығы мен суығына қарамай, билік пен халықтың алтын көпірі болып, әрдайым ізденісте жүретін, қиындығы мен қызығы мол,  жауапкершілікті талап ететін сала мен отбасының ұйытқысы болып, екеуінде қатар ұстап жүрген редактор-жүргізуші Әйгерім Нажмадинқызымен тілдесудің сәті түсті.

Әйгерім еңбек жолын газет басылымынан бастап, бүгінде телеарнада редактор-жүргізуші болып «Қайырлы күн Қызылорда!» бағдарламасын жүргізіп келеді.  Тілдесу барысында Әйгерім телеарна мен газеттің айырмашылығын айтып, қызықты оқиғаларымен бөлісті.

−  Қазіргі таңда сіз «Қайырлы күн Қызылорда!» бағдарламасын жүргізіп келесесіз, бұл бағдарлама сізге несімен ерекше?

−  «Қайырлы күн Қызылорда» бағдарламасы ақпараттық танымдық сазды бағдарлама. Аптасына 5 рет шығады. Бұл бағдарламаны тізгіндеп келе жатқаныма 8 айдың көлемі болып қалды. Мұндағы ерекшелік бағдарлама күн сайын шығып, әртүрлі ақпараттық танымдық тақырыпта өзекті мәселелер талқыланып, әңгімелер мен сұхбаттар жүргізіледі. Алдымен біз сценарийді өзіміз жасаймыз. Мәселен осы күнгі  аймақтағы өзекті болып отырған мәселелер мен оқиғалар талқыланады. Мұнан бөлек өнер адамдарымен де сұхбат жүргізіледі. Соңғы уақытта жаңа буындардың ішінде роботехника, жасанды интелектпен айналысып жүрген оқушылар, студенттер және жас  мамандардың қатары көбейіп келеді. Оларды біз осы бағдарлама арқылы елге насихаттау мақсатында халыққа көрсетіп келеміз. Бағдарлама мен үшін осынысымен ерекше. Алайда бағдарламаны мен күн сайын жүргізбеймін. Себебі бөлімде 5 күнге 5 түрлі редактор-жүргізуші бағдарламаны жүргізеді.

−  Бұған дейін сіз редакцияда жұмыс істедіңіз, осы газет саласында жүріп телеарнаға ауысып кеткеніңізде қиын болмады ма?

−       Иә, рас! Мен осы уақытқа дейін редакцияда республикалық қоғамдық-саяси «Халық» газетінде жұмыс істедім.  Оған дейін, яғни студенттік жылдары екінші курстан бастап журналистика бойынша газет, журналдарда және облыстық радиода жұмыс істеген болатынмын. Газет менің журналистика саласындағы ең алғашқы сатылардың бірі. Жалпы кез келген қаламгер, БАҚ саласында қызмет етемін, журналистика саласында өзімнің шеберлігімді шыңдаймын деген азамат ең бірінші еңбек жолын газет-журналдардан бастағаны дұрыс деп ойлаймын. Өйткені газет шығармашылықты шыңдайтын мектеп. Негізі мен «Халық» газетінде жұмыс істемес бұрын, «Ұстаз мәртебесі» редакциясында қызмет атқарған болатынмын. Осы аталған екі редакцияның редактары   Нұрлан Көбегенұлы мен Нұржан Нұрмағанбетов менің жарналистика саласындағы басты ұстаздарым десем болады. Себебі қанатымды қомдауға, шеберлігімді шыңдауға,  қоғамда болып жатқан оқиғаларға сын көзбен қарауға ықпалын тигізген болатын. Егер журналисте қырағы, сыни көзқарас болмаса оның қоғамда өзінің  орны болмайды деп ойлаймын. Өйткені кез келген журналист өзекті мәселелер мен түрлі ақпараттардың иірімін әкету үшін, оларды жіктеуге өзіндік ойы мен сыни көзқарасы болуы керек. Осындай қасиеттерді менің бойы сіңірген жоғарыда айтып кеткендей  редактор ұстаздарыма, осы жолға келуіме септігін тигізген университеттегі Аякөз Әбдіразақова, Асыл Оразова және Зухра Ермағанбетова  ұстаздарымның еңбегі зор. Себебі ұстаздарым бізді журналистика саласына ерекше биімдеген болатын. Газетте жүріп телеарнаға ауысып кеткенімде ешқандай қиындық болмады. Себебі қазір ақпараттық технологияның дамыған заманы. Осы арқылы мен әлеуметтік желіде өзімнің жеке парақшаларымды жүргіземін. Жалпы әлеуметтік желідегі тикток, инстаграм, фэйсбукқа сурет пен видео жариялап қана қоймай, тікелей эфирге кіріп, камераға қарап көпшіліктің алдында сөйлеу арқылы адам өзін дамытуына болады. Бұл да телевидениеге ұқсас. Сондықтан маған телеарнаға ауысып кету қиындық тудырмады. Алғашында осы телеарнаға ертерек келуім керек пе еді? деген ой мазалайтын. Себебі телеарнаға келуді бұрыннан армандап, айнаның алдында тұрып жаңалық оқып, журналистер сияқты дикциямен оқып өзімді тәжірибеден өткізіп көретінмін. Әрине мұныңда бір пайдасы тиді. Дегенменде қайырлысы осы. Бәлкім  телеарнаға осы уақытта келуім маңдайыма жазылған болар. Қазір менің ешқандай өкінішім жоқ. Өйткені бұған дейін жұмыс істеген редакцияда өзімнің шығармашылығымды шыңдап, кәсібилігімді дамыта алдым.  Телевизия бұл синкретті сала.  Яғни дыбыс, үн, сөз үшеуі бірігеді, осы арқылы телевизияда журналистиканы алып кетуге болады.

−  Алғаш экранға шығатын сәтте қандай сезімде болдыңыз?

−  Облыстық телеарна болғандықтан, әрі 1 миллионға жуық халқы бар облыс саған көз тігіп отырғаннан кейін кез-келген адамда толқу, қобалжу болады, бір жағынан камераның мысы бар дегендей. Әрине мұның барлығы менде де болды.  Бірақ эфирге жиі шығып, жаңалықтар жүргізгеннен кейін үйреніп, сол атмосфераға қалыптасып, дағдыланасың. Оның ешқандай қиындығы жоқ, бірақ жауапкершілігі өте басым сала.

− Телеарнадағы қызықты сәттерді айтсаңыз?

−  Теларнаға келгеніме бір жыл толмаса да, азғантай уақытта қызықты сәттер көп болды. Мысалы айтыскер ақындандар суырып салма болады, сол сияқты телеарна журналистерінде де тосыннан сөз табу, тығырықтан шығып кету сияқты қасиет, қабілет керек екен. Бір қызықты оқиға болды. Осы «Қайырлы күн, Қызылорда!» бағдарламасына ешкі шаруашылығымен айналысатын кәсіпкер келіншекті шақырдым. Ол келіншек студияға  кубокпен келді. Содан эфир басталып әңгімеміздің барлығы сол малшаруашылығы болып, сұрақтар қойып отырғанда көзім кубокка түсіп кетті. Сосын «кешіріңіз сөзіміздің арасында сұрай кетейін, студиямызға кубок алып келген екенсіз, бұл қандай кубок? Қандай байқаудан алған едіңіз?» деп сұрақ қойғанымда, кәсіпкер келіншек «бұл менің ешкілерімнің халықаралық конкурстан жеңіп келген кубогы» деген сәтте, тікелей эфирде «Өлә қандай қандай конкурс?» деп айтып эмоциямды жасыра алмай күліп жібердім. Тікелей эфирдегі бұл қылығыма өзімнің күлкім келді, деседе эфирде өзімді жинап алдым. Сөйтсем кәсіпкер келіншек екі ешкісін халықаралық конкурсқа жіберген екен. Ол конкурста асыл тұқымды ешкілердің салмағы, күніне қанша литр сүт береді, оның қандай қасиеттері бар сол арқылы сараланып, орын алады екен. Содан кәсіпкердің екі ешкісі бас жүлдені жеңіп келген екен. Айта берсек қызықты сәттер көп. Негізі эфир барысында арасында қателіктер кетеді. Эмоцияға беріліп кетеміз. Бірақ кейін сол қателіктерді жібермей, түзеуге тырысасың.    

−  Жалпы газет пен телеарнаның айырмашылығын айтып берсеңіз...

−  Газет пен телеарна үлкен күшке ие, қоғамда алатын орныда бірдей. Деседе газеттің айырмашылығын айтатын болсам газетте редактор тапсырма береді. Жазып берген мақаланы редактор тексеріп, газетке жариялайды. Ал телеарнада берілген сюжет, фильм кез келген тапсырма бірнеше шығармашылық ұжымның қатысуымен өтеді. Мысалы жаныңда оператор жүріп видеоға түсірсе, режиссер өзінің идеясын айтады. Ал монтажер оператордың түсірген видеосын монтаждайды. Оны болған соң редактор тексеріп, бағдарламаға шығаруға жібереді. Бұл жерде жалғыз өзіңнің емес, бірнеше шығармашылық тұлғаның ұжымдық еңбегі бағаланады. Жалпы газет пен телеарнада қателесуге жол беруге болмайды. Себебі халық екеуіне де сенім артады. Мен газет пен телеарна екеуін бөліп жармаймын. Себебі мен үшін екеуіде биік!

−  Әлеуметтік желіде де белсенді отырасыз. Бұл заманның талабы ма, әлде мамандықтағы қажеттілік пе?!

−  Әлеуметтік желі менің өмірімнің бір бөлшегіне айналды десем болады. Мен көбінесе фэйсбук пен инстаграмды қолданамын. Оның ішінде фэйсбук әлеуметтік желісіне 2013 жылдан бастап түрлі саяси мәселелер мен өзекті жаңалықтар жарияланып отыратын болғандықтан, оны үнемі бақылап, жазба жазамын. Жазба дегенде ұзақ жазып отырмаймын, барынша қысқа ғана жазба жазып, халыққа өзімнің ойымды, айтқым келген мәселені әзіл арқылы шындықты жеткіземін. Жалпы менің посттарымның 90 пайызы әзіл-шыны аралас.

Енді мұны мамандықтағы қажеттілік деп айта алмаймын. Себебі әріптестерім бар әлеуметтік желіде белсенді болмасада өзінің жұмысын істейтін. Бірақ өзімді айтар болсам, әлеуметтік желісіз жұмысымды өмірімде елестете алмаймын.

−  Қайта мамандық таңдау мүмкіндігі туса, тағы да журналист болар ма едіңіз...

−  Ондай мүмкіндік туатын болса, бәлкім таңдамас едім. Басқа саланы таңдайтын едім, бірақ журналистика емес.  Себебі журналистика саласы қыз баласына өте ауыр. Енді маған қайырлысы осы шығар, Құдай осы салаға әкеліп тұрғаннан кейін қазіргі таңда ешқандай өкінішім жоқ.

−  Ғылымда да сүрлеуге түсуге талпыныс танытқаныңыз бар еді... Ғылым сізді несімен қызықтырады?

− Журналистика мамандығын бітіргеннен кейін магистратуға тапсырып, қазақ тілі және әдебиет мамандығы бойынша бітіріп, педагогика саласының магистрі болдым. Бұл жолды таңдауым бекер емес. Болашақта ғылымғада келіп, жалғастыратын шығармын.  Бірақ жоспар бойынша әзір емес.

Сұқбатыңызға рахмет!

Сұқбаттасқан

НӘЗИРА МҰҚАТАЕВА

Тағы да оқыңыз: