Kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданының Дәуімбай елді мекеніндегі «Бодыбай Құлтекенов» атындағы жабық бассейн жергілікті халықтың қажетіне жарап тұр. Әсіресе аталған нысан өңірдегі су спортына серпін беруге үлкен мүмкіндік болып отыр. Бассейнде соңғы уақытта жастар арасында су спортынан түрлі жарыстар жиі ұйымдастырылуда. Жуырда аудандағы мектеп оқушылары тағы да жүзуден бақ сынап, өзара мықтыны анықтады.
Бассейн директорының орынбасары Берікқазы Әуесбаев жарыс ұйымдастырылмас бұрын аудандағы барлық мекемеге алдын ала қатынас хат жолданатынын айтады. Өкініштісі, мұндай жарыстарға ауылдық елді мекендерден адамдар келмейді екен. Бірақ мұны директордың орынбасары түсіндірме жұмыстарының төмендігімен байланыстырады.
– Мәселен, бүгінгі турнирдің болатыны жөнінде аудандағы барлық білім ошағына алдын ала хат жолданды. Бүгін жастар бұл жарысқа көптеп қатысып отыр. Бірақ 14 ауыл бойынша тек бір ауылдан ғана жалғыз бала келіп отыр. қалған ауылдардан ешқандай қатысушы жоқ. «Таланттың бәрі ауылда» деген бар, олардың талабын шыңдауға осы мәселе қиындық тудыруда. Мен мұны оқушылар арасында ешқандай түсіндірме жұмыстарының жоқтығымен байланыстырамын. Болмаса кей кезде ауылдарға жаз мезгілінде жолымыз түсіп жатады. Сонда канал жағалап суға түсіп жүрген топ баланы жиі көреміз. солардың ішінен біреуі су спортына қызықпауы мүмкін емес қой, – дейді Берікқазы Әуесбаев.
Жүзу спортынан аудандық турнирге білім ошақтарынан 20 оқушы қатысты. Алдымен 13-14 жас аралығындағы оқушылар 50 метрді қысқа уақытта еңсеруге тырысса, 11-12 жастағы балалар 25 метрді бағындыруда өзара мықтыны анықтады.
50 метрді 37 секундта бағындырған Никита Романенко жарыстың тартысты өткенін айтады. №31 мектеп-гимназиясының оқушысы бұған дейін де жүзу спортынан алдына жан салмапты. Ол алдағы уақытта спорттың бұл түрінен ел мерейін үстем ету басты мақсаты екенін де жасырмады.
– Мәреге бірінші болып келдім, жарыс оңай болған жоқ. Қарсыластарымның барлығы дайындық үстінде жүрген сияқты болды. Ұйымдастырушыларға, жалпы осы жабық бассейнді салып берген ағаларға алғыстан басқа айтарым жоқ. Мен алдағы уақытта су спортынан ел мерейін үстем етіп, көк туымызды биіктен желбіретуді армандаймын. Ал осы мақсатта ізденуге бұл нысанның маған пайдасы мол, – дейді турнир жеңімпазы.
13-14 жастағы оқушылар арасында 50 метрді 43 секундта еңсерген Серік Рамазан мәреге екінші жетті. Ал дәл осы межені 47 секундта жүзіп өткен Мейрамбек Жанәділ үздік үштікті түйіндеді.
25 метрге жүзген оқушылар арасындағы сайыс та тартысты өтті. Бұл додада мәреге 22 секундта жеткен №123 мектеп-лицейінің оқушысы Дінмұхамед Мұратбекұлы турнир жеңімпазы атанды. Ал дәл осы межені 24 секундта бағындырған Қайыржан Ғалымжан екінші орынға жайғасса, Батыр Қаппар үшінші орынға тұрақтады.