Kyzylorda-news.kz Спорт саласын дамыту – мемлекеттің басты стратегиялық бағыттарының бірі болып саналады. Себебі кәсіби және басым спорт түрлерін дамыту арқылы еліміздің халықаралық аренадағы беделі артып, ұлт саулығы қалыптасады. 

Осыған орай, күні кеше жаңадан ашылған «Достық үйінде» Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бахтияр Артаевтың төрағалығымен 2025 жылы спорт саласында атқарылған жұмыс қорытындысы туралы кеңейтілген Алқа отырысы өтті.

Жиынға басқармаға қарасты спорт мекемелерінің басшылары мен қызметкерлері,  облыстық федерация басшылары, қала және аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімдерінің басшылары, спортшылар мен жаттықтырушылар және БАҚ өкілдері қатысты. 

Алқа отырысының күн тәртібінде бірнеше мәселелер қозғалды. Атап айтқанда, 2025 жылы спорт басқармасының жалпы жұмыс нәтижесі, басқарма жанынан құрылған «Қамқоршылық кеңесінің» шешімдері, басқармаға қарасты спорт нысандарының қазіргі жай-күйі және өңірдегі спорт мекемелерінің 2025 жылғы нәтижелері, басым спорт түрлерінің даму деңгейі қаралды. 

Бірінші мәселе бойынша облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының бөлім басшысы Сағидат Талғатұлы 2025 жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндап, жалпы нәтижелерге тоқталып өтті. 

Осы ретте басқарма басшысы Бахтияр Артаев спорт саласын дамыту бойынша бірқатар тапсырмаларды міндеттеп, саланы одан әрі жетілдіруде тиімді ұсыныстарды ескеру керектігін атап өтті. 

Жақында басқарма жанынан «Қамқоршылық кеңесі» құрылған болатын. Аталған кеңестің шешімімен облыстың аға жаттықтырушылары тағайындалып, спортшылардың ай сайынғы шәкіртақысы қаралады және облыстық федерациялардың жұмысы талқыланады. Қазіргі таңда облыста 67 спорт федерациясы жұмыс істейді. Осы ретте, алқа отырысында республикалық федерация ұсынысымен және аталған кеңестің шешімімен бірнеше спорт федерацияларының президенттері тағайындалды. Атап айтқанда, облыстық бокс федерациясының президенті болып Жүсіпов Досхан Болатұлы, облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті болып Қожасов Нұрәлі Әділбекұлы және облыстық дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті болып Қозбақов Исламғали Айтуарұлы тағайындалды.

Осы ретте, республикалық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының бас хатшысы  Дамир Бекбосынов алдағы міндеттер мен жоспарларды баяндап, алдағы уақытта облыстық басқармалармен тығыз байланыста жұмыс жасалатынын айтты. 

Одан кейін жиында Бахтияр Ғарифоллаұлы басқармаға қарасты спорт мекемелерінің жалпы нәтижесін көтеріп, бюджеттік қаржыны тиімді пайдалануды, спорт нысандарын талапқа сай күтіп-ұстауды және олимпиадалық спорт түрлеріне басымдық беруді туралы қатаң түрде тапсырды. 

Жиын соңында 2025  жылы үздік нәтиже көрсеткен спорт мектептері, аудандық спорт бөлімдері, облыстық федерациялар, журналистер, жаттықтырушылар және спортшылар марапатталып, концерттік бағдарламамен қорытындыланды.

Спорт саласы кеңейтілген алқа отырысы.jpg

Тағы да оқыңыз: