Kyzylorda-news.kz Қызылорда қаласында алғаш рет қазақтың рухы мен батыр болмысын дәріптеуге бағытталған «Қажымұқан жолы» атты республикалық турнирдің өңірлік іріктеу кезеңі ұйымдастырылды.
Алып күш иелерін анықтауды мақсат еткен спорттық шара төрт дүркін әлем рекордшысы Сергей Цырульниковтың авторлық бағдарламасымен жүргізілді.
Сондай-ақ, аталмыш шараның негізгі идеясын үйлестіруші, «Қазақстан спортшылар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Азамат Қарлығашов Қажымұқан Мұңайтпасұлының ел тарихындағы айрықша орны мен ерлігін дәріптеудің маңыздылығына тоқталып өтті. Сондай-ақ, сайысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, батыр бабамыздың жолын жалғап жүрген өрендердің қажыр-қайратына сенім білдірді.
Турнир барысында Қажымұқан Мұңайтпасұлының негізгі жаттығу әдістері көпшілікке көрсетілді. Көрермендер ұлы балуанның күш-жігерін паш еткен тарихи жаттығуларды тамашалап, ерекше әсерге бөленді.
Одан кейін жарыс қатысушылары 60-тан 100 килограмға дейінгі ауыр тастарды көтеріп, темірді майыстырып, білектің қуатын сынады. Сонымен қатар балуандар белдесуі өтті.
Жарыс соңында мықтылар арасында топ жарған жеңімпаздар марапатталып, арнайы сый-сияпатқа ие болды.
Ендігі кезекте жеңімпаз қатысушылар Астанада өтетін республикалық жарыстың ақтық кезеңінде күш сынасатын болады.
Фото: Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы