Kyzylorda-news.kz Биыл тұңғыш рет футболдан Шиелі ауданының «Қайсар Шиелі» командасы Қазақстан чемпионатының екінші лигасында бақ сынап, турнир кестесі бойынша Шымкенттің «Оңтүстік академия» клубын 9 сәуір күні өз алаңында қабылдайды. Санаулы күннен соң шежірелі өлкеге табан тірейтін шымқаланың ала доп шеберлері жайлы не білеміз?

Оңтүстік Академия футбол клубы – 2018 жылы футболды жанына серік еткен жастар арасынан кіл мықтылар іріктеліп, Шымкент қаласында құрылған. 2018 жылы өткен Қазақстан чемпионатының 2 лигасында 40 кездесудің 27-сінде жеңіске жетіп, Астана жастар клубынан соң екінші орынды қанжығалаған. Дәл осы чемпионатта үздік өнер көрсетіп, тұғыр биігінен көрінген Шымкенттік ойыншыларға, 1 лигаға жолдама алу мүмкіндігі берілді. Бұндай таптырмас мүмкіндік құр жіберетін шымкенттіктер бар ма? Тынымсыз жаттығу мен озық стратегиясының арқасында, оза шауып, ел сенімін ақтады.

Сонымен, 2019 жылы Қазақстан чемпионатының 1 лига маусымы команда үшін сәтті басталды. Алғашқы ойыннан-ақ жерлестері «Қыран» футбол командасын 3:1 есебімен ойсырата жеңіп, екінші кезеңде «Екібастұзды» 1:0 көрсеткішімен тізе бүктіріп, екінші орынға шықты.

Қазақстан кубогі бойынша 2019 жылы бірінші кезеңде «СДЮСШОР 8», «Арыс» клубтарымен бір топқа түсіп, І орын алды. Жарыстың 1/8 финалында, Сыр елінің «Қайсар» командасынан 1:2 есебімен ұтылып, жарыспен қош айтысты.

Ал, шиелілік «Қайсар Шиелі» командасы ойыншылары үшін бұл өте маңызды кездесу. Тарихи сәт. Себебі, құрылғанына аз уақыт болса да, Қазақстан чемпионатының 2-ші лигасында ойын өрнегін көрсетудің өзі үлкен жетістік. Бүгінде облыстық, республикалық турнирлерде жеңіс тұғырынан көрініп, өз жолдарын қалыптастырып үлгерді. Команданы белгілі жаттықтырушы Қанат Шерімбетов және оның көмекшісі, тәжірибелі бапкер Бекежан Жаңатаев дайындауда. Қос жаттықтырушы да Қазақстан футбол федерациясының ережесіне сәйкес УЕФА категориялық білікті мамандары.

– Бұл кездесу аудандар тарихындағы алғашқы жоба болғалы тұр. Жалпы «Қайсар Шиелі» командасында 25 ойыншы бар. Құрамадағы екі ойыншы Шиелі ауданының талантты азаматтары. Алдағы қарсылас «Оңтүстік академия» командасы да осал емес, тәжірибесі мол. Сондықтан, команда сапындағы ойыншылар жаттығуды күшейтіп, аянбай тер төгуде. Шиелі ауданы тұрғындарын тартысты бесекені көзбе-көз көріп, келіп тамашалауға шақырамын, – дейді "Қайсар" футбол клубының баспасөз хатшысы Ерасыл Шәрібек.

Иә, Шиелі ауданына келетін «Оңтүстік академия» футбол клубы да осал емес. Бар күш жігерді жаттығуға салып, тартысты ойын өрнегін көрсету үшін оларда аянып қалмайтыны анық. Дегенмен, жергілікті ойыншыларға деген сенім мол, үміт басым.

Тағы да оқыңыз: