Kyzylorda-news.kz Қазіргі таңда елімізде спорт саласына үлкен қолдау бар. Нәтиже де жоқ емес, саңлақтарымыз әлемдік додаларда көк байрағымызды биіктен желбіретіп жүр. Ауданда да бұқаралық спортты, ұлттық спорттық ойындарды дамыту бағытында жүйелі жұмыс бар. Аймақ, аудан абыройын асқақтатып жүрген спортшылар жеңісін сол жұмыстардың жемісі десе де болады. Жуырда Жетісу облысында өткен Қазақстан чемпионатында жерлесіміз Заңғар Сырмағамбет белбеу күресінен үздік үштікті түйіндеп, облыс қоржынына қола салды. Біз де жерлесімізді құттықтап, кейіпкеріміз қатысатын үйірменің бүгінгі тынысымен таныстық.
Иә, Жалағашта қарқынды дамыған салалардың бірі де бірегейі – спорт. Әсіресе соңғы жылдары ауданда сала саңлақтары үлкен додаларда топ жаруды дәстүрге айналдырды. Міне, мұның бәрі – салаға көрсетілген қодаудың нәтижесі. Онан кейін сол қолдауды шын сезініп, еңбек еткен бапкерлердің жемісті еңбегінің арқасы. Әрине, бұл жолда үлкен ізденісте болған саңлақтардың орны бөлек. Солардың бірі – бүгінгі кейіпкеріміз Заңғар. Өзі 15 жаста болса да, салада бағындырған белесі көп. Кішкентайынан әкесінің қолдауымен дзюдо үйірмесін таңдап, әлі де жаттығып шыңдалуда.
Белбеу күресінен ел біріншілігі Жетісу облысында өтіпті. Тартысты додаға еліміздің барлық аймағынан іріктелген мықты палуандар қатысқан. Біздің Жалағаштан облыстық жарыстан жүлделі орындар иеленіп, ел біріншілігіне жолдама алған кейіпкеріміз да бақ сынаған. Додада топты жарып, 42 келі салмақта өнер көрсеткен жерлесіміз Заңғар намысты қолдан бермей, ІІІ орын алды. Ол бұған дейін де өз салмағында облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, жүлдесіз оралмаған. Оның бар мақсаты – әлемдік додаларда көк байрағымызды биіктен желбірету.
– Биыл «дзюдо» үйірмесіне қатысып, жатығу жасап жүргеніме 10 жылға жуықтады. Дайындық барысында кезіккен қиыншылықтан шаршап, қажыған сәтте бапкерім Олжас ағайдың айтқан ақылы мен жігер беретін сөздері ғана әрі қарай спортты жалғастыруға күш берді. Жарыстарда мойынға таққан медальда қаншама еңбек пен төгілген тер бар. Қазіргі таңда республикалық деңгейдегі жарыстардан орын алып жүрмін. Бапкерім әрдайым дамыту үстінде, - дейді Заңғар Сырмағамбет.
Расында спортшының топ жарып, биіктен көрінуі бапкердің біліктілігінің арқасында. Білікті бапкер Олжас Талапбек – бүгінде дзюдо күресінен спорт шебері, жоғары санаттағы жаттықтырушы. Күндіз-түні тыным таппай еткен еңбегінің бүгінде жемісін көруде. Ол дзюдодан Қазақстанчемпиондарын ғана емес, Азия, әлем чемпиондарын шыңдап шығарған. Шәкірттерінің барлығы дерлік әлі де спорттан қол үзбеген. Қазір олар түрлі додаларда топ жарып, үлкен жарыстарда жауырыны жерге тимей, қарсылас шақ келтірмеуде. Шәкірттерінің жеңісіне қарап марқаятын Олжас бүгінгі жеткіншектерінің ағаларының жолын жалғап, жеңіс тұғырынан көрініп жүргенін қуанышпен жеткізді.
Заңғар қазіргі таңда 15 жаста. Әл-Фараби атындағы № 201 мектеп-лицейінің 9 сынып оқушысы. Ол болашағын осы спортпен байланыстырады. Өзі чемпион болып қана қоймай, чемпиондарды тәрбие белгісі келетінін де жеткізді.
Айта кетейік, қазіргі таңда дзюдо үйірмесіне жалпы 200 бала қатысады. Оларды 4 ауысыммен 4 бапкер жаттықтырады. Осы орайда қызығушылығымыз оянып, дзюдоның ережесі мен техникаларын білмек болдық. Қызығы, біз сырттан қарап отырғанда құлаған адам жеңіледі деп ойлаймыз ғой, бірақ дзюдоның техникасын үйрену дұрыс құлауды үйренуден басталады екен. Мәселен, алға қарай құлау кезінде қолдың иілген бөлігі алға қарай бұрылады. Арқамен құлау кезінде шынтақ түзеліп, денеден 45-60 градусқа алшақтайды. Бүйірмен құлауда бір қолдың шынтағы түзеліп, екінші қол жоғары көтеріледі. Бұл әдістердің бәрі бозкілемде білікті болуға көмектесетін көрінеді. Одан бөлек дұрыс тұру, ұстап алу, лақтыру әдістерінің де өзіндік ережелері бар. Қалам мен қағазға сүйенетін бізге бұл ережелер қызық көрінді, осылай жаттығуларын сырттай бақылап қайттық.