Kyzylorda-news.kz. Бапкер Өмірбек Кәлменовтың №13 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде еңбек етіп жатқанына 10 жылдан асқан. Өзі де бұған дейін дүбірлі додаларда қарсыластарын шаң қаптырған, ал бүгінде білікті бапкерге айналған. Алдыңғы буыннан жиған тәжірибесін аудан жастарының қажетіне жаратуда. 

Айта кетейік, аталған спорт мектебіне қарасты Жалағаштағы «Дзюдо» үйірмесінде бүгінде 200-ге жуық бала бар. Олар 4 ауысыммен осы залда шыңдалады. Үйірмеде Өмекеңнен бөлек Жайдар Есенов, Олжас Талапбекұлы және Шыңғысхан Әбілхасенұлы сынды тағы 3 бапкер бар. 4 азамат осыған дейін мұндағы балалардан әлем чемпионатының жүлдегерлерін, халықаралық жарыстар мен ел біріншілігінің жеңімпаздарын шығарды.

Үйірменің жетістігіне келсек, мұндағы білікті бапкерлерден тәжірибе жинаған Әділбек Берікұлы 66 келі салмақта республикалық жазғы спартакиадада жеңімпаз атанды. Бұған дейін ол халықаралық жарыстарда бірнеше рет топ жарған. Осында алғаш спорттың бұл түріне баулыған бапкері Өмірбек Кәлменов бүгінде ол облыс орталығында байрақты бәсекеге дайындалып жатқанын айтады. Алдағы айдың аяғында жерлесіміз Польшада өтетін еуропа кубогына қатысады.

Мұнан бөлек үйірме түлегі Тынарбай Тілеген 2019 жылы Азия чемпионатында топ жарып, ел біріншілігінде қарсылас шақ келтірмеген. Сондай-ақ ол әлем біріншілігінде ел қоржынына қола салған болатын. Ал Әсел Бейсенбай – ҚР чемпионатының қола жүлдегері, жастар арасында Азия кубогының жеңімпазы, самбодан Азия чемпионы, ел біріншілігінің жеңімпазы. Сондай-ақ ол – дзюдо және самбо күресінен ҚР спорт шебері. Міне, аудан орталығындағы спорттың бір бүйірін бүтіндеп тұрған үйірменің тізе берсек, басқа да жетістіктері баршылық. 

– Осы үйрмеден түлеп ұшқан мықты спортшылар бар. Әрине біз олармен мақтанамыз. Бірақ олардың бізден кеткеніне өкінбейміз. Дұрыс, есейді, енді үлкен додаларда топ жаруы керек. Бастысы, спорттан шет кеткен жоқ. Барлығы түрлі додаларда әлі де топ жарып жатыр. Керісінше біз олардың алдағы жетістіктеріне қарап марқаямыз. Қазір олардың ізін басқан жастар да үлкен жарыстарда қарсылас шақ келтірмеуде. Алды халықаралық жарыстардың жеңімпазы болды. Бастысы, сабақтастық бар, алдыңғы аға буынның ізін жалғап, жастар дүбірлі додаларда жеңіс тұғырынан көрінуде. Бұл да болса жасап жатқан жұмысымыздың жемісі деп білемін. Біз оған марқаямыз, олармен мақтанамыз, бірақ тоқмейілсуден аулақпыз, – дейді Өмірбек Кәлменов.

Бапкердің ауызын бақсақ, расында сабақтастық үзілмеген. Қазірдің өзінде үйірме құрамындағы Бақдәулет Болатбекұлы 35 келі салмақта халықаралық жарыста ел қоржынына алтын салса, дәл осы салмақта Кемел Сырмағамбет күміс медаль алған. Ал Түркістан облысында өткен республикалық турнирде Нұрдәулет Садық ақтық мәреге шығып, облыс қоржынына күміс салды.

Былтыр үйірме қатысушылары жылды оң нәтижемен қорытындылаған. Республикалық турнирлерде 38 келі салмақта Ақәділ Батыржанұлы, 60 келі салмақта Нұржан Әбдіхалық қарсылас шақ келтірмеген. Ал 66 келі салмақта Ерсұлтан Темірболат пен 42 келі салмақта Заңғар Сырмағамбет үздік үштікті түйіндеген. Сондай-ақ өткен жылдың басты жаңалығы үйірмедегі 15-ке жуық оқушы ҚР спорт шеберіне үміткер атанды.

Ақпанның аяғында Түркістан төрінде өткен ел біріншілігінде Өмекең 4 шәкіртін қосты. Мұнан бөлек жаз айларында және күзде де үйірме мүшелерін үлкен жарыстар күтіп тұр. Әзірге бапкерлер балаларына сеніп отыр. Сол сенім үдесінен шығуға оқушылар да қам жасап жатыр. Міне, үйірменің бүгінгі тынысы осындай, жұмысы жүйелі, жетістігі мол. 

Тағы да оқыңыз: