Kyzylorda-news.kz 21-23 наурыз аралығында өткен жеңіл атлетикадан ел біріншілігінде жалағаштық саңлақтар аймақ қоржынына 2 алтын, 1 күміс салды. Оларды салада 20 жылдан астам тәжірибесі бар білікті бапкер Жандос Қарақұлов дайындаған.
Аудандағы №13 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің оқушылары бұған дейін де талай тартысты бәсекелерде жүлделі орындардан көрінген болатын. Ондағы мамандардың аудан спортының алға басуына қажырлы еңбек етіп жатқанын осыдан-ақ аңғару қиын емес. Қазақстан чемпионатында аймақтың абыройын асқақтатқан іні-қарындастарымыз да осындағы білікті бапкерден тәжірибе шыңдаған.
Сезім Шығамбайдың жеңіл атлетикамен айналысқанына көп болмаған. Десе де оның спорттың бұл түрінде жеңісті күндері көп. Ол осыған дейін облыста доп лақтырудан алдына жан салмапты. Ал Алматыдағы жарыста ол найза лақтырудан сынға түскен. Бір қызығы, 13 жастағы қарындасымыздың бұл бәсекедегі қарсыластары өзінен 2 жас үлкен. Бірақ білікті бапкерден жиған тәжірибе мен өзінің спортқа деген ептілігі мұның бәрін елемеді. Дүбірлі додада жалағаштық Сезім Шығамбай 30,84 метрге найза лақтырып, аймақ қоржынына алтын салды. Мұнан кейінгі орындарға Шымкент қаласы мен Түркістан облысынан келген спортшылар жайғасқан.
Мына қызықты қараңыз, №201 мектеп-лицейінің оқушысы Нұрзат Ғалымұлының жеңіл атлетикамен айналысқанына 1 жыл да болмаған. Осы ретте Жәкеңнің де еңбегін ерекше атап өткеннің айыбы болмас. Себебі аз ғана уақытта қарапайым мектеп оқушысынан ел біріншілігінде топ жаратын спортшы қалыптастыру – кәнігі бапкердің ғана қолынан келетін іс. Нұрзат бұл додада 49,21 метрге найза лақтырып, аймақ қоржынындағы алтындар қатарын еселеді. Мұнан кейінгі орынға жайғасқан түркістандық саңлақ жерлесімізден 10 метр қалып қойған. Былтыр ол да ел біріншілігінде өзінен үлкендермен сынға түскен. Онда күміс алған жерлесіміз биыл қатарластарымен қайта сынға түсіп, күмісті алтынға алмастырды.
Аймақ қоржынындағы медалдарды еселеген саңлақтар қатарында Зейнолла Жарқынбаев атындағы №202 орта мектеп оқушысы Балнура Қалнияз да бар. Ол найза лақтыруда екінші орынға жайғасып, күміс медалға ие болды. Дәл осы жарыста көш бастаған спортшы қарындасымыздан небәрі 1 метр айырмашылықпен алға шығып отыр. Осы ретте жалағаштық жеңімпаз алдағы тартысты бәсекелерде алтын алады деп сенім білдірдік.
Мектеп түлегі биыл спорт саласы бойынша жоғары оқу орындарының бірінде білімін жетілдіріп, әлі де тәжірибе шыңдайтынын айтады. Оны бапкері Жандос Қарақұлов та қос қолдап қолдап отыр. Себебі шәкіртінен өзі сияқты білікті бапкер шығатынына сенеді.
Айта кетейік, негізінен жеңіл атлетикаға ел біріншілігіне Жәкең 5 шәкіртін қосқан. Оның үшеуі жеңіс тұғырынан көрініп отыр. Бұл додада одан бөлек Қармақшы ауданынан 12, Қызылорда қаласынан да бірнеше спортшы қатысқан болатын. Аймақ намысын қорғаған 30-дан астам спортшының ішінде жалағаштық саңлақтар ғана облыс қоржынына алтын салған. Мұнан бөлек қармақшылық 1 спортшы қола алса, қызылордалық 2 спортшы күміс медалға ие болған.
Жеңіл атлетика десе, жалағаштықтардың есіне бірінші Мақсат Қарақұлов ағамыздың есімі түседі. Иә, оның ауданда спорттың бұл түріне еңбегі сіңгенін ешкім жоққа шығара алмайды. Жәкең – сол Мақсат ағамыздың баласы. Көзі тірісінде атпал азамат ауыл-ауылды аралап, балаларды спортқа баулығаны бар-ды. Жәкең де дәл сондай, қазіргі таңда оның үйірмесінде Аққұм, Таң, Ақсу ауылдарынан келіп жаттығатын балалар бар. Бар мақсаты – солардан байрақты бәсекелерде еліміздің абыройын асқақтатар спортшылар қалыптастыру.
Бүгінде аудандағы №13 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің «Жеңіл атлетика» үйірмесінде 30-дан астам бала жаттығады. Қазір олардың әрқайсысының жетістігін сараласақ, өз алдына бір еңбекке жүк болары анық. Солардың ішінде Серік Расул қысқа қашықтыққа жүгіруден облыста соңғы 3 жылда алдына жан салмаған. Ел біріншіліктерінде де бірнеше рет ақтық мәреде өнер көрсеткен.
Білікті бапкер жеңіс тұғырынан көрінетін шәкірт тәрбиелеуде тек тәжірибе аздық ететінін айтады. Олар бірінші кезекте ата-ананың рұқсатын алады. Келіспеген жағдайда оның үлкен кедергі екенін де жоққа шығармады.
– Мықты балалар болады, бірақ олардың кейбірінің ата-анасы оның үйірмеге баруына рұқсат бере бермейді. Осының өзі біздің мықты спортшы қалыптастыруымызға үлкен кедергі болады. Сондықтан бірінші кезекте бізге ата-ананың келісімі маңызды. Жетістігі көп басқа да шәкірттерім бар. Алдағы уақытта олардың тәжірибесін әлі де шыңдауға жұмыс жасаймыз. Себебі бүгін жеңіс бар екен деп тоқмейілсуге тағы болмайды. Менің түсінігімде спортшы кез келген уақытта тыңғылықты дайындықта болуы керек. Себебі ешқандай жеңіс оңайлықпен келмейді, – дейді Жандос Қарақұлов.
Алматыдағы атой салған жалағаштық іні-қарындастарымызды алда үлкен жарыстар күтіп тұр. Қазір олар жазғы ел біріншілігіне қызу дайындық үстінде. Одан бөлек басқа да жарыстарға кімдер қатысады? Күнделікті дайындық барысында кәнігі бапкер осы сауалдың түйінін тарқатуда.