Kyzylorda-news.kz 25-28 мамыр аралығында Тайвань мемлекетінің Тайбэй қаласында гір спортынан Азия чемпионаты өтті. Бұл жарыста әлемнің түкпір-түкпірінен келген 14 мемлекеттің спортшылары бақ сынады. Олардың арасында жерлесіміз, «Наркескен» спорт клубының гір спорты үйірмесінің қатысушысы Төлеген Қайсар да бар. Ол жастар арасында 78 келі салмақта өткен серпе көтеруден алтыннан алқа тағып, І орын иеленсе, ұзын айналым жаттығуында екінші орынға тұрақтады.
2016 жылы ауданда «Наркескен» спорт клубында арнай гір спорты бойынша үйірме ашылуы аудан құрама командасын дайындап, олардың спорттық деңгейін жақсартуға үлкен сеп болған. Үйірме жұмысы бүгінде жемісін беріп, аталған спорт түрі дамып, онымен айналысқысы келетін жастар қатары артып келеді. Қай спорт түрінен жарысқа барса да, қоржыны бос қайтпайтын «наркескендіктер» биыл да жыл басын жақсы жаңалықпен бастаған.
– Аудан әкімдігінің қолдауымен, демеушілердің көмегімен гір спорты үйірмесін талапқа сай қажетті құралдармен қамтамасыз еттік. Спортшылардың сайыстарға қатысуына жағдай жасалды. Гір тасын алақанда ойнататын Абдулхасан Сейтеновтің шәкірттері, «наркескендіктер» намысты қолдан бермей, еліміздің, аймақтың, ауданның абыройын асқақтатуда, – дейді аудандық спорт және туризм бөлімінің басшысы Еркебұлан Жамалатов.
Иә, «Наркескен» спорт клубындағы гір спортының үлкен жетістіктерге жетуінде үйірме жаттықтырушысы Абдулхасан Сейтеновтың еңбегі зор. Ол күні-түні шәкірттерін шыңдауда қажырлы еңбек етіп, бүгінде жемісін көріп отыр. Олай дейтініміз, шәкірттері қазіргі таңда тек аудан, облыс көлемінде ғана емес, көк байрағымызды желбіретіп, әлемді бағындыруда. Міне, осының бәрі – білікті бапкер жұмысының жемісі. Қайсар да бұл жеңісте бапкерінің үлесі зор екенін айтады.
– 8 сыныпта оқитын кезім, бапкерім Абдулхасан Сейтеновпен аудан орталығындағы алаңда өтіп жатқан спорттық сайыста таныстым. Содан бері гір спортымен айналысып келемін. Аптасына 3 рет спорт залға келіп дайындаламын. Тыңғылықты үздіксіз дайындықтың арқасында бапкеріммен бірге үлкен жетістіктерге жетіп жатырмын. Қазақстанды әлемге танытып, көк байрағымды әлемдік додаларда желбірету үшін қолымнан келгенше еңбек етемін. Қазіргі таңда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша оқып жатырмын. Осыған дейін ҚР чемпионатында да нәтижелі өнер көрсеттім. Оған 500-ге жуық спортшы қатысқан еді. Соның ішінде Қостанай мен Шардараның спортшыларын өзіме мықты қарсылас болды деп айта аламын. Себебі алдыңғы жылғы жарыстарда да бір алаңда бақ сынап, бәсекелес болғанбыз. Сол кезде де Қостанайдан келген спортшыдан озып, өкінішке қарай Шардараның спортшысынан жеңіліп қалдым. Кейінгі сайыстарда қарсыластарымның барлығынан оза шауып, үлкен додаларға жолда алып жатырмын, – дейді Қайсар Төлегенұлы.
Елімізде қол күрес дамыған аймақтың бірі Шардара болса, гір спорты дамыған өңір Жалағаш болуы үшін қызмет ететінін жеткізген Қайсар болашақта бапкерінің ізін басуды көздейді.
Айта кетейік, Қайсар Төлеген – Дәуімбай елді мекенінде орналасқан З.Жарқынбаев атындағы №202 орта мектептің түлегі. Ол бүгінде облыс орталығындағы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Дене шынықтыру» факультетінде облыс әкімінің грантымен білім алып жатыр. Бұған дейін салада жеткен жетістігін тарқатып айтсақ, Қайсардың атына заты сай азамат екеніне көз жеткізесіз. Жалағаштық спортшы осыған дейін Қазалы қаласында өткен «Алтын күз» ауыл спартакиадасында да 73 келі салмақта қарсылас шақ келтірмеді.
Аталған үйірменің ауыз толтырып айтатындай мақтан тұтар басқа шәкірттері де жетерлік. Себебі онда өз ісінің білікті маманы, нағыз шебер жаттықтырушы Абдулхасан Сейтенов чемпиондарды шыңдап шығарып, аудан спортының дамуына өзіндік үлесін қосып жүр.
– Үйірмеге аудан, ауыл білім ошақтарынан аптасына 4 күн 60-тан аса оқушы келеді. Спортшыдан керегі бір пайыз талант, тоқсан тоғыз пайызы еңбек қой. Жігіттер сондай еңбекқорлығының арқасында спортта талай сыналды. Олар спорт шеберіне үміткер атағын алу үшін де біраз тер төкті. Мәселен, Қайсар Төлеген осындай тынымсыз жаттығудың арқасында спорт шебері атанды, – дейді «Наркескен» спорт клубындағы гір спорты үйірмесінің бапкері Абдулхасан Сейтенов.
Айта кетейік, үйірме қатысушылары ауыл спортшылары бас қосатын «Алтын күз» спартакиадасынан соңғы 3 жылда командалық есеп бойынша алғашқы үштіктен түспеген. Кешегі кіл мықтылар бас қосқан Азия чемпионатында бапкерінің үмітін ақтаған спортшы алдағы уақытта ел абыройын Әлем чемпионатында қорғап, мемлекет мерейін үстем етуді көздеп отыр. Оның әлі талай биікті бағындыратынына бапкері де сенеді.