Kyzylorda-news.kz Бүгінде «Грэпплинг» спорт түрі елімізде кеңінен танылуда. Оған дәлел барлық облыс, аудан орталықтарында грэпплинг үйірмесі жұмыс істеп, жасөспірімдерді аталған спорт түріне баулу қарқынды дамып келеді. Шиелі ауданында білікті бапкер Ербол Ермағанбетұлы арнайы грэпплингтен үйірме ашып, 3 жыл көлемінде тынымсыз еңбек етіп келеді. Нәтижесі де жаман емес. Әсіресе, мектеп жасындағы балалардың қызығушылығы артып, боз кілемде белдесудің қыр-сырын меңгерген жас өрендеріміз біршама белестерді де бағындырып үлгерді.

Жуырда Алматы қаласында грэпплинг - тен «TURKIC WORLD CHAMPIONSHIP 2024» халықаралық турнирі өтті. Білектілер белдесетін жарысқа Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Беларус, Түркия, Бразилия елінен келген 1700-ге жуық спортшы өзара бақ сынап, жеңімпаздар анықталды. Көпшілік көз тіккен турнир бәсекесінде арнайы «SHIELI FIGHTERS TOP TEAM» командасының спортшылары да өнер көрсетті. 

3 күнге созылған байрақты бәсеке тартысқа толы болғанын айтқан жаттықтырушы, олжасыз оралмағанын жеткізді. Нәтижесінде, Нуриддин Ахметжан, Асылжан Әбіласқар, Дамир Рахымжан, Ерсаин Нариман, Алижан Әбіласқар, Диас Мұрат жауырыны жер иіскемей І орынды жеңіп алса, Ирина Павловұлы, Нұрдос Бақыт, Саят Рысбек, Заңғар Рысбек, Нұрсұлтан Ғайниев жүлделі ІІ орынды қанжығаласа, Мағжан Қайрат, Нұрислам Ғайниев халықаралық додада ІІІ орынды місе тұтты. Ерінбей еткен еңбек пен төгілген адал маңдай тердің босқа кетпегенін дәлелдеген жас спортшылар Алматының төрінде, Шиелі ауданының намысын абыроймен қорғап қайтты.

Тағы да оқыңыз: