Kyzylorda-news.kz. Тоғызқұмалақшы Бексұлтан Бостандықовтың есімі ел намысын қорғап жүрген спортшы ретінде көпшіллікке танымал. Жас тоғызқұмалақшы ұлттық ойын – тоғызқұмалақтан спорт шебері, Азия ойындарының чемпионы. Бексұлтан сырдариялықтардың ғана мақтанышы емес, ол облыстың, республиканың құрама командасында ойын өрнегін көрсетіп жүрген мықты, әрі кәсіби спортшы. Нағыз зияткерлік ойындарының иесі Сырдария ауданының әкімінің «Өрлеу» сыйлығына қол жеткізген.
– Бексұлтан Хасенұлы, Сыр елінің мақтан етер ұланысыз. Алғашқы сұрақ – бала Бексұлтанның балалық шағы туралы айтсаңыз?
– Көп рахмет. «Өрлеу»жастар сыйлығына лайық деп танып, ұсыныс білдірген аудандық жастар ресурстық орталығына алғысымды білдіремін.
Балалық шағым кіндік қаным тамған туған жерім – Тереңөзекте өткені баршаға мәлім. Осындағы қарашаңырақ саналатын киелі білім ордасы №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің түлегі екенімді мақтан етемін. Бала кезімнен білім мен спортты қатар алып жүруге тырысқан болатымын. Гуманитарлық пәндерге қызығушылығым басым болған еді. Бірнеше рет мүшәйраға да қатысқаным әлі есімде. Кейін бірыңғай спортқа ден қойғаным бар.
– Иә, спорттың тоғызқұмалақ түрін таңдадыңыз. Тоғызқұмалаққа деген қызығушылығыңыз неден басталды, ұлттық ойынға қалай келдіңіз?
– Тоғызқұмалақ ойынына қызығушылығым мектептегі үйірмеден басталған жайы бар. Оның алғашқы әліппесін үйреткен марқұм Тұрғанбай Болғанбайұлы екенін айта кетейін. Күн сайын ағайдың сабағына баруға асығатынмын. Ойынды ұтсам мәз болып, болашақта чемпион боламын деп армандайтынмын. Кейін шын мәнінде жарыстарға шыға бастадық. Жетістіктердің арқасында жеңімпаз болдым. Ұлттық ойынға деген қызығушылығым бірте-бірте кәсіби деңгейге ұласты.
– Жетістік демекші, алғашқы жетістігіңіз туралы айтсаңыз? Қандай жарыс болатын?
– Ең алғашқы үлкен жетістігімді ұмыту мүмкін емес. 2012 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында ел чемпионы атана білдім. Осы жеңісім арқылы Азия чемпионатына жолдама алдым. Бала кездегі арманымның орындалғанына көзім жетті. Бұл жеңіс менің әлі де алға өрлеуіме, биік белестерді бағындыруыма себеп болды. Ел намысын қорғау – жауапкершілік екенін сезіндім.
– Спортқа деген қызығушылық кәсіби тұрғыда жалғасын тапқанымен, белгілі мамандық иесі атану үшін қандай оқу орнын таңдадыңыз?
– Әрине, белгілі мамандық иесі атану үшін 2013 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-тің "Жылу энергетика" мамандығы бойынша оқуға түсіп, жоғарғы білім алдым. Оқу мен спортты қатар алып жүру қиын болса да спорттан ажыраған емеспін. Кәсіби ойыншы ретінде қалыптасуға күш салған едім
– Қазір қандай команда құрамында ойын көрсетіп жүрсіз?
– Тоғызқұмалақпен айналысқаннан бастап Қызылорда облысының намысын қорғап келе жатырмын. Әр жылдың қорытындысы бойынша біздің облыс республикада алғашқы орынның бірін иеленіп келеді. Бұл команда ойыншыларының жетістігі, тынымсыз жаттығудың арқасы.
Айта кету керек, облыста ұлттық ойынның негізгі мектебі – Тереңөзекте орналасқан деп нық айта аламын. Себебі Тереңөзектен әлем, Азия чемпиондары мен жүлдегерлер шығып жатыр. Бұл жаттықтырушылардың еңбегі.
– Елдің атын спортшы шығарады, алғаш рет Әнұранды әуелеткен кезде қандай сезімде болдың, ол қай жылы, қандай жарыс еді?
– Ел намысын алдыңғы кезекке қоятын әрбір спортшының арманы – бірінші тұғырда тұрып, мемлекетіміздің Әнұранын қалықтату. 2013 жылы Павлодар қаласында Азия чемпионы атанған кезімде Әнұран шырқалды. Халықаралық деңгейде өнер көрсетіп, жеңіске жету ерекше сезім. Барлық сырдариялық спортшыларға осындай бақыттың бұйыруын тілеймін.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай? Ізбасарларыңыздың аяқ алысын қалай бағалайсыз? Оларға биік белестерді бағындыруға қандай кеңес берер едіңіз?
– Чемпион болу оңай, бірақ сол атаққа лайықты болу қиын екен. Жеңіске жеткен сайын жауапкершілік жүгі де, талап та күшейе түседі. Жаттықтырушының сенімін ақтау, ойын тұрақтылығын сақтау – тынымсыз еңбекті, ізденісті талап етеді. Алдағы уақытта ойыншы ретінде біліктілігімді арттыратын боламын. Уақытымды көбірек спортқа бөлемін деген ойдамын.
Ал ізбасарларға келсек, ауданда тоғызқұмалақ ойнап жүрген жастар өте көп. Олардың арасында биік белестерді бағындырып үлгіргендер де бар. Жас та болса Қазақстан Республикасы спорт шебері нормативін орындаған спортшылар да, Азия жеңімпаздары мен жүлдегерлер де бары көңілге медет сыйлайды.
Менің ойымша, тоғызқұмалақта ойынның түпкі мәні жеңісте немесе жеңілісте емес, оның ойын барысында адамға әсерінде. Ойын барысында адам болмысының қозғалыстары оның өзіндік қасиеттерін өзгертіп, жетілуіне жағдай жасайды. Яғни, болмысын өзгертеді. Денесі шынығады, ой-өрісі кеңейеді, төзімділікке үйренеді. Осы өзгерістер бір ғана ойын барысында орын алады. Сондықтан ойыннан адам барынша жігерлене түседі дер едім.
– Жоғары деңгейдегі спортшы болу үшін бапкердің маңыздылығы қандай?
– Жалпы кез келген салада озат болу үшін мықты маманнан үйренгені жөн. Қазіргі ұлттық спорттағы бәсекелестік жылдан жылға артып келеді. Ерекше талантыңыз болмаса, мықты бапкерсіз жоғары деңгейде ойнау өте қиын. Бұл жағынан менің жолым болды. Бапкерім Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, 3 дүркін Әлем чемпионы Хакімжан Мектепханұлы Елеусінов. Алдағы мақсатым да бапкерімдей болу екені даусыз. VI әлем чемпионатында ІІ орын иелендім. Биыл Еуропа кубогін еншіледім.
– Әлемнің қанша елінде болдыңыз? Тоғызқұмалақтың нағыз шеберлері қай елде екен. Мықты қарсылас деп кімді айтар едіңіз?
– Азия елдері арасында Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Еуропа бойынша Чехия, Түркия, Швейцарияда халықаралық жарыстарда болдым. Көршілес Моңғолия, Қырғызстан ойыншыларымен бәсекелестік жоғары. Ол елдерде де арнайы мектеп қалыптасқан.
Қарсыластарымның арасында осалы жоқ. Ойын барысында мен үшін барлығы да мықты қарсылас болып саналады. Алдағы уақытта ұлттық спортты дамыту мақсатында шығармашылықпен айналысу ойда бар. Дегенмен ең алдымен спортшы ретінде қойған мақсатымды орындауым қажет.