Kyzylorda-news.kz Жалағаштық спортшылар соңғы уақытта түрлі додаларда топ жарып, ел мерейін үстем етуде. Аудан мақтаныштары осылайша салаға серпін беріп отыр. Сондай жалынды спортшылардың бірі – Ұласхан Алмасұлы. Ол – қазақ күресі мен белбеу күрестен Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын иеленген Жалағаш ауданына қарасты Ақсу ауылындағы жалғыз спортшы.
Аудан мақтанышы өзінің спорттағы қадамын 2014 жылы бастап, күрес әліппесін Өмірбек Кәлменов пен Жайдарбай Есенов ағаларынан үйренген. Өз ауылының қарадомалақтары да артынан еріп, спортпен айналысуын армандаған кейіпкеріміз қазіргі таңда Ақсудағы №13 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінде жаттықтырушы қызметін атқарады. Бүгінгі таңда қазақ күресімен қатар дзюдоның қадамы да қарыштап дамып келе жатыр. Себебі ол – барлық халық қызығатын спорт түрі. Бұл күрестің қыр-сырын жетік меңгерген ақсулық спортшылар талай байрақты бәсекеде боз кілемде белдесіп, ел намысын қорғап жүр.
– Ауылда арнайы дзюдо үйірмесі жоқ. Бірақ балалардың ынтасы мен ептілігінің арқасында біз біраз жетістікке қол жеткіздік. Осы тұста, спортшыларымызды қолдаудан еш жалықпаған спорт жанашырлары, үлкен жарыстарға қатысуға демеушілік білдіріп жатқан ел ағалары «АВ AGRO ORDA» ЖШС құрылтайшысы, аудандық мәслихат депутаты Абай Байпанұлына, «Талап» шаруа қожалығының директоры Бақытжан Бекетовке, «Керемет» фирмасының директоры Нұрсұлтан Омаровқа және Ерлан Оңласыновқа алғысымды білдіремін дейді, – Ұласхан Алмасұлы.
Бұл спорт мектебінде 2023 жылдың тамыз айынан бастап қазақ күресі үйірмесі жұмыс жасап келеді. Ұласханның айтуынша, қазақ күресі үйірмесі ауыл жастарының уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуге үлкен үлес қосуда. Үйірмеге 2-3 сынып оқушылары қабылданады. Қазіргі таңда онда 30 бала бар, оның 4-еуі – қыз, 26-сы – ер бала. Үйірмеге оқушылар аптасына 5 рет келеді. Бұл балалардан бөлек жасы үйірме талабына жетпеген кішкентай ұландардың да күрес спортына қызығушылығы жоғары, қарасы қалың екенін байқадық.
Ақсулық спортшылар дзюдодан аудандық жарыстармен шектелмей, облыстық, республикалық жарыстарда да бақ сынап, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Мәселен, Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығына орай өткен дзюдодан 2011-2016 жылғы кіші жасөспірімдер арасындағы аудандық ашық біріншілікте 29 кг салмақта ІІІ орынды Нұрәли Әсембек еншілесе, 32 кг салмақ дәрежесінде Аманат Алмат ІІ орынды иеленген. Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 34 жыл толуына орай дзюдодан 2015-2016 жылы туған жасөспірімдер арасында өткізілген облыстық турнирде 20 кг салмақ дәрежесінде ІІІ орынды Заңғар Қаржаубай жеңіп алған.
Сондай-ақ Заңғар – Тоғанас батырдың туғанына 210 жыл толуына орай өткен сайыста кіші жасөспірімдер арасындағы аудандық ашық біріншілікте ІІІ орынды иемденген үздік спортшылардың бірі. Дәл осы сайыста 23 кг салмақ дәрежесінде Ерқанат Алмат ІІІ орынды, 29 кг салмақ дәрежесінде Аманат Алмат жүлделі І орынды иеленген. 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай дзюдо күресінен аудандық ашық біріншілікте 38 кг салмақ дәрежесінде Тәукехан Кіребай ІІІ орыннан көрінген. Мұнан бөлек Тәукехан 2010-2015 жылы туылған кіші жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында «Достық Жер МК» ЖШС-ның жүлдесіне арналған ІІ республикалық турнирінде ІІІ орынды иеленген. 2014-2015 жылы туылған балалар арасында «JUDO LEAGUE» турнирінде 32 салмақ дәрежесінде Аманат Алмат та ІІІ орынды иеленіп қайтқан.
Қайсарлығы қанында, тектілігі тамырында тулаған жас өрендердің жаттығу барысын көргенде, бойларында намысты қолдан бермейтін қасиеттерін аңғардық. Ақсулық спортшылардың көк байрақты желбіретіп, ел сенімін ақтайтындарына сеніп, болашақта биік белестерден көретінімізге көзіміз жетті. Шәкірттерінен үздіксіз дайындықты талап ететін жас жаттықтырушы Ұласханның алға қойған ең үлкен мақсаты – спортты жанына серік еткен ақсулық жастардан Әлем чемпионын шығару.