Kyzylorda-news.kz Салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортқа басымдық беру, дені сау, әрі қоғамның белсінді мүшесі болатын ұрпақ қалыптастыру мемлекеттің алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Бүгінде облыс пен Шиелі ауданындағы жас спортшылардың байрақты бәсекеде айы оңынан туып жүр. Мұны шекара асып, еліміздің намысын қорғап, абырой биігінде жүрген спортшылардан байқауға болады.

Өткен жылғы Сыр спортшыларының әлемдік ареналардағы жемісті өнері жайында облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Мира Қазбекова Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған көшпелі баспасөз конференциясында мәлім қылған еді.

Оның айтуынша, өткен жылы 10 айдың қорытындысымен аймақта 1322 бұқаралық спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып, облыста білікті спортшылар мен спорт резервтерін дайындау мақсатында 12 Қазақстан Республикасының чемпионаты, 4 халықаралық, 41 республикалық, 127 облыстық біріншілік өткізілген. 

– Қоян жылында Сыр өңірі спортта толағай табыстарға жетті. Байрақты бәсекелерге Сыр елінен аттанған жерлестеріміз Әлем, Азия чемпионаттарының жеңімпазы атанып, облыстың ғана емес, барша қазақ елінің абыройын асқақтатып келеді. Нәтижесінде, спортшыларымыз ҚР чемпионаты мен кубоктарында 1100 медаль жеңіп алса, Әлем және Азия чемпионаты мен кубоктарынан 232 медальға қол жеткізді. Жылдың басты жаңалығы деп облыс үшін рекордтық көрсеткіш болған Азия ойындарын айтуға толық негіз бар.

Қытай мемлекетінде өткен спорт додасына 25 спортшы 13 спорт түрінен қатысып, дзюдодан 3 қола, стенд атудан 1 қола, каратэден 1 күміс және бокстан 1 күміс жүлде иеленген. Қазақстан премьер лигасында «Қайсар» футбол клубы жемісті өнер көрсетті. Жергілікті ойыншыларға сенім артып, чемпионатта алтыншы орынға тұрақтады. Команданың ойынын стадионнан тамашалайтын жанкүйерлердің де қатары көбейді. Бұл облыс халқының футбол спортына қызығушылық бар екенін көрсетеді, – деді.

Сыр спортшыларының байрақты бәсекелерде де асығы алшысынан түсті. Венгрия мемлекетінде каратэ спорт түрінен өткен Әлем чемпионатында сыр спортшысы Мөлдір Жаңбырбай қарсыластарын қапы қалдырып, әлем чемпионы атанды. Албания мемлекетінде ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында өткен Әлем чемпионатында Ерасыл Сәулебеков жеңімпаз атанып екі мәрте әлем чемпионы болды. Сондай-ақ парадзюдодан өткен Әлем чемпионатында Оразалыұлы Олжас 73 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанса, парапауэрлифтингтен Бойка Снежанка әлем чемпионатының алтын медаль иегері атанды.

Ал Шиелі ауданына келер болсақ, өткен жылы аудан спортшылары республикалық жарыстармен қатар Қазақстан Республикасының Чемпионатында 18 алтын, 11 күміс, 33 қола, әлем біріншілігінде 1 алтын, 1 күміс, Азия біріншілігінен 1 алтын иеленген. 3 спорт шебері, 1 халықарлық дәрежедегі спорт шебері, 41-і спорт шеберіне үміткер, 38 І раязрядты спортшылар дайындалған Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама мүшелігіне 3 спортшы қабылданған. Ауыр атлетикадан Бектай Асылжан, Сансызбаева Айсамал Қазақстан Републикасының ұлттық құрама сапында Оңтүстүк Корея мемлекетінде өткен Азия біріншілігіне қатысып, үздік бестіктен көрінсе, Таеквондодан Қапанова Ботакөз Азербайжан мемлекетінде өткен Әлем біріншілігіне қатысып қайтты. Жекпе-жек спортынан Шәкірбек Абылай Өзбекстан мемлекетінде өткен жастар арасындағы Әлем біріншілігінің жеңімпазы атанып, елге жеңіспен оралды. Белбеу күресінен Әбубәкір Жандос Әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, волейболдан жасөспірімдер арасында Қойлыбаева Балайым Азия біріншілігінің жеңімпазы атанды. Бокстан жасөспірімдер арасында Ә.Шорабаев атындағы республикалық турнирі жоғары деңгейде өткізіліп, еліміздің 10 облысынан 270 балғын боксшылар қатысып келеді. Әлеуметтік тапсырыс арқылы ауыр атлетикадан Екі мәрте социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев атындағы республикалық турнир ұйымдастырылып тұрады. Міне, мұның өзі Сыр спортшыларының нәтижелі жетістігі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында мемлекеттің алға қойған мақсат-мүддесін, стратегиялық жоспарларын іске асыратын сол елдің азаматтары десек, ол міндетті орындау үшін бірінші кезекте ұлттың саулығы қажет. Ал бұл мақсатты жүзеге асыру үшін ең алдымен бұқаралық спорт пен спорттық инфрақұрылымды дамытуымыз керек, деген болатын. Осы ретте, ауданда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 160 орындық дене шынықтыру сауықтыру ғимаратының құрылысы толықтай аяқталып, өткен жылы қазан айында ел игілігіне пайдалануға берілді. Одан кейін Көкшоқы мөлтек ауданында орналасқан спорт кешенінің қосалқы футбол алаңы күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Жалпы айтқанда, Шиелі ауданындағы спорт саласындағы атқарылған жұмыстардың бір парасын жазып өттік. 

Тағы да оқыңыз: